ASTANA MEDIA WEEK – 2018

149

Қыркүйектің 26-28 күндері аралығында Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» медиа-апталығы өтті. Үш күнге созылған шараға елімізден және алыс-жақын шетелдерден медиаиндустрияның топ менеджерлері, елуден астам продакшн компания өкілдері, шетелдік, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Astana Media Week» медиа апталығына биыл екі мыңнан астам адам келді. Ірі медиашараның ашылу салтанатына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шетелдік әріптестері Өзбек Ұлттық теле-радиокешенінің төрағасы Әлішер Хаджаев пен Түркия радио және телевизия корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Мехмет Йылдырым, Беларусь Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Павел Легкиймен бірге қатысты.
Алдымен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз алып, аймақтық ірі медиа-апталықты салтанатты түрде ашты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиасаланы дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп отырған ауқымы кең шара еліміздің ғана емес, аймақтағы медианарықты қалыптастыруға, одан ары дамытуға серпін береді деп сенемін. Өйткені елорда төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, шетелдік әріптестеріміз де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның басты мақсаты – отандық медианарықты жан-жақты дамыту, мәдени-ақпараттық байланыстарды тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты», – деп атап өткен Дәурен Абаев медиаапталыққа қатысуға ниет білдіруші әріптестердің қатары көбейіп келе жатқанын жеткізді.
Бұдан соң Ақпарат және коммуникациялар министрі шетелдік әріптестерімен бірге отандық продакшн-компаниялар мен телеарналар ұсынған контент-маркетті аралап, отандық таныстырылым стендтерін тамашалады.

Апталықтың алғашқы күні «Media Talks» пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Ол медиаконтентке тапсырыс беруші ірі телевизиялық және радио-компаниялар мен медиаөндіріс нарығындағы жеке компаниялар, продакшн студиялар мен шығармашылық ұжымдар, продюсерлік орталықтар және медиаөнімдер ұсынатын түрлі ұйымдар арасында іскерлік байланыстар орнатуға арналды.
Өңірлік БАҚ форумының екінші күнін де Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. «Биыл дәстүрлі өңірлік БАҚ-тардың кейбіреулері өзінің 80-90 жылдық немесе ширек ғасырлық тойын тойласа, екінші бірі 20-30 жылдық асуын атап өтіп жатыр», – деген министр бірқатар өңірлік масс-медиа өкілдеріне құрмет көрсетіп, министрлік тарапынан Алғыс хаттар тапсырды.
«Astana Media Week» аясында Өңірлік БАҚ альянсы ұйымдастырып жатқан Өңірлік БАҚ форумының алғашқы сессиясы «Медианың сандық трансформациясы: нарық, өндіріс және контент дистрибуциясы қандай болмақ?» тақырыбына арналды. Жиынға «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Өңірлік БАҚ альянсының президенті Ержан Сейтқазинов, TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева, «Отырар» телеарнасының басшысы Жанар Нұрсейітова, «Nur.kz» ақпараттық порталының бас директоры Қуат Бахридинов қатысты. Онда масс-медиа жұмысына қатысты заңнамаларды өзгерту, медиа сауаттылықты дамыту, медианы сандық трансформациялау тақырыптарына арналған бірнеше пікірталас өтті.
Медиаапталықтың соңғы күні цифрлы медиа саласына арналып, «Astana Digital Forum» өтті. Шараны Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова ашты. «Форум бағдарламасынан осы саланың беделді сарапшыларының есімдерін көру көңілге сенім мен қуаныш ұялатады. Ал олар көтерген тақырып ауқымы отандық медиасектордың даму келешегі туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, заманауи масс-медиа дәстүрлі БАҚ пен жаңа БАҚ-тың басын біріктіре отырып, нақты ақпаратты тұтынушыға жедел жеткізуі тиіс. Сонымен бірге аудиториямен кері байланысты дамытып, байланыстың ерекше алаңына айналуы керек. Форум қатысушылары осы тақырыпты тереңірек талқылайды деген ойдамын», – деді вице-министр.
Өз кезегінде «Selekt Communication Group» CEO маманы Виктор Елисеев «Масс-медиада жеке әрекет ету. Цифрлы БАҚ кезеңіндегі конвергентті журналистика» бағытында әңгіме өрбітті. Ал «Сергек» жобасының авторы Әсет Ахметов, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев және басқалар атқарып жатқан жұмыстарымен қатар жаңа идеяларымен бөлісті.
Елімізде жыл сайын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Жылдың үздік баспасөз қызметі» конкурсы өткізілетіндігі белгілі. Биылғы конкурстың нәтижесіне сәйкес «Astana Media Week» медиаапталығы аясында дәстүрге сай үздік баспасөз қызметкерлері анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

Тараз – Астана – Тараз.

Алпамыс Қазыбаев

Comments are closed.