- Advertisement -

Оның музасы арулар еді…

964

- Advertisement -

Отырарда туып Алашты тамсандырған, күллі қазақ даласына ән салдырған Шәмшінің өнер әлеміндегі орны әрқашан асқақ. Оның «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Сен сұлу», «Кел билейік, кетпе менің қасымнан» секілді көптеген шығармаларынан бірде сайын даланың майда самалының лебі ескендей болса, енді бірде Шәмшінің ғажап лирикасы әр буын өкілінің бойындағы бозбалалық романс секілді көрінетіні бар. Сезім мен сенім. Махаббат пен сағыныш…

Бүкіл қазақ халқының жүрегін әнмен әлдилеген композитордың «Менің Қазақстаным!» әні әуелде желтоқсаншылардың ұранына айналып, ұлттық рухты көтерсе, кейіннен азат елдің Әнұраны болып бекіді. Қазақ өнерінің корифейі Шәмшінің ұлылығы да осында болса керек. Ол тірі болғанда 15 тамыз күні 88 жасқа толар еді…
Бүкілхалықтық қошеметке ие болған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің кейіпкерлері кім? Композитор бірде «Сағынышым менің» деп сезімін музыка тілінде жеткізсе, ендігіде «Дүнген қызына» аңсары ауады. Жүрегі әдемілікке, сұлулыққа ынтық Шәмшінің «Сыған серенадасының» сазы сезім пернелерін дөп басатыны анық. Сол «Сыған серенадасындағы» Изольда өмірде бар ма?
«Толқысын шартарап,
Тасышы, тебіренші,
О, гитара!», – деп келетін ғажап әннің кейіпкері Изольданың сұлулығы Шәмшіні бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Нәтижесінде қазақ әндерінің қоржыны тағы бір ғажап туындымен, алтын қорға енген шығармамен толықты. Шәмшінің жүрегін жаулаған Изольда өмірде болғанын композитор Қалдыбек Құрманәлі сұхбаттарының бірінде айтқан еді. Тіпті ол аталмыш әнді Тоқтар Серіковке орындатып, Изольданы өнерсүйер қауымға таныстыруды көздейтінін де жеткізген.
Даңқты композитордың бірнеше әндері Жамбыл жерінде дүниеге келгені мәлім. Шәмші жиырма жылға жуық уақыт Жамбыл жерінде тұрғаны белгілі. Жұртшылық сүйіп тыңдайтын «Дүнген қызы» шығармасы – сол кезеңнің куәсі. Ән Шарипа есімді дүнген сұлуына арналған екен. Осынау шығарманы қазір көптеген мәдени шараларда түрлі әншілер шарықтата шырқап жататыны бар. Әрине, өнер – халықтікі. Сондықтан әр деңгейдегі өнер иелерінің өнерге талпынғаны, ұмтылғаны ләзім…
Әйткенмен, аталмыш әнді жұртшылық Мақсат Базарбаев, Ғани Мәтебаев сынды әншілердің орындауында жылы қабылдады. Тіпті бұл туынды Ғани Мәтебаевтың «төлқұжатына» айналып та кеткендей.
Жүрек қылын шертетін «Сағынышым менің» әнінің кейіпкері – Сағыныш. Қазақ вальсінің королі, теңдессіз талант иесі Шәмшіні сағындырған Сағыныштың кейінгі кездері Ташкент қаласында тұратыны белгілі болған. Ақын Сабырхан Асанов сөзін жазған ғаламат туындының кейіпкері туралы композитордың досы Рыстай Артықбаев кезінде: «Ол қара торы, бәкене бойлы келіншек еді. Дидарласқан, сырласқан, әңгімелескен адамына күлімсіреп қарайтын. Шәмшіні елең еткізген оның жіңішке, жағымды даусы еді», – деп сипаттапты.
Қалың қазақтың ыстық ықыласы мен зор махаббатына ие болған даңқты композитор сұлуларға сүйсіне, жүрегі езіле ән арнағанымен, жан жары Жәмиләні ілкі сәтке де есінен шығармаған. «Жәмилә секілді асыл адам жоқ-ау. Оның бұрқ-сарқ еткен мінезі ұнады. Мен оны сол мінезі үшін де сүйемін. Менің барлық әндерім Жәмиләға арналған ғой», – депті тау тұлға кезінде ағынан жарылып.
«Мен талай әйелге ғашық болдым» деген Шәмші Қалдаяқов ешқашан отбасын, жан жарын қаперден шығармағанын айтып өттік. Оны Жәмиләнің мына сөзінен де байқауға болады. «Бүгінгі таңда базбір білгіштердің: «Шәмші ішкіш еді, әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін» деген болмайтын әңгімелерін естіп жатамыз. Шынын айтайын, бұл – өтірік. Шәкең ешқашан отбасының шырқын бұзуға ұмтылмаған. Сол дәуірде ішімдіктен бойын аулақ ұстаған адам санаулы еді ғой. Шәмші отты судан ұрттап алғанда елжіреп, жұрт біткенді құшақтап, сүюге дайын тұратын. Үйге ұрттап келгеннің өзінде Естайдың «Қорланын» ыңылдап қайталап айта береді, айта береді. Арасында «Ән деп осыны айт» деп таңғалып отырады, сосын ұйықтап кетеді», – дейді композитордың жары baq.kz порталындағы Нұртөре Самарханға берген сұхбатында.
Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Кел билейік, кетпе менің қасымнан» атты шығармасы дүниеге келгенде: «Жәмилә, таста бәрін, туды, туды! Мен қазақ әніне жаңалық әкелдім», – деп балаша қуанғанының өзі оның ақ жарқын мінезін, балаға тән аңғалдығын, адалдығын, нағыз өнер адамы екендігін айғақтап тұрған жоқ па?
Әйгілі композитордың асыл жарының сөзі көп нәрсені аңғартып тұрса керек. Қазақ ән өнеріне қайталанбас құбылыс болып келген Шәмшінің шығармалары ұрпаққа мұра. Оның теңдессіз туындылары ғасырлардың құрдасындай мәңгілік жасай беретіні сөзсіз. Шәмші феномені де өлмес мұрасымен сабақтас екені айқын.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Кешікпей
келем деп ең

Әні: Шәмші Қалдаяқов.
Сөзі: Мұхтар Шаханов.

Аңсаған бақытым сияқтанып,
Ай туып келеді қияқтанып.
Жол жаққа қараймын,
Сен жоқсың, арайлым
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.

Қайтемін кінәлап бұған сені,
Сағатың алдаған шығар сені.
Нұр ойнап көзіңде,
Уәделі кезіңде
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.

Көшеде сырласып,
шалқып басып,
Құрбылар
барады қолтықтасып.
Тағатым таусылды,
Аңсадым даусыңды.
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support