- Advertisement -

Кәсіпкерлер тартуы

121

- Advertisement -

Елбасы мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту қажеттігін ескерткен болатын. Бұл – қос тарапқа да тиімді жоба. Біріншіден, бизнес өкілдері басқа емес, өзі туып-өскен өңірді өркендетуге инвестиция салады, екіншіден, бұл қаржының қайтарымы қарастырылған. Ал жергілікті атқарушы органдарға кәсіпкерлерді тарту арқылы балабақша кезегін азайтуға мүмкіндік туады.

Осы бағытта жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде Тереңөзек пен Ақыртөбе ауылдарында бір күнде қос жекеменшік мектепке дейінгі мекеме ашылды. Тереңөзек ауылындағы 75 бүлдіршінге арналған «Балауса» балабақшасының құрылтайшысы – «Асқар тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Талғат Жүнісқадыров.
Талғат Жүнісқадыров ел мен жерге деген азаматтық парызын көптеген игілікті ісімен көрсетіп жүрген азамат. Оны тереңөзектіктер де жақсы біледі. Ол бұған дейін де өз ауылында «Асқар тау» мейрамханасын ашып, жастарға арнап кіші футбол алаңын салып берген еді. Ауыл қарияларының айтуынша, Талғат Жүнісқадыров елді мекен іргесіндегі мешіттің құрылысына да көп көмектесіпті. Енді, міне, бұрынғы медпункт ғимаратын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, балабақша ашып отыр.
Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қырықбаев қатысып, ізгі тілегін жеткізді. «Мектепке дейінгі білім беру мәселесіне Елбасымыз айрықша көңіл аударып отыр. Себебі бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі болашағымыз. Осы бағытта ауданымызда ауқымды жұмыстар жасалып жатқандығын айта кеткім келеді. Бүгінге дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен ауданда 5 балабақша ашылып, жоспар 92 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін дәл осындай 4 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға беріледі», – деді.
Бұл күні аудан әкімі Ақыртөбе ауылындағы «Аяулым» балабақшасының ашылу салтанатына да қатысты. Қазір бұл ауылда екі балабақша жұмыс істеп тұрғанымен, әлі 35 бүлдіршін кезекте тұр. Дегенмен жаңа мекеменің кезекті біршама азайтуға септігі тигені анық.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін ұзақ жылдар атқарған Зәуреш Тойбекованың бастамасымен салынған «Аяулым» балабақшасының жалпы құны 21 миллион теңгені құраған. 50 бүлдіршінге арналып салынған балабақшада екі топ бар. Олар – «Нұрасыл» және «Санжар» деп аталады.

Марат ДИХАНБАЙ,
журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support