- Advertisement -

Қазақтың Ақбас сиырының тұқымы елге жеткізілді

426

- Advertisement -

Көршілес Ресей Федерациясымен қарым-қатынастың жақсара түсуі ел экономикасының дамуына да оң ықпал етіп отыр. «Өз бидайымызды өзімізге қуырып» берді десек те, ресейлік кәсіпкерлердің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында 112 бас қазақы ақбас сиырымызды сатып әкеткенінің енді өзімізге пайдасы тиіп отыр.
Жуырда елден-елге асып кеткен қазақы ақбас сиырларымыздың тұқымы 70 құнажын елге жеткізілді. Аудандағы «Бақнұр» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Шоқаев мұндай мүмкіндікке «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізген. Бүгінде көрші елден сатып әкелінген мүйізді ірі қара малы 25 күндік карантиндік бақылауға қойылыпты. Олар одан әрі Мойынқұм өңіріндегі мал жайылымы теліміне жеткізілмек. Ресей жерін иен жайлап өсіп-өнген ақбас сиыр тұқымы «атақоныстарын» жерсініп, бауыр басып кете ме, жоқ па? Кәсіпкер көңілін күпті еткен бір сауал – осы.
Осыған байланысты шаруашылық меңгерушісі Әскербек Шоқаевты сөзге тартқанымызда, ол:
– Ата-бабаларымыздың ақбас сиыр тұқымына текке аңсары аумаса керек-ті. Олардың дене тұрқы да ірі келеді, әрқайсысының салмағы – орта есеппен 430-500 келі аралығында. Бағалары да олқы емес. Біреуінің өзі 650 мың теңгеге бағаланып отыр. Құнажындарды Ресейдің Алтай өлкесіндегі Локповский ауданына қарасты Покровка елді мекенінен арнайы жабдықталған автокөлікпен алып келдік. Малдың үш күндік алыс жолға шыдас беруі үмітімізді үкілей түсті. Ендігі мақсатымыз – олардың басын өз төлі есебінен көбейту. Айтпақшы, мұның алдында Солтүстік Қазақстан облысынан осы тұқымдас бұқаларды сатып әкелгенбіз, – деді.
Осы тұста біз Әсекеңе:
– Құнажындарыңыз өзге өңірде туып-өсті. Жерсінер ме екен? – деген сауалды қойдық.
– Міне, сондықтан да жастауын сатып алдық. Оның үстіне бұл құнажындардың қанында қазақы малдың иісі бар емес пе? – деген.
– Мал сатып аларда олардың денсаулық жайын да ескерген боларсыздар?
– Әлбетте, қыруар қаржыға түскен соң, малдың ауру еместігіне көз жеткізбей болмайды. Ресейліктер де карантиндік бақылаудан, яғни мал дәрігерлерінің жіті қадағалауынан өткізген. Әрқайсысының паспорты бар, құлақтарына сырға, чип салынған. Қазір де өзіміздің мал шаруашылығы мамандарымыз мұқият тексерістен өткізуде, – деді шаруашылық меңгерушісі.
Жолбасшымыз, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Зағипа Әуелбаева да өз тарапынан ризашылығын жеткізіп, қожалық басшыларының берекелі ісіне сәттілік тіледі.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support