Азамат тық орталық ашылды

Азамат тық орталық ашылды
ашық дереккөз
Азамат тық орталық ашылды

Альмира ОМАРОВА

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес. Сондықтан мемлекет тарапынан оларға үлкен сенім мен қолдау көрсетіліп келеді. Оның бір дәлелі ретінде күні кеше Тараз қаласында азаматтық орталықтың тұсауы кесілді. Бұл ғимарат облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен және облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен ашылып отыр. Мақсат – билік пен қоғам арасын, яғни үкіметтік емес ұйымдардың басын бір орталыққа топтастыру. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. – Жамбыл облысында тіркелген 753 үкіметтік емес ұйымның 200-ден астамы қоғамдық өмірге белсене атсалысуда. Оның 100-ге жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында жұмысын атқарады. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істеп, қоғам дамуына белсенді атсалысуда. Билік олардың маңызын ескере отырып, азаматтық секторды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы да ұлғайып келеді. Ұйымдарға үнемі гранттар мен сыйақылар беріліп тұрады. Қоғамдық кеңестер өздеріне жүктелген жұмысты атқару арқылы қоғамнан өз орнын табуда. Міне, бұл орталық та ұйымдарды біріктіру арқылы ауқымды жұмыс атқарады деген ойдамыз, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы облыстық қоғамдық кеңес хатшысы Сембек Сейдәзімовпен бірге нысанның тұсауын кесіп, азаматтық орталықта небір жетістіктердің болатынына сенім білдірді. Мекемеде азаматтарға мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру, сыйақылармен қамту сияқты түрлі тақырыпта кеңестер беріліп, шешімін табудың жолдары көрсетілмек. Бұрын-соңды болмаған мұндай мүмкіндіктің туғанына аталған ұйым мүшелері дән риза. Солардың бірі – «Жамбыл облысының Азаматтық Альянс қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Зайтжан Юлдашев. – Осы күнді біз ұзақ күттік. Бұл үкіметтік емес ұйым, қоғам белсенділері үшін тек жұмыс орны ғана емес, сондай-ақ құқықтық, техникалық жоспарлар тәріздес мәселелердің шешімін табуға атсалысатын орталық болады деп ойлаймыз. Мұнда грант өтініштері мен әлеуметтік тапсырыс байқауларына қатысу үшін қолдау да көрсетілмек, – деді Зайтжан Рахымұлы орталықтың ашылуына септескен облыстық ішкі саясат басқармасына алғысын білдіріп. Ал «Жамбыл облысының қоғамдық бақылау мен мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, Тараз қаласы мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа есігін айқара ашқан орталық арқылы ел ертеңі үшін жастардың да аянбай атсалысуына мол мүмкіндік туғанын ризашылықпен жеткізді. – Себебі ғимаратта 70 адамға арналған мәжіліс залынан бөлек, әкімшілік, пікірталас, коворкинг және әдістемелік кеңселер бар. Нысан вай-фай, ғаламторға кіру жүйелерімен қамтылған. Үйде отырып жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар үшін осында келіп еңбек етулеріне де барлық жағдай қарастырылып отыр. Бұл үлкен көмек деп білемін, – дейді блогер Исламбек Дастан. Мекемеде сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мектебі мен көшпелі отырыстар, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін семинар-тренингтер мен ұйымдар арасындағы ең үздік әлеуметтік жоба байқаулары да ұйымдастырылатын көрінеді. Бұл туралы облыстық ішкі сасяат басқармасының басшысы Берік Уәли: – Орталық аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басы тоғысатын шаңыраққа айналмақ. Аталған ұйым азаматтық қоғамды дамытуда үлкен рөл атқарып, билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ретінде үлкен маңызға ие. Ел бойынша осы бағыттағы жұмыстар жандандырылу үстінде. Тіпті, бұл мақсатта арнайы министрліктің құрылғаны белгілі. Облыс әкімдігі аталған саладағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыра беретін болады, – дейді. Мамандар да «еңселі екі қабатты орталығымызда азаматтық сектор жұмысын жетілдіру, түрлі бастамалар мен құқық саласындағы білікті кадрлар даярлау көзделіп отыр» дейді.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар