- Advertisement -

Ұлт болашағы үшін жасалған ұлағат ты қадам

175

- Advertisement -

Жаңа сандық дәуір қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан әлемдік өркениет көшіне қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралы – латынға негізделген қазақ әліпбиіне көшу бәрінен маңызды. Себебі халықаралық терминдер және ғаламдық стандарттардың барлығы латын графикасына негізделген. Әрі әртүрлі халықтар мен олардың мәдениетін тануға да жол ашады.
Біздің латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу үдерісіміз өте сәтті басталуда. Мемлекет басшысы өткен жылдың 19 ақпанында латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиінің редакциясын бекітті. Енді қазақ тіліне ғана тән төл дыбыстарымыз апострофсыз жазылады. Шынын айту керек, қазақ әліпбиінің бірінші жобасында бірқатар кемшіліктер болды. Сол себепті, тіл мамандары 8 әуезді дыбысты апострофсыз жазуды ұсынды. Қазақтың бай тіліне алғашқы нұсқаның сәйкестендірілуі екіталай еді. Филологтерді зерттеу жұмыстарын жүргізуге итермелеген де осы жағдай. Бұған Қазақстанның жоғары оқу орындары түгелдей дерлік атсалысып, кез келген мәтіннің 100 сөзінің 75-і апостроф арқылы жазылатынын дәлелдеп берді.
Қазір әлемнің 112 мемлекеті латын қарпін, 48 мемлекет араб жазуын қолданады екен. Экономикасы дамыған озық 30 мемлекеттің 22-сі латын ғарпінде жазып, оқытады. Ал ең көп сілтеме жасалатын ғылыми мәтіндердің 61 пайызы латын, 2,7 пайызы кириллицамен таңбаланған. Біз ғылым мен білім кеңістігіне жол ашатын бағытты таңдауымыз қажет.
Латын графикасына негізделген әліпбиге көшу – ұлт болашағы үшін жасалып жатқан іс. Бұл жастарымыздың әлемнің ақпараттық кеңістігіне еркін кіруіне, озық технологиялар мен компьютер тілін меңгеруіне жол ашпақ. Латын графикасымен жазуды қазірден бастап қолға алып жатқан басылымдар көп. Солардың қатарында облысымыздың айнасы – «Аq jol» газеті де бар.
Тіл – ол бірегей мәдени-әлеуметтік код және ұлтты біріктіруші. Елбасы Жолдауында балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізуді, жаңа білім бағдарламаларын меңгеруге қабілеттілікті арттыру қажеттігін атап көрсетті. Негізі қабылданып отырған жаңа әліпби білім жүйесін жаңартуды талап етеді.
Сонымен қатар латын әліпбиі жазу құралынан бөлек, түркі тілдес халықтарды бір-біріне жақындастыруда үлкен рөл атқармақ. Біз шет мемлекеттердегі қазақ халқы мен өзге де ұлт өкілдерінің латын әліпбиі арқылы мемлекеттік тілді оңай үйренуіне жол ашамыз. Сондай-ақ бұл болашақта қазақ жастарының әлемдік кеңістікке шығуына, білім додасында өзгелермен терезесі тең қалыпта бақ сынасуына мүмкіндік береді. Ал осы арқылы орыс тіліне, орыс әлеміне тәуелді болудан құтылып, ұлттық бет-бейнемізді әлемге жаңа қырынан таныта түспекпіз.
Ал ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім. Рух бойға міндетті түрде тіл арқылы дариды.

Махаббат НИЕТБЕКОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
мектеп-гимназиясы қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support