- Advertisement -

«Геопорталдың» көп іске көмегі тиюде

145

- Advertisement -

Соңғы жылдары экономиканың негізгі тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру елімізде қарқынды түрде жүзеге аса бастады. Өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қабылдануы бұған нақты дәлел бола алады. «Елбасының биылғы Жолдауының «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталатын үшінші бөлімі де дәл осы салаға бағытталғанын айта кету керек.
Осы орайда өңіріміздегі асыраушы саланы цифрландыру қалай жүріп жатыр дегенде, ең әуелі жерді қашықтықтан зондтауға арналған «Геопортал» жүйесі ойға оралатыны бар. Ол негізсіз де емес. Бір қуанарлығы, дәл осы жүйеге республика бойынша ең алғашқылар қатарында облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданы да қосылған-ды. Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, ғарыштық навигациялық бақылау технологияларын тек ауыл шаруашылығы саласында емес, сонымен бірге ветеринарияда, құрылыста, басқа да салаларда қолдануға болады екен.
– 2016 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдеріне өз тарапымыздан ұсыныс білдіріп, бірлесе жұмыс істеу жөнінде келісімшарт жасастық. Бұл үшін аудан қазынасынан 3 миллион 700 мың теңге қарастырылған еді. «Геопортал» жүйесінің артықшылығы – ғарыштан түсірілген суреттердің нақты көлемін анықтап, оны үлкейтіп, бізге ыңғайлы етіп жасап береді. Мәселен, аудандық жер қатынастары бөлімінде екі бас маман бар. Бұған дейін олар аудандағы пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау үшін ауыл-ауылды аралап, күн ұзаққа тыным таппайтын. Оның үстіне кейбір шаруашылықтар жалған ақпарат та беріп жатты. Яғни қанша жерден тырысқанымызбен, нақты дерекке қол жеткізу қиынға түсті. «Геопортал» жүйесі осы олқылықтың орнын толтырды. Нәтижесі де бірден белгілі болды. Неге десеңіз, 2016 жылға дейін анықталған пайдаланусыз жатқан бос жерлердің көлемі осы жүйеге қосылғаннан кейін 30 пайызға дейін күрт өсті. Ғарыштық бақылау барлық ақпаратты дәлме-дәл көрсетеді. Осылайша 2016 жылдың өзінде біз аудан бойынша пайдаланылмай жатқан 10 мың гектар және өткен жылы 6 мың гектар алқапты мемлекет меншігіне қайтардық. Жуырда ғана биылғы жылдың ғарыштық түсірілімдері қолымызға тиді. Нәтижесінде, ағымдағы жылы 7 мың гектардан аса пайдаланусыз жатқан жер анықталып отыр, – дейді Данияр Құттыбайұлы.
Ол алдағы уақытта осы жүйе арқылы жерасты суының мөлшерін, оның қай деңгейде орналасқанын және топырақтың да құнарлылығын анықтауға болатынын айтады. Мысалы, егістіктегі жаңа өсіп келе жатқан өсімдіктер пісіп-жетілгенше талай өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Ал аталған жүйенің көмегімен аудандағы арнайы даярлықтан өткен мамандар мыңдаған шақырымды алып жатқан егістіктердің ерекшеліктеріне жұмыс орнында отырып-ақ талдау жасап, ондағы өзгерістерге баға беру мүмкіндігіне ие болады. Айта кету керек, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап өңіріміздегі барлық аудандар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісім жасасып, бірлесе жұмыс атқара бастады. «Осы мақсатта әр ауданнан 3 миллион 700 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Өткен айда аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен өткен үш күндік оқу курсына барлық ауданның өкілдері қатысып қайтты», – дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының жер есебі бөлімінің бас маманы Талғат Асылбеков.
Шу ауданының тәжірибесі көрсеткендей, облыс аудандары бұл жүйеге қосыларда белгілі бір көлемде қаржы төлейді де, келесі кезекте тек көрсетілген қызметке немесе қосымша функция енгізілгені үшін ғана ақы төлейтін болады. Жерді ғарыштан бақылап отыратын мұндай жүйені жеріміздің «көктегі көзі» десек те артық емес. Қысқасы, «Геопорталдың» өңіріміздегі егіс алқаптары жай-күйін барлап, зерделеуге тигізетін көмегі көп-ақ.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support