- Advertisement -

Гогольдің басы

176

- Advertisement -

Ең танымал мистик, сөз зергері Николай Гоголь туралы аңыз-әңгімелер мен алып-қашпа сөздер өте көп. Солардың бірі оның бас сүйегінің ұрлануына қатысты аңыз. «Вий» повесі мен «Өлі жандар» сияқты мистикалық шығармаларды өмірге әкелген жазушы ғұмырының соңында «Өлі жандардың» екінші кітабын өртеп жіберген. Оның себебін әлі күнге дейін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Тағы бір аңыздарға қарағанда, жазушы шығармашылықтан бөлек, сиқырмен де айналысқан. 1931 жылы қабірін ашқан кезде оның бас сүйегі жоқ болып шығуының бір себебін сонымен байланыстырады. Ежелгі халықтың наным-сенімінде адамның рухы қайта сол тәнге кірмеу үшін марқұмның денесін бөлек-бөлек жерлеген. Ең бастысы, басы бөлек болуы керек екен. Сиқыршылар осыған қатты сенген.
.
Қайта көмілген тарих

Николай Васильевич Гоголь 1852 жылы 21 ақпанда қайтыс болды. Ол Қасиетті «Свято-Данилова» ғибадатханасының зиратына жерленді. 1931 жылы кәмелетке толмағандарға арналған түрме салынуы үшін оның аумағындағы зираттардағы мүрделер қайта қазылып алына бастады. Гогольдің қабірін ашқанда жазушының басы жоқ екендігі туралы бірқатар қаламгерлер кейін айтып та кетті.

Гогольдің ауруы

Бұл туралы орыс зиялы қауымы мен баспасөзі жарыса жазды. Жазып та келе жатыр. Гогольдің өліміне оның ішқұса болып, санасын сайтан иектеген қоғамға өпкелеп жүріп, «Өлі жандардың» екінші томын өртеп жібергені себеп болған. Анығында жазушының өлімі туралы былай дейді: «Жазушы өмірінің соңындағы жан азабына үңілсеңіз «Өлі жандарын» отқа жағу арқылы, абайсызда сайтанның тұзағына ілініп қалғанын оның өзі де сезінгенін аңғарасыз. «Өлі жандардың» екінші кітабын өз қолымен отқа жағып жібергеннен кейін Гоголь түк нәр татпай, ешкіммен сөйлеспей, бүк түсіп жатып қалыпты. 1845 жылы мынадай өтініш жазып кетіпті. Бұл Гогольді қоғам әлі жынды деп жариялай қоймаған, өлерінен алты жыл бұрын жазған өтініші-тін. «Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде, соңғы өтінішімді ертерек жазып кетуді жөн санадым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсырмаңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім, ауруым ұстағанда өмірлік белгілерім жоғалып, жүрегім мен тамырымның тоқтап қалған кездері болған”. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 6-шы том, 187-ші бет).
Ел арасында айтылып жүрген түрлі әңгімелердің шын-өтірігін тексеру мүмкіншілігі 1931 жылы туды. Себебі сол жылы жазушының сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалады.
Құдай сақтасын! Мына сұмдықты қараңыз! Гогольдің сүйегіне эксгумация жасау барысында кебіні жыртылып, табыты тырналғаны және марқұмның бүк түсіп жатқаны анықталады».
Шынында да Гогольдің бірнеше күн тұрмай ұйықтап қалатын ауруы болған. Жазушы өмірінің соңғы төрт жылын Мәскеуде Никитск бульварындағы үйінде өткізген. Қоғамға өкпелеп жүрген жазушыны ескі ауруы соңғы уақытта қайта-қайта мазалаған. Бір күні жұманың сенбіге қараған түнінде (8-9 ақпан) ол қатты ұйықтап біртүрлі дыбыстар естіген. Ертеңіне шіркеудегі әулие әкейді шақырып, болған жайды баяндайды. Шіркеу қызметкері оның шаршап жүргенін, көбірек азықтану керектігін айтып, тамақ бермек болады. Бірақ жазушынының ештеңеге зауқы соқпаған. 17 ақпан дүйсенбі күні ұйқыға жатқан Гоголь қайта оянбаған. Сол уақытта, Мәскеуде Гогольдің ауру екені туралы сөздер желдей есіп жүрді. 19 ақпан күні дәрігер Тарасенков жазушыны көруге келгенде оның үйі оқырмандарына толы болған. Сонымен жазушыны қайта оянбағасын 21 ақпан күні таңғы сағат сегіздер шамасында қайтыс болды деп жариялайды.
Жазушының өсиеті орындалған. Тіпті ол қайтыс болғасын 3 күн емес, бір жеті өткеннен кейін жер қойнына тапсырылған. Латергиялық ұйқыға кеткеннің өзінде 1 аптада оянуы керек-тін. Мүсінші, Гогольдің бет пішінін алып қалған Николай Рамазановтың хатында былай делінеді: «Мен өз қолыммен Гогольдің бет пішінінің көшірмесін гипспен алып жатқанда, жазушы достарына жазып кеткендей, ешқандай да летаргияның белгісін көрген жоқпын. Бетперде дайын болған соң оның өмірге қайта келмейтініне анық көзім жетті. Ол ұйқыға кеткен болатын. Тек бұл қайта оянбайтын мәңгілік ұйқы еді», – дейді.

Гогольдің басын ұрлау операциясы

Лидиннің айтуына қарағанда, 1909 жылы меценат, театр мұражайының негізін қалаушы Алексей Александрович Бахрушин (ресейлік саудагер, өндіріс-кеңесші, филантроп, театрлық антикалық коллекционер, жеке әдеби және театр мұражайының авторы) көр қазушыларға қомақты қаржы беріп, үгіттеп Гогольдің басын алып келуге көндірген. Ондағы мақсаты театр мұражайында қайталанбас көрме ұйымдастыру болған. Шынында да оның мұражайына 3 бас сүйек алып келінген. Оның бірі актер Щепкин, екіншісі Гоголь, үшіншісі белгісіз бір бас сүйек болған. Осыдан соң Бахрушиннің жұмысы жүрмей қойған. Бас сүйектер бақытсыздық әкелді деп есептеген меценат оларды таратып жіберген. Ал Гогольдің басын немерелеріне қайтып берген деген де мәлімет бар. Кейбір деректерде коллекционерде 40 бас сүйек болғаны айтылады. Оның бәрін коллекционер Ресей Ғылым Академиясына тапсырған екен. Ал Гогольдің басын алып қалып, сырты қымбат былғарымен тысталған, жиегі піл сүйегімен безендірілген арнайы қобдишада сақтапты. Мұның рас-өтірігін ешкім білмейді. Себебі Бахрушин құпияны 1929 жылы өзімен бірге қабірге алып кетті.
Михаил Булгаков кейінірек «Мастер және Маргарита» романында басқарма төрағасы Массолит Берлиоз табытынан басының ұрланғаны, оның басын Патриархтың тоғанындағы трамвай дөңгелектерімен кесілгенін жазып, Гогольдің басы ұрланғаны туралы параллельді түрде тұспалдап айтып кетті. Бұл туралы «Гогольдің басы» атты роман жазған жазушы Анатолий Королев та атап өтті.
Түйіннің бір ұшы шықты. Жоғарыдағы мәліметтерді негізге ала отырып айтатын болсақ, Гоголь жерленгеннен кейін адамдар айтып жүргендей оянбаған. Табыттағы тырнақ ізі, оның бүк түсіп жатуы ұрылардан қалған белгі. Бұл сөздермен келісу-келіспеу еркіңізде. Біз тек қолда бар мәліметтерді негізге ала отырып, қорытынды шығарып отырмыз. Бәлкім, мүлде керісінше, ол жерленгенде тірі болып қиналған болуы да мүмкін, бәлкім, оның басын қара сиқырмен айналысқаны үшін қайтып келуін қаламаған сиқыршылар кесіп алып кетуі де ғажап емес. Бұл шиырланған жолдың қайсысына түссеңіз де ол сізді Гогольдің басына алып барады.
Massaget.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support