- Advertisement -

Ауылға қамқорлық азаймайды

63

- Advertisement -

Бұған «Жастар. Ауыл. Жаңғыру» атты жастар форумында көзіміз жетті

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді саралап, алдағы атқарылар ауқымды шараларды талқылау мақсатында «Жастар. Ауыл. Жаңғыру» атты ІІІ облыстық жастар форумын ұйымдастырды.

Өңірдің патриот жастарының басын қосқан форумды партия филиалының төрағасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ашты. Мемлекет басшысының Жолдауда айқындап берген міндеттері мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы төңірегінде ой қозғаған ректор «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен «Ұлы Даланың жеті қыры» рухани құндылықтарымызды біріктірген үштаған екенін айтып өтті. Осыған орай оқу орнында музей, кітапхана, орман шаруашылығы мен жылу жүйелеріне қатысты 5 мамандықтың ашылуы жоспарланып отырғанын жеткізген Ерболат Байұзақұлы көпшілікті форумның ашылуымен құттықтады.
Жастар жиынында профессор, филология ғылымдарының докторы Қасиет Кәкенұлы мемлекет алдындағы маңызды мәселелердің бірі латын графикасына көшу тақырыбын қозғап, бірқатар мәселелерді талқыға салды. Ұлттық комиссия мүшесінің сөзіне сүйенсек, қазір емле ережелері бекітілген. Алайда латынша жазылатын әліпби графикасының жобасы түрлі ұсыныстарға қатысты көктем мезгілінде тағы да өзгеруі ықтимал екен.
Жиында көтерілген мәселелерге байланысты облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов өз ой-пікірін ортаға салды. Латын графикасына көшу ел жастары үшін жасалып отырған жағдай, жарты әлем күтіп отырған жаңалық екенін айтып өтті
Ортаға шығып, ортақ мәселе жөнінде пікірін жеткізгендер арасында ТИГУ-дің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Назгүл Әбітаева да болды. Ол бүгінде елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жастарға қандай мүмкіндіктер беретініне тоқталып, тәуелсіздік алғалы бері қол жеткізген жетістіктерімізді әңгімеледі.
Ал «Әзіл әлемі» театрының актері Арман Жаналиев жастар үшін аға бауынның қолдау көрсетуі маңызды деген ойын алға тартты. Қамқорлық – мейірімділіктің бастауы екенін, «балам деген жұрты барда, елім дейтін ұрпақ өсетінін» сөз етті. Жиында осы білім ошағынан түлеп ұшқан Сезім Тілеуқұл мен Никита Есенков қазір ғылым, білім қуған жастар талай белестерді бағындыра алатынын, болашақ тек саналы ұрпақтың қолында болатынын айтты.
Форумда ТИГУ-дің физика мамандығының 1-курс студенті Нұрсая Айниязова өзінің «Эпоксидті смола» жобасын көпшілікке таныстырған соң, партияның ұйымдастыруымен жарық көрген «Алтын тұғыр» үш томдығының тұсауы кесілді.
Форум соңында үндеу жолданып, «Атамекен» әні шырқалды.
– Дамыған 30 іргелі елдің қатарына ену – мақсатымыз. Сондықтан халқымыздың жарты бөлігі ауылды жерде тұратындығын ескеріп, елді мекендерді өркендету қажет. Біздің басты ұстанымымыз да «Ауылдың көркеюі – елдің көркеюі». Ал басты міндетіміз – ауыл мәдениеті, тұрмысы, спорты сияқты салаларды кешенді дамыту.
Келесі жылы «Жастар жылы» болмақ, сол себепті алдағы жылы жастарға арналған волейбол, пікірсайыс, көңілді тапқырлар ойыны сияқты іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ оларды экономикамызға үлес қосып отырған кәсіпорындарға апарып, кәсіпкерлер жұмыстарымен таныстырып, семнинарлар өткізу арқылы еңбекке баулимыз, – дей келе, филиал төрағасы мұндай іс-шаралар легі мұнымен толастамайтынын жеткізді.


Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support