- Advertisement -

ҚЫЛМЫС САНЫ ҚЫСҚАРЫП КЕЛЕДІ

52

- Advertisement -

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында еліміздегі түйткілді мәселелер көтеріліп, соның арқасында түрлі салаларда тиянақты тірліктер қолға алынып, олардың оң шешімін табуға барынша күш жұмсалып келеді. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында да ел тұрғындарының тұрмысы түзеліп, кедейшілікті болдырмау мен мектепке дейінгі білім беру салаларына баса назар аударып, сонымен бірге құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби жетілдіру мен жоғары деңгейлі мамандарды ғана қызметте қалдыру мәселесін көтерді.
Жолдауда «Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды» деп атап көрсетті. Осыған орай біз мазасыз да, жауапты қызметпен жете танысу мақсатында Шу аудандық полиция бөліміне атбасын бұрған едік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданы бүгінгі күнге дейін қылмыс көп жасалатын аудандардың бірі саналып келді. Өйткені бұл өлке қарасораны жинауға, қайта өңдеуге және еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына өте ыңғайлы жерде орналасқан. Сол себепті де бұл аймақ өңіріміздегі криминалдық жағдайға өз ықпалын тигізетін үлкен аудандардың бірі болып есептеледі. Алайда аудандық полиция бөлімінің берген мәліметіне сүйеніп, олардың жұмысына сараптама жасасақ, өткен жылмен салыстырғанда жағдай біршама жақсара түскен сыңайлы. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, ішімдік пен нашақорлықтан сақтандыру, қылмыс пен заң бұзушылықтарды болдырмау үшін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылыпты. Бұл мақсатта «Құқық-тәртіп», «Іздеу», «Пәтер», «Жасөспірім», «Тұрмыс», «Автобус» және «Борышкер» сынды жедел алдын алу шаралары дер кезінде жүргізіліп, қылмыс санының азаюына өз септігін тигізген. Дәлірек айтар болсақ, үстіміздегі жылдың 11 айында жалпы тіркелген қылмыстың саны өткен жылға қарағанда 7,3 пайызға төмендепті. Былтыр ауданда 505 қылмыс орын алса, биыл 468 қылмыс тіркеліп, оның ашылу көрсеткіші 67,4 пайызға жеткен. Әлбетте бұл Шудағы қылмысқа қарсы күрестің барынша күшейтілгенін білдірсе керек-ті. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмаз Көпбаевтың айтуынша, қазіргі кезде аудан бойынша 164 құқық қорғау қызметкері халық үшін қалтқысыз қызмет етуде екен.
Ал жекелей айтар болсақ, ауыр дәрежелі қылмыс, тонау қылмысы, пәтер ұрлығы, ұялы телефондар ұрлығы сынды қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір азайған болса, үстіміздегі жылы қарақшылық пен ауыр дәрежелі зорлау қылмысы мүлде тіркелмеген. Айта кету керек, жаз айларында Шу қаласындағы көп қабатты үйлерде аз уақыттың ішінде бірнеше пәтер тоналып, жергілікті тұрғындар үрей үстінде жүрген болатын. Осыған орай, аудандағы құқық қорғау қызметкерлері халық арасында үлкен резонанс тудырған осы бір қылмысты көп ұзамай ашып, қылмыскерлерді ұстап, өздерінің кәсіби болмысы мен іскерліктерін көрсете білді. Сондай-ақ дәл осы пәтер ұрлығы бойынша өткен жылы 67 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 23 қылмысқа төмендеп, оның ашылу деңгейі 61,3 пайызды құраған. Тиісінше, алдағы уақытта қылмыстың ашылу деңгейін көтеру мақсатында қосымша жоспарлар құрып, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша жедел топтар құрылып, қазіргі уақытта көпшілік орындарда жедел алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі күнге дейін облыс орталығынан шалғай орналасқан шулықтарды ауылдағы мал ұрлығы қатты алаңдатып келген еді. Өйткені өткен жылы дәл осы мал ұрлығы бойынша 30-дан аса қылмыс тіркелген болатын. Қорасындағы малымен жанын асырап отырған ауылдағы ағайынға мұндай жағдай ауыр соққаны анық. Десе де құқық қорғау қызметкерлерінің өткен жылдан сабақ алып, ағымдағы жылы осындай қылмыстардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізгендіктерінің арқасында биыл қылмыс саны бірден 19-ға төмендеп отыр. Осылайша үстіміздегі жылдың 11 айында аудан бойынша мал ұрлығымен тіркелген қылмыс саны небәрі 13-ке жетіп, қылмыстың ашылу деңгейі 8,8 пайызға артқан. Әлбетте бұған аудандық полиция бөлімінің басшылары аймақтағы әр елді мекенге учаскелік полиция қызметкерлерін тағайындап, оларға қолғабыс ретінде, қылмыстың алдын алу және болған қылмыстарды дер кезінде ашу мақсатында ауыл тұрғындарының ішінен 10-нан аса сақшылар тобын құруы сеп болып отыр.
Рас, елімізде құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам құру және адам құқығының толық қорғалуы – құқық қорғау қызметкерлері алдында тұрған өте жауапты міндет. Өз кезегінде, Шу аудандық полиция бөлімі мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін қазіргі талапқа сай атқарып келеді деуге әбден болады. Себебі аталмыш сала қызметкерлері, яғни учаскелік полиция инспекторлары жергілікті әкімдікпен бірлесіп, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселелерге талдау жасау мақсатында ауылдық округтерде жиі-жиі басқосулар өткізіп тұратын көрінеді. Бүгінде аталған шаралар өз жемісін беріп те келеді. Оны төмендегі мәліметтерден анық байқауға болады. Өткен жылы қоғамдық орындарда 99 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 17-ге төмендеген. Еліміздің құқық қорғау органдары, әсіресе полиция қызметкерлері өздерінің басты міндеті халыққа қамқорлық жасай алу мен оларды қауіптен, небір заңсыздықтардан қорғай білу екендігін жақсы түсінуі қажет. Көшеде қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын қызметкердің міндеті билік соғу емес, тәртіп орнауы үшін қызмет ету болып табылады. Өйткені бұл қазіргі кезде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің қатарына жатады. Расымен де, бүгінгі таңда көше қылмысы қоғамға тікелей әсер ететіндіктен, оған бейжай қарауға әсте болмайды. Міне, осыны ескерген шулық полицейлер көшелерде орын алған қылмыстың санын өткен жылға қарағанда біршама азайтыпты. Оған қоса, кәмелеттік жасқа толмағандар мен топтасқан түрде жасалған қылмыстардың саны да едәуір төмендепті. Осы тұста ерекше атап өтетін жайт, күн сайын республика бойынша мас күйде жасалған 2-3 ауыр қылмыс тіркеледі екен. Олар, әсіресе отбасылық жағдайда көп кездеседі. Статистикалық мәліметтерге сенсек, елімізде жасалатын дәл осындай қылмыстың 14 пайызының себебі – маскүнемдікте жатқан көрінеді. Бұл ретте шулық құқық қорғау қызметкерлерінің аудандағы мас күйінде жасалатын қылмыстың алдын алудағы алғырлығын атап өткен жөн. Мысалы, 2017 жылы мұндай қылмыстың саны 71 болса, биыл бұл көрсеткіш 56-ны құрап отыр.
Жасыратыны жоқ, ел ішінде полиция қызметкерлері туралы ала-құла пікір айтып, олар өз міндеттерін жетік білмейді дейтіндер де табылады. Ал әділдігіне жүгінсек, талайларды тәубесіне түсіретін де, қауіп-қатердің ортасында жүретін де, қылмыскерден қорғайтын да, әлсізге зорлық қылдырмайтын да құқық қорғау қызметкерлері екені белгілі. Тек олар кәсіби қызметінде немқұрайдылық пен әділетсіздікке және білімсіздікке бой алдырмаулары қажет.
«…Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деп Елбасы Жолдауда атап көрсетті. Бүгінде ауыл тұрғындарының тыныштығына жауапты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Мемлекет басшысы жүктеп отырған зор жауапкершілік пен міндетті сезіне отырып, алдағы уақытта да, кәсіби қызметтерінде кемшіліктерге жол бермей, халық үшін қалтқысыз еңбек етеді деген сенімдеміз.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support