- Advertisement -

Атамның ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені

373

- Advertisement -

өзі өмірден өткен соң отыз жылдан кейін Ресей сайтынан белгілі болды

Атам Бекен Бөгенбайұлы 1916 жылы Сарысу ауданы Байқадам ауылында дүниеге келіпті. Жас шағында колхозшы болып ауылды дамыту, көркейту жолында еңбек етеді. Елімізге неміс басқыншылары шабуыл жасағанда ағасы Көпберген екеуі 1942 жылы майданға аттанған. Ағасы 1943 жылдың қыркүйегінен хабарсыз кетеді. Ал 26 жастағы жауынгер Бекен Батыс майданындағы 4-гвардияның құрамында жауға қарсы атой салады. Ол жорық жолдарында Киев, Варшава, Словакия, Чехия, Германия елдерінде неміс басқыншыларына қарсы соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Оның соғыстағы батылдығын жерлесі әрі майдандас досы Сұлтанбек Әлтішов әңгімелеп отыратын. Атам Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» және III дәрежелі «Даңқ», басқа да бірқатар орден-медальдармен марапатталады.
«Қызыл жұлдыз» орденін өзіміз де талай рет көріп, тамашалағанымыз бар. Біз үшін ең қызықтысы – «Даңқ» орденінің табылуы. Былтыр Ресейдің http://podvignaroda.ru сайтынан атамыздың осыған дейін белгісіз болып келген III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғанын білдік. Осы сайт арқылы оның туған ағасы Көпберген Бөгенбаев атамыздың да соғысқа аттанған күні мен қайтыс болғаны туралы деректерді таптық.
Атам 1945 жылы соғыс аяқталған соң елге аман-есен оралып, еңбек майданына белсене араласты. Соғыстан кейін тұралап қалған ауыл жағдайы өте төмен еді. Ол колхозда сиыр фермасын басқарып, халықтың әл-ауқатын арттыруға аянбай қызмет етті.
Сарысу ауданының табиғаты тек суармалы егін шаруашылығына қолайлы болғандықтан жаңбыр тамбаған жылдары халық су тапшылығынан қиналып жататын. Сондай бір кезеңде егінге су тапшы болғандықтан «Тасарықтан» тікелей канал қаздыру жобасын жасап, мемлекеттің иелігіндегі егін алқаптары мен ауылдың жеке бақшаларына су жеткізіп берді. Жаңаталап ауылының оңтүстігінен басталатын «Бекен жармасын» бүкіл ауыл беріге дейін қолданып, суын пайдаланып келді. Тіпті, әр үйдің бақшасы арқылы сылдырлап ағып жататын судың әрбір тамшысы ол кісінің маңдай терінен тамып жатқандай көрінетін бізге. Бұл оман арық кейін атамыздың құрметіне орай «Бекен жармасы» деп аталып кетті. Бала кезімізде сол «Бекен жармасының» жағасында қозы бағып, тай жарыстыратынбыз. Бүгінде шөберелері арықтың жағасына тал егіп, көгеріштендіруде.
Соғыстың отты жылдары мен тылдағы ауыр еңбек денсаулығына әсер етпей қоймады. Атамыз 72 жасында 1988 жылы дүниеден озды.

Нұрболат БӨГЕНБАЕВ,
майдангердің немересі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support