- Advertisement -

КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

528

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бірінші бағытында кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың нақты қадамдарын айқындап берді. Оның алғышарты мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртудан басталатынын да атап көрсетті. Бұл міндеттер өз кезегінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр. Қызметшінің еңбегіне қарай жалақы төлеу жүйесі енгізілді. Соның арқасында жастардың мемлекеттік қызметке орналасуға деген ұмтылысы артты.
Жалақы төлеудің жаңа жүйесінің тиімділігін қазірдің өзінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Атырау облысындағы мемлекеттік қызметшілер айқын сезініп отыр. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу жөніндегі жаңа пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба шеңберінде лауазым өкілеттіктерін орындауды бағалауда факторлық-балл шкаласы енгізілді. Енді айлық жалақы мөлшері қызметшінің өкілеттігіне, шешілетін мәселелердің күрделілігіне және әрбір қызметшінің нәтижеге қол жеткізудегі жауапкершілігіне байланысты айқындалады.
Бүгінде мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды. Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында атап көрсеткен мемлекеттік қызметке орналасуды кешенді іріктеу мен төменгі лауазымдардан бастау және мансаптық ілгерілетуді жұмыс тәжірибесі мен конкурстық негізде жүзеге асыру тапсырмасы жүзеге асуда. Мемлекет басшысы бұл мәселеге «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да айрықша тоқталған. Бас құжаттың бүтін бір бөлімі дәл осы тақырыпқа арналған.
Мәселен, Жолдаудың «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» деп аталатын төртінші бөлімінде Президент: «Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі» деп, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласындағы ойды толықтыра түскендей. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру мәселелеріне барынша көңіл бөліп отыр.
Расымен де, осынау қысқа мерзімде мемлекеттік қызметшілер мен қоғам арасындағы байланыс нығая түскенін байқаймыз. Қазіргі кезде аудан әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан деуге толық негіз бар. Жергілікті әкімдік бұл бағытта өз міндеттері мен функциялары аясында жүйелі жұмыс істеп келе жатыр. Бірінші кезекте, аудан әкімдігінің ресми сайты тұрақты жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Аталмыш сайттан ауданымызбен қатар, еліміздің кез келген тұрғыны аудан әкімдігіндегі бөлімдер мен мемлекеттік қызметтер туралы мағлұмат ала алады. Жыл басынан бері аудан әкімінің блогына тұрғындар тарапынан 24 сұрақ түсіп, барлығына тұшымды жауаптер берілуі – соның дәлелі.
Сонымен қатар биыл қыркүйек айынан бастап аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастамасымен әкімдік ғимаратында арнайы медиа кабинет ашылып, баспасөз орталығы құрылды. Төрт айға жуық уақыттан бері әр аптаның сенбісінде арнайы бекітілген жоспарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде тұрғындардың сауалдарына жауап беріп келеді.
Алғашқы эфирге аудан әкімі Қайрат Досаев қатысты. Бүгінгі күнге дейін оннан аса тікелей эфир ұйымдастырылды. Оның алтауында мемлекеттік қызметкер азаматтармен тікелей байланысқа шығып, көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға ауызша және жазбаша түрде жауап берді. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатудағы мақсатымыз – заман талабына сай бейімделу, әлеуметтік желінің белсенді мүшелерінің және көпшілік көкейіндегі сұрақтарға ұтқыр жауап беру. Бұл қадам Елбасы мақаласында айтылғандай жұртшылықпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жандандыра түсетін боламыз.
Қазіргі кезде аудан бойынша 221 мемлекеттік әкімшілік қызметкер бар. Елбасы Жолдауда мемлекеттік аппарат сапасын арттыру мақсатында жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыруды тапсырды. Бұл міндет біздің ауданда да жақсы орындалуда. Аудандағы мемлекеттік қызметкерлердің 42,6 пайызы 35 жастан жоғары болса, 19 бен 35 жас аралығындағылардың саны 57,4 пайызды құрап отырғаны – соның көрінісі. Бұл – Елбасының «Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары» деген сөзін айғақтай түседі.
Соңғы жылдарда аудан әкімдігі мен оған қарасты бөлімдерде және ауылдық округтерде жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары да жыл санап артып келеді. Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметшілердің 198-і жоғары білімді мамандар болса, қалған 23-і орта білімі барлар. Білікті кадрлар еңбегінің лайықты бағаланатыны мемлекеттік қызметтен өз еркімен кетіп жатқандардың санын төмендетіп отыр. Мысалы өткен жылы 15 қызметкер өз еркімен жұмыстан босатылған болса, биыл небәрі 5 маман қызметтен кетті.
Ұлт Көшбасшысы Жолдауында: «Еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық бердім. Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды. Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отыр» деді. Бұл – шындық. Қазір аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметшілерге факторлы-балдық шәкіл негізінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу мақсатында штаттық бірліктерді оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының жаңа кезең жағдайында азаматтар сұранысына бейімделген аппарат құру міндеті әрбір мемлекеттік мекеменің басты ұстанымы болуы қажет. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан Елбасы тапсырмалары мен алдағы міндеттердің жауапкершілігін әрбір қызметкер жете түсінуі керек. Біздің қызметкерлер артылған мақсат-міндеттердің үдесінен шығып, азаматтар сұранысына бейімделген жоғары кәсіби мемлекет құруға барынша атсалысатынына сенім мол.

Төленді БОТАБЕКОВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support