- Advertisement -

Елбасының жеңісі, елдігіміздің жемісі!

386

- Advertisement -

Астана – тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбеті. Шығысы мен батысы – Алтай мен Атырау, түстігі мен теріскейі – Қаратау мен Батыс Сібір ойпаты арасындағы кең-байтақ өлкеге созылып жатқан қазақ жерінің бел ортасында, тоғыз жолдың торабына орналасқан кіндік орда. Жалпақ әлемге Астана немесе «Үшінші мыңжылдықтар астанасы» аталып кеткен жас қала Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен бой көтеріп, аз ғана уақыт ішінде өсіп-өркендеді. Астана – егемен елдің тәуелсіздік жолында атқарған ұлы істерінің мазмұнымен өрнектелген құнды шежіресі.

Егемен еліміздің еңселі елорадасының қазіргі көз тоймас көркіне, кімді болса да тәнті етер көк тіреген зәулім үйлерінің, ғажайып ғимараттарының келісті келбетіне, халқымыздың әрдайым өрелі істерді шешуге бейім жасампаздық қасиеттерінің іс жүзіндегі нәтижесіне мақтанышпен қарай отырып, бұдан 21 жыл бұрын, яғни 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Парламентінің алғашқылардың бірі болып Ақмолаға көшіп келгендегі көрініс көз алдыма келеді. Пойыздан түсіп, автобуспен орталықтағы санаулы қонақ үйлердің біріне бет түзеп келеміз. Ақмола облысының орталығы болған 200 мыңға жуық халқы бар қаптаған «хрущевкалар», терезесіне дейін жерге кіріп кеткен қабырғалары сылана-сылана шорланып кеткен жер үйлердің күйі көңіл құлазытады. Онысымен қоса бетті қарып түсер сарышұнақ аязы, өкпегі өңменіңнен өтер өткір желі бар. Салонда күбір-күбір әңгіме. Әлдебіреудің «Қайран, Алматы, саған жету қайда!?» деген даусы естілді. Қазақстан парламентаризмінің ақсақалы, Мәжілістің бюджет, қаржы жөніндегі комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысовтың даусы саңқ етті: «Әй жігіттер, сары уайымға салынбаңдар. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен ұлтымыздың баға жетпес бақыты, ашылған бағы, арайлап атқан таңы. Бүгін көздеріңе оғаш көрінген бұл қала – егемендігіміздің тұғыры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп ерлікке пара-пар іс атқарды. Ертегідей бірден тұра қалған сән-салтанаты келіскен қала болмайды. Уақыт керек, тер төгу керек. Он-он бес жылдан кейін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрты Сарыарқаның төсіндегі алып қалаға таңдайын қағып, таңғалатын болады әлі. Өнбес әңгімеге алаң болмай еліміздің өсіп-өркендеуіне заңдық негіз жасауға білек сыбана кірісіңдер. Тарих ырғалып-жырғалуды көтермейді». Әр жерден «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естіліп жатты. Қаратай ағамыз не деген көреген еді, шіркін!
Қарекең айтқандай, білек сыбана кірістік. Жарты жылға жуық жатақханада, қонақ үйде жалғызбасты тұрып, шағын кабинетте екеуден отырып-ақ депутаттар еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыратын сан-салалы заңдарды қабылдап үлкен іс атқарып жатты. Ел ордасына қатысты Ұлт Көшбасшысының шешімдері қос палатадан бірауыздан қолдау тауып отырды. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсіміне, 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталуын қолдауға, оның Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өткен салтанатына, 1999 жылы Конгресс-Холда өткен Президентті ұлықтау салтанатына қатысқанымызды, ұлы өзгерістерден тыс қалмай ортасында болғанымызды мақтан тұтамыз.
Қазақ елінің жүрегі Астана – жаңа тарихымыздың бастауы, Елбасының аялаған ақ арманын, үкілі үмітін ақтаған төл перзенті. Ол Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен Астана қаласының бас жоспары бойынша дамып отыр. Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі десек артық айтқандық емес. «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана опера», «Мәңгілік Ел» кешендері және басқа да бірқатар ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсынған да Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» атағына лайық деп табылса, ол – бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы.
Астанада өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алғашқы саммиті, Ақ Азиада ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, басқа да көптеген халықаралық форумдар, халықаралық «ЭКСПО – 2017 көрмесі – тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатып, халықаралық дәрежеде абыройын асырып, беделін бекемдеген игі шаралар. Сондай-ақ 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шыққанын айтпай кетуге болмайды. Мұның бәрі Елбасының көрегендігі, еліміздің ертеңі – жастарымыздың алда шығар биігін аласартпаудың қамын бүгін ойлап, қамқорлық жасап жүргенінің жарқын мысалы.
Астана бүгінде медицина орталығына да айналып келеді. Мұнда нейрохирургия, балаларды оңалту, ана мен баланы қорғау, жедел медициналық көмек беру, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтарын біріктірген жаңа медициналық кластер құрылды. Бұрын қол жетпей шетелге, қомақты қаржы шығындап жүрекке ота жасатса, қазір Қазақстанның облыс орталықтарындағы кардиохирургиялық орталықтарда операциялар сәтті жүргізіліп жатыр. Бұл – тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, қадағалауымен жүзеге асып жатқан игі шаралар.
Қазір Астана жаңарған Қазақстанның мәдени және рухани орталығына айналып отыр. Қоныс аударудың алғашқы жылдары аты өзгермей тұрған Ақмолада кезінде адамдарға мәдени қызмет көрсететін ошақтар саусақпен санарлық еді. Бұрынғы қалалық партия комитетінің ғимаратында орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, жастар сарайы, филармония, оқушылар сарайы, Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана, тың игерушілердің, теміржолшылардың мәдениет сарайлары, екі-үш кинотеатр, «Меруерт» мейрамханасы және басқа да шағын мәдениет мекемелері болатын. Бұлар келешекте саны миллионнан асқан астаналықтардың мәдени-рухани сұранысын өтей алмас еді. Бұл мәселе Елбасы, Үкімет, Парламент назарынан тыс қалған жоқ. 1999 жылы дүниежүзіндегі алты «Әлем әртісінің» бірі, атақты скрипкашы, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсаходжаеваның ұлттық музыка академиясын құру жөніндегі бастамасы Елбасы, Үкімет, Парламент тарапынан қолдау тапты. Ол 2011 жылы Президент Жарлығымен Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. 2000 жылы Президент Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл қадамдар алдағы кезеңде бой көтерер биік мәдениет ғимараттарының іргетасы іспетті еді. Жұрттың санасынан берік орын алған Әлемдік діндер көшбасшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өтетін 1500 орындық концерт залы бар Бейбітшілік және келісім сарайы, өнер галереясы, Астана тарихының музейі, 4 кинотеатр, электронды кітапхана орналасқан елорданың шын мәніндегі мақтанышы «Тәуелсіздік» сарайы, үш мың адамдық Конгресс холл, 3500 көрермен залы бар «Қазақстан» концерт залы, Астананың 15 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген Елбасы Жарлығымен «Астана Опера» деп аталған орта Азияда теңдесі жоқ опера және балет театры бас шаһар болмысын бекемдеп, келбетін абаттандыра түсті.
Бүгінде Астана қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағытын анықтайтын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының өмірге жолдама алған жері. Қазақстандықтар бар жақсылық елордасынан тарайды деп күтеді. Астана – қазақ елінің құтты мекені, толайым тағдыры, Мәңгілік Елдің жүрегі, барша халқымыздың тілеуі, тәу етер Тәуелсіздігіміздің тірегі!
20 жылда Астана еліміздің мақтанышына айналды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, Астана – мемлекеттің бірден-бір бренді, тәуелсіздіктің тұғыры. Қазір бүкіл болмысымызды, жетістіктерімізді, атқарған ісімізді Астанамен өлшейтін болдық. Мысалы, әлемдік деңгейге көтерілдік десек, сол деңгейдегі қаншама форумдар, жиналыстар, съездер бас қалада өтіп жатады. Астананың сәулеті де, дәулеті де, айбары да көріне бастады. Бұл бізді қуантады.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
саясаттанушы, Сенаттың алғашқы екі шақырылымының депутаты, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support