- Advertisement -

Балабақшаларға электрондық кезек қойылуда

50

- Advertisement -

Сала ісін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламадағы нысаналы индикатордың бірі – мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесін арттыру. Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтудың арқасында бүгінде бұл көрсеткіш 97,1 пайызды құрап отыр. Қазіргі кезде республика бойынша ортақ меже 95,2 пайызға жеткенін ескерсек, осы бағыттағы жұмыстың едәуір жандана түскенін аңғаруға болады.Жыл басынан бері облыста 40-тан аса мектепке дейінгі ұйым ашылып, пайдалануға берілді. Осы желтоқсан айының өзінде 20-ға жуығы ашылады деп көзделген. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоспар толық орындалғанда балалардың қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жетпек. Бұл өз кезегінде балабақша кезегі мәселесін оң шешуге ықпал етері сөзсіз. Биыл жаңадан ашылған орындар есебінен кезек өткен жылмен салыстырғанда 7 мыңға кеміп, 1873-ті құрапты.
Балабақша кезегі демекші, өңірімізде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау және жолдама беру жүйесі автоматтандырылған. Бұл бастама негізі өткен оқу жылында қолға алынған болатын. Жалпы былтыр Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алып, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарлама шеңберінде көрсетілетін қызметтер жаңа жүйеге көшіріліп, азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Соның арқасында балабақшаға жолдаманы мобильдік құрылғыларды қолдану арқылы алуға мүмкіндік туып отыр. Жаңа жүйе ұзын-сонар кезектің жылжуын тездетеді әрі жең ұшынан жалғасатын жемқорлықтың жолын кеседі.
Бүгінде біздің елімізде экономиканың кез келген саласына қажетті бағдарламалардың барлығы бар. Соның бірі – «Балапан». Тәуелсіздік алған жылдары облыста 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, аталған бағдарлама іске қосылғалы балабақшалардың саны артты. Бұған соңғы жылдарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нығайғаны да әсер етіп отыр. «Бүгінгі күні өңірде 527 мектепке дейінгі мекеме бар. 27 жылда 15,5 есеге артты. Облыста 377 балабақша және 150 шағын орталықта 53932 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 82,9 пайызды, 3-6 жас аралығында 97,7 пайызды құрағаны – сала ісін жетілдіруге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жемісі», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
2019 жылы облыста 29 балабақша ашу жоспарланып отырған көрінеді. Көздеген межеге қол жеткізгенде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 100 пайыз қамту туралы Елбасы тапсырмасы толық орындалады екен.

Ардақ Үсейінова

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support