- Advertisement -

Белсенді ұрпақ бәрін жеңеді

88

- Advertisement -

– Айнұр Қамшыбайқызы, жыл аяқталуына да санаулы күндер қалды. Биылғы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– Жүз мыңнан аса тұрғыны бар ауданда «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырған Жастар ресурстық орталығы бүгінгі күнге дейін ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Нақты статистикалық мәлімет бойынша ауданымызда 14 пен 29 жас аралығында 22518 жас бар. Бұл барлық аудан тұрғындарының 22,5 пайызын құрайды. Осының өзі жастардың үлкен күшке айналып үлгергендігін аңғартса керек-ті. Осы орайда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында жергілікті қазынадан биыл 54 миллион 632 мың теңге бөлінгенін айта кету керек. Бұл – жастарға деген қамқорлықтың бір көрінісі.
Жастар ресурстық орталығы биыл 169 спорттық, 147 мәдени, 209 кездесу, 57 акция және 79 жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, кеңес беру мақсатында дөңгелек үстел, түрлі жиындар өткізіп, оған 31588 жас қатысты. Өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтын насихаттау да орталықтың назарынан тыс қалған емес. Бүгінгі күні ауданымызда барлығы 209 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның біреуі – спорт кешені, 2 стадион, 72 футбол алаңы, 61 спорт залы, 71 спорт алаңшасы және басқа да нысандар бар. Оларға кіру тегін. Тіпті білім ошақтарының спорт залдарына арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына оңтайлы жағдай жасалған. Яғни ел мүддесін бірінші орынға қоятын адал буынды тәрбиелеу жолында біздің орталық бірқатар шараларға бастамашы болды десем артық айтқандық емес.
– 2019 жылы – «Жастар жылы». Бұл келер жылдың аса белсенді өтетінін аңғартса керек. Бірақ облыс әкімі жастарды жалаң науқаншылдықтан, мазмұнсыз жиындардан арылып, нақты жұмыспен айналысуға шақырып отыр. Сонымен бірге, аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының жұмыс істеу механизмін жетілдіріп, жандандыру керектігін де тілге тиек етті. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, келесі жыл біз үшін маңызды жыл болмақ. Маңыздылығымен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр. Расымен де, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күнге дейін өткізіліп келген байқаулар мен дөңгелек үстелдер сынды түрлі іс-шаралардың санын мейлінше азайтып, саннан сапаға көшпекпіз. Жыл аяғы таяп қалғандықтан, келесі жылдың жоспарын әзірлеудеміз. Осы орайда, өткен және биылғы өткізілген іс-шараларға талдау жасап, жастардың сол шараларға қатысу көрсеткішін анықтап, тиісінше жастар тарапынан қолдау таппаған іс-шаралар мен түрлі басқосуларды келесі жылдың жоспарынан қысқартпақпыз. Оның орнына жаңа бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Мәселен, алдағы жылы ауданымыздан шыққан атақты спортшылар мен жазушылар, басқа да танымал тұлғаларды арнайы шақырып, кең ауқымды фестиваль өткізуді жоспарлап қойдық. Олар аудан жастарына өз салалары бойынша шеберлік сағаттарын өткізсе, дұрыс. Бұған қоса, аталмыш фестивальды екі жылда бір рет өткізіп, оны өзге аудандарға эстафета ретінде жолдасақ дейміз. Әрине, бұл жоба басшылық тарапынан қолдау тапса, жоғары деңгейде өткізуге болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлімдермен бірлесе жұмыс істеп, ортақ іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Жыл сайын облыс көлеміндегі жаяу тартыс, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізіліп жүрген дәстүрлі жарыстарымызды қысқартпауды жөн көріп отырмыз. Аталған спорт түрлері бүгінгі күні ұмытылып бара жатқандықтан, оның жастар үшін маңызы зор деп ойлаймын. Ал Жастар ресурстық орталығының жұмысын жандандыру керек дегенге келер болсақ, Шу ауданындағы жағдай бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарды деуге болады. Дәлірек айтқанда, аудан әкімдігі біздің орталықтың материалдық-техникалық базасын жетілдіру мақсатында өткен жылы ғимарат бөліп беріп, екі бірдей автокөлікпен қамтамасыз етті. Қазір орталықта 42 адам жұмыс істейтінін ескерсек, қызметкерлер саны бойынша да өзге аудандармен салыстырғанда алдыңғы қатардамыз.
– Жасыратыны жоқ, жастарға арналған іс-шаралардың дені студенттер мен мектеп оқушыларына бағытталған. Ал ауданның өнеркәсіп саласында, мемлекеттік қызметте және түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастар қаншалықты қамтылуда?
– Дұрыс айтасыз, біздегі іс-шаралар кестесі түрлі бағытта болғандықтан, ерте жүктілік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында шараларды көбіне-көп колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткіземіз. Алайда бұл аудандағы өзге де жастар назарымыздан тыс қалды деген сөз емес. Айта кету керек, ауданның экономикалық дамуы мен өркендеуіне үлес қосып отырған ірі кәсіпорындардың бірі – темір жол саласы. Бұл салада барлығы 640 жас тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ ауданымызда 227 мемлекеттік қызметші бар болса, оның 70-ке жуығы – жастар. Орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметте немесе кәсіпорындарда тағы да басқа мекемелерде жұмыс істейтін жастарды қамтып, оларға арналған көптеген іс-шаралар өткізу – біздің тікелей міндетіміз. Мәселен, жыл сайын түрлі мекемелерде жұмыс істейтін жастардың басын біріктіру мақсатында биыл төртінші жыл қатарынан кіші футболдан турнир өткіздік.
Бұдан бөлек, аудандағы жас аналардың арасында өтетін «Бесік жыры» байқауын биыл алтыншы мәрте ұйымдастырдық. Сондай-ақ мектеп оқушыларының арасында қалам ұстауға бейімі бар оқушылар мен жас ұстаздар арасында өтетін «Жас қаламгер» байқауы бар. Бұл шаралардан ауыл жастары да тыс қалып отырған жоқ. Жастар ресурстық орталығының аудандағы барлық ауылдық округте жастар ісі жөніндегі инспектор мамандары жұмыс істейді. Сол мамандарымыз өз ауылдарының жастары спорттың қай түріне бейім болса, сол түрі бойынша іс-шаралар өткізіп тұрады.
– Биыл алғаш рет қолға алынып отырған «Zhas Рrojeсt» жобасы ел жастарына үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Аталмыш жоба туралы айтып өтсеңіз. Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар бұған қаншалықты атсалысуда?
– Рас, бұл жоба жастар үшін үлкен жаңалық болды. Оған аудандағы 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар 65 жоба өткізді. Соның 28-і қолдау тапты. Грант иегері атанған 28 жастың 3-еуі белгілі себептерге байланысты өз жобаларынан бас тартты. Осылайша, бүгінгі күні ауданда «Zhas Рrojeсt» жобасы бойынша 25 жас өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Біз бұл жобаға жұмыссыз, жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жастарды қамтуға барынша тырыстық. Қазіргі кезде олар ауданымыздағы жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуде. Біз ол жастарға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен жағдайы төмен отбасылардың тізімін алып бердік. Яғни олар өздерінің жобаларына сәйкес, өндіріп жатқан өнімдерін жарты жыл бойы тегін тарататын болады. Сонымен қатар келесі жылы дәл осы 25 грант иегерлері өз кәсіптерін әрі қарай дамытуы үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберіп, «Bastau бизнес» жобасына қатыстыруды көздеп отырмыз. Аталған жобаны жүзеге асыру жағынан өзге аудандармен салыстырсақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан кейін үшінші орында тұрмыз.
– Жұмыссыз жастар туралы айтып қалдыңыз. Қазір екі қолға бір күрек табылады деп жүрген жастар жетерлік. Осындай жастарды жұмыспен қамту жағы қалай шешілуде?
– Біз жастармен тікелей жұмыс істейтін орталық болғандықтан, жұмыссыз жастарды әрдайым назарда ұстауға тиіспіз. Биыл жұмыссыздықты азайту мақсатында аудан әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, 4 рет бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Тұтастай алғанда, биыл 1450 жас жұмыспен қамтылса, соның 789-ы бос жұмыс орындарына, 301-і «Жастар тәжірибесіне» 16-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 161-і қысқа мерзімді оқыту курсына, 57-і кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберіліп, қалған 95-і дәл осы жәрмеңке арқылы жұмысқа орналасты.
Ал орталыққа жұмыс сұрап келген жастарды аталмыш бөлімге жіберіп, жұмыссыз ретінде тіркеп, олардың жұмыспен қамтылуына барынша атсалысамыз. Яғни тіркеуде тұрған жастардың қайта даярлауға, қысқа мерзімді курстарға барғанын бақылауда ұстап, қадағалап отырамыз. Сонымен бірге, бізде «NEET» жастар бар. Бүгінде еш жерде тіркеуде тұрмаған, оқымаған және жұмыссыз жастардың саны 16-ға жетіп отыр. Мақсат – олардың санын азайту. Ауылдық округтердегі инспекторларымыз сол ауылдың әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, жұмыссыз жастарды әрдайым бақылауда ұстайды. Сондай-ақ аталмыш мәселеге қатысты Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бекітілген арнайы индикаторымыз бар. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша индикаторларды толық орындадық. Жастар ресурстық орталығында аудан жастарына кеңес беру орталығы мен сенім телефоны жұмыс істейді.
Жалпы біздің орталық жастар арасында өткізілетін іс-шаралар, индикатор және басқа да салалар бойынша өзге аудандармен салыстырғанда алғашқы үштіктен түскен емес. Мысалы, биыл жарты жылдықта алға шықтық. Жыл соңына дейін осы межені сақтап қалуды көздеп отырмыз.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі жас буын қандай болу керек?
– Кез келген жастың бойында асқақ арман мен ұлттық мүдде бірінші орында болуы тиіс деп ойлаймын. Ол ұдайы ізденіс үстінде болуы қажет. Бүгінгі заманның талабы да осы емес пе?! Сол үшін де әрдайым жаңашылдыққа ұмтылудан, үйренуден жалықпаған абзал. Әрбір жас алдына нақты мақсаттар қойып, соған жету жолында аянып қалмағаны жөн. Қорыта айтқанда, барлық істе елдің болашағын алдыңғы қатарға қойып, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға күш салып, бірлесе еңбек етуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ерғали ҚАРТАЙҒАН.

Шу ауданы.

Қазіргі қоғамдағы өткір мәселенің бірі – немқұрайдылық. Немкетті көзқарас айналамыздағы болып жатқан оқиғаларды саралап, бағалауға кедергі келтіреді. Ал қоғам алға ілгерілеуі әрі оған негіз болатын реформаларды табысты жүзеге асыру үшін азаматтардың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. Әсіресе жастардың серпілісі аса қажет. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында атап көрсеткендей, жас буынның белсенділігін арттыруға күш салуымыз керек.
Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын түсінгенде ғана оны іске асыру үшін жұмылған жұдырықтай бір болары анық. Ортақ мақсат пен міндет қана елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды табысты етеді. Ал мемлекетшіл сана отбасылық құндылықтар жоғары бағаланатын елде ғана қалыптасатыны белгілі. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс», – дей келе, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынуының мәні осында.
«Жастар жылынан» жамбылдық жастар не күтеді? Осы сауалды аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Рахымбаеваға қойып, шулық жастардың бүгінгі жай-күйі, сондай-ақ алдағы жылы қолға алынғалы жатқан жобалары туралы әңгімеге тарттық. Ауылдағы жұмыссыз жастардың жайын сөз еттік…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support