- Advertisement -

Аудандағы алғашқы редактор

188

- Advertisement -

Бүгінде ғаламтордың пайда болуымен ақпарат тасқынының күш алуы газет шығару ісін едәуір жеңілдетті әрі күрделілендіре түсті деп айтуға негіз жоқ емес. Бір анығы, тарихи тамырын өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан тартып жатқан еліміздегі ірілі-уақты мерзімдік басылымдар өз қызметтерін қалтқысыз атқарды, өз дәуірінің шынайы шежірешісі, әлеуетті идеологиялық қаруы да болды. Соның арқасында журналистердің төртінші билік өкілдері қатарында аталғаны да есте. Алайда бұрын газет-журнал шығару дегеніңіз анау айтқандай жеңілге түспегені белгілі. Қазіргідей емес, газетіңіз мақала мәтіндері жазу мәшіңкесінде, линотипте қолмен теріліп, қорғасынмен құйылып, қалыпталып барып, ротатор немесе баспа машинасының көмегімен жарыққа шығатын. Қалыпталған қорғасын әріптер қатесі кертіп алып тастап, қайта тергенде ғана түзетілуші еді. Қазіргідей компьютер көмегімен бір демде үлкейтіп немесе кішірейтіп үйлестіру дегенің атымен жоқ. Ал суреттер клише түрінде құйылатын. Бір сөзбен айтқанда, газет жасау ісінің ғазауат, азабы жетерліктей еді.

Сондай қиындықтарға қарамастан, сол тұстағы түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдар уақтылы жарық көріп, оқырмандарымен үзбей қауыштырылып тұрды. Баспасөз саласында журналистердің әлеуетті армиясы аянбай тер төкті. Сала ісі талайды тағылымымен, тәрбиесімен баурады.
Осы орайда әңгімені бір ғана Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің тарихы жөнінде сабақтамақ ниеттеміз. Аталған басылымды шығару жауапкершілігі алғашқы жылдары аудандық партия комитетінің жауапты қызметкерлеріне уақытша жүктеліп, қоғамдық негізде жүзеге асырылған екен. Атап өтерлігі сол, облыстық партия комитеті арнайы штат бойынша бекіткен бұл газеттің тұңғыш редакторы Әбілқайыр Бәйтімов екенін анықтаудың сәті түсті.
Ол 1914 жылы қазіргі Ойық ауылында өмірге келген. 1938 жылға дейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы, балалар үйінің директоры болыпты. 1938-1941 жылдар аралығында бар-жоғы 24 жасында аудандық «Екпінді колхозшы» газетінің редакторы қызметін атқарған. 1941 жылы Луговой аудандық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Ал 1943 жылдың 8 тамызында елімізді жаудан азат ету үшін өз еркімен сұранып майданға аттанған…
Шынын айтқанда, оның бергенінен бермегі көп білімді де білікті азаматтарымыздың бірі болғаны былайғы жұрт түгілі, өзімізге де бұлдырлау еді. Құйрықты жұлдыздай жалт етіп ағып өте шыққан елеусіз ғұмыр ғана. Дегенмен тоқсаныншы жылдары асыл азаматтың Ақкөл ауылында тұратын жұбайы Нәбира Сыдықовамен жүздесуіміз Бәйтімов ғұмырнамасының белгісіз тұстарының біршама толығуына септескені бар.
– Ұмытпасам, 1939 жылы басыма желек жамылып, алғаш келін болып түскенімде Әбілқайыр газетте редактор еді. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, әр мекеме өз алдына қос-қостан ат, арба, атшы ұстайтын. Редакцияның хатшысы Бектібай Көмекбаев өз ісіне мығым, пысықай жігіт-ті. Редакцияда кілең жігіттер істейді. Қайсыбірінің есімдерін ұмытып отырмын. Рәпілбек Жәнібеков, Ерғара Тәжімбетов, Ауғанбаев есімде. Газет басып шығару ісі тым ауыр тиетін. Әріптер қолмен терілді. Ұмытпасам, ақкөлдік Үсіпбек Тоқтыбаев әріп теруші, газет шығарушы әрі от жағушы да еді.
Бірде саяси қате орын алған газет елге тарап кетіп, азаматтар түнімен аяғынан тік тұрғандай болып, ауыл-ауылға ат шаптырып, сол күні шыққан газетті түгел қайта жинатып алғаны бар. Ол кезде тәртіп темірдей қатаң болды ғой!
Әбекең кейін Луговой аудандық партия комитетіне хатшы болып ауысты. Әрі аудандық газеттің редакторы болды. 1942 жылдың қысында Ресейдің Саратов қаласында кіші командирлер даярлайтын бір жылдық курста оқып, одан әрі соғысқа аттанып кете барды. Бізге жазған хаттарында «Алдымда үлкен қауіп, үлкен бір бел бар» деп жүруші еді. Жүрегі бірдеңені сезген-ақ екен. 1944 жылдан былай қарай одан ешбір хабар-ошар болмады, – деп еске алған еді кейуана сонда.
Ол кісінің айтуына қарағанда, Әбекең балаға үйірсек, ерекше бауырмал, адал азамат болған. Қоңырлатып ән салып, күй шертетін өнері де болыпты. Құлан ауылында тұрғанында орыстың бір ұл, бір қызын вокзалда кездестіріп, үйіне әкеліп киіндіріп, ішіндіріп, қамқорлық жасаған. Жетім-жесір, қаріп-қасерге әр кезде де қолұшын созып жүреді екен.
Нәбира апа екеуі үш бала сүйіпті. Біреуі жастай шетінеп кеткен. Үлкен ұлы Аманжол 1941 жылы, қыздары Қалдыкүл 1943 жылы туылған. Олар бүгінде әкелерінің ізін жалғап, ұрпақ өрбітіп отыр.
Айтпақшы, бүгінде Жамбыл ауданының Ерназар ауылында тұратын Аманжол аға талмай іздеудің арқасында осыдан бірер жыл бұрын ғана ұзақ жылдар бойы хабар-ошары болмай келген әкесінің соғыста қайда, қалай опат болғанын, қайда жерленгенін анықтап, қабірінің басына ұлы Манатбекті ерте барып, тағзым етіп қайтқан еді. 305-Қызыл Тулы Белгород дивизиясы, 1002-мотоатқыштар полкінің құрамында аға лейтенант, взвод командирі болған Ә.Бәйтімов 1944 жылдың 17 маусымында Украинаның Иваново-Франковск облысы, Тлучум ауданы, Обертин деревнясын жаудан азат ету шайқасында ерлікпен қаза тапқан екен.
Біздің айтайын дегеніміз – Отан шебін қорғау жолында орда бұзар отыз жасында опат болған асыл азамат, айтулы ердің біз жоғарыда келтірген өмірбаяны секілді өмірі де тым келте болғаны, осы аз ғұмырының өзі тағылыммен, тамаша жетістіктермен өрілгендігі. Тарих таразысы ерте ме, кеш пе кімнің кім екенін екшеп беретіні де анық. Сол тарих бетінде Әбілқайыр Бәйтімовтей есіл ердің де аты Талас аудандық газетінің тұңғыш редакторы ретінде мәңгілікке мөрленіп қалмақ.
Аудандық газеттің қаламмен де, қарумен де алғы шепке шыққан марқасқа тұлғаларының бірінің тағдыры, міне, осындай. Түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдар қызметкерлері қазір де баспасөз майданында күн-түн демей күресуде ғой.

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support