- Advertisement -

Суармалы жер көлемі артады

209

- Advertisement -

Қазіргі таңда облыс бойынша иесіз жатқан 211 канал бар, 36 мың гектар жер айналымнан шығып кеткен. Тозығы жеткен 28 су қоймасы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Яғни су жүйелерін қалпына келтіру өңірде кезек күттірмейтін мәселенің бірі болған. Ендігі жерде бұл проблеманың барлығы оңтайлы шешімін тауып, суармалы жердің көлемі ұлғаймақ. Ол жаңадан құрылған механикалық жасақтың көмегімен жүзеге асады деп күтілуде.
Иә, жыл басында облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жасақ өз жұмысына кірісіп, облыс аумағындағы арнасы бітелген арық-каналдардың көзі аршылып, суармалы жердің көлемі артады деп жоспарлануда. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданына барып, мекеменің мүмкіншілігімен танысты. Асқар Исабекұлына механикалық жасақтың техникалық базасы мен жоспары туралы «ТАЛАС-АСА» КМК-ның директоры Досжан Тоқбергенов баяндады.
– Біздің басты мақсатымыз – облыстағы су жүйелеріне, гидротехникалық құрылымдарға ағымдағы және күрделі жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Облыстық бюджеттен 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 48 техника сатып алдық. Су жаңа техникаларда қажеттінің бәрі бар.

Тіпті компьютермен жабдықталған. Бұл техника тек су жүйелерін тазалау ғана емес, ауыл шаруашылығындағы себу және жинау жұмыстарына көмектесетін болады. Қазір механикалық жасақта он тоғыз адам жұмыс істесе, алдағы уақытта олардың санын үш есеге арттыру көзделуде, – деген Д.Тоқбергенов аудандағы №17 колледжінің студенттерін де келісімшарт негізінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Ниет білдіріп отырған студенттер жаңа техникаларды меңгеру үшін қазірдің өзінде тәжірибелік сағаттарынан өтуде екен.
Қалай десек те мехжасақтың көмегімен көптеген тиімділіктерге қол жететіні қуантады. Атап айтсақ, орындалатын жұмыс құны екі есеге арзандайды. Бұл, әсіресе егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қуантып отыр. Асқар Исабекұлы бірінші кезекте жұмысты иесі бар шаруашылықтардан бастауды тапсырды.
– Биыл бюджетті оңтайландыру арқасында механикалық жасаққа 48 техника сатып алынған. Келешекте қажеттілікке қарай, тағы да техникамен жабдықталады. Ал шаруашылықтар тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін де каналдарды күтіп ұстау мәселесіне баса назар аударуы тиіс, – деді өңір басшысы А.Мырзахметов.
Шараға жиналған ауыл шаруашылық мамандары жыл соңына дейін 43 миллион теңге көлемінде атқарылатын жұмыс көлемі бар екендігін айтады. Алдағы он күннің ішінде 2 су қоймасының табанын тазартып, 3000 гектардан астам жерді өңдеу жұмыстары басталады. Ал 30 мың гектар жерді айналымға енгізу келесі жылдың еншісінде екен. Механикалық жасақ алғашқы жұмыстарын Жуалы, Мойынқұм аудандарынан бастағалы отырғандығын білдік.
Айта кету керек, облыс аумағындағы суармалы жердің жалпы көлемі 180 мың гектарды құрайды десек, бүгінде бұл алқаптың 100 мың гектары ғана игерілуде. Ал қалған 80 мың гектары пайдаланусыз жатыр. Енді жаңа құрылған механикалық жасақтың арқасында 2-3 жылда бұл түйткіл толығымен шешімін таппақ.

 

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support