- Advertisement -

Бағдарлама «бағын» байламайық

150

- Advertisement -

жобалық-сметалық құжаттарды даярлау неге сағызша созылуда?

Өңірлерді дамыту – елімізді өркендетудің басты тетігі. Үкімет қабылдаған Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бүгінде оның негізгі драйверіне айналып үлгерді. Бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар облысымызда қарқынды жүзеге асырылуда. Айталық, аталмыш бағдарлама шеңберінде өткен жылы 5 425,7 миллион теңге бөлініп, игерілген. Оның 3 892,2 миллион теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалғаны жергілікті қазынадан қарастырылған.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың төрағалығымен өткен партиялық тыңдауда бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты айтылды. Онда бірқатар басқарма басшылары сөз алып, нәтижелер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова бағдарламаның түрлі міндеттері бойынша бөлінген және игерілген қаражаттың көлеміне тоқталды. Оның айтуынша, бағдарламаның инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндеті шеңберінде ауылдық елді мекендерді сумен қамту бойынша 8 жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 3 366,9 миллион теңге бөлініп, игерілді. Оның 2-еуі былтыр пайдалануға берілсе, 6-ауы осы жылға өтпелі. Жалпы ағымдағы жылы 12 жобаны іске асыруға 5 492,7 миллион теңге бөлініпті. Ал «Елді аумақтық дамытуды жетілдіру» міндетінің шеңберінде моноқалаларды дамыту бойынша 3 жобаны іске асыруға барлығы 1 480,0 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ елді аумақтық дамытуды жетілдіру міндетінің шеңберінде моноқалаларды көркейтуге бағытталған 3 жобаны іске асыруға бюджеттен 244,2 миллион теңге бөлінген. Жобалардың бірқатары ел игілігіне берілсе, өзгелері өтпелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов атқарылған және қолға алынған шаруаларға тоқталып, түйінді мәселелерді де жасырмады.
– Шөлдала және Кұмшағал аумағында 28 саяжай алқаптарының тұрғындары электр қуатының төлемін заңды тұлғаларға арналған бағамен төлеуде. Саяжай алқаптарын электрмен қамтамасыз ету желілері техникалық талаптарға сай келмейді, яғни бағандар бау-бақшаларда, аулаларда орналасқан. Электрмен қамтамасыз етудің жаңа желілерінің құрылысы оларды «қызыл белдеуге» шығаруды көздейді, яғни нормаларға сәйкес келмейтін ішкі жолдарды тарылтады. Осыған байланысты электрмен қамтамасыз ету желілерінің құрылысын салу жобасы сараптамадан өтпеуі ықтимал. Бұл мәселе тұрғындардың наразылығын тудыруда, – деген ол аталған шаруаны шешу жолын да айтты. Ол үшін саяжай тұрғындары заң аясында кооперативті таратып, жеке тұлға ретінде тиісті органға тіркеліп, энергиямен жабдықтаушы мекемемен электр энергиясын тұтыну үшін қайта шарт жасасуы қажет екен.
Жиында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту барысындағы нәтижелі жұмыстарды тілге тиек еткен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев жобалық-сметалық құжаттардың ұзақ әзірленетінін тілге тиек етті. Айталық, Жуалы ауданы 5 жобаны өткен жылдың басынан бері әлі күнге дейін әзірлеп жатса, Меркі, Жамбыл және Мойынқұм аудандарында да осындай сағызша созылған құжат әзірлеу жұмыстары мүлдем сылбыр жүруде. Ол ғана емес, «Ақ бұлақ» және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары аясында осы күнге дейін ауылдық елді мекендерге кәріз су жүйесін жүргізу бойынша 1 жоба ғана әзірленген. Басқарма басшысы дәл осындай жұмыс қарқынымен бағдарламаларды іске асыру қиынға соғатынын жеткізді.
Бұдан өзге облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Талғат Шалдарбековтің де баяндамасы тыңдалды. Партиялық тыңдаудың қорытындысы бойынша Энергетика министрлігіне, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне және тиісті басқармаларға ұсынымдар жолданылмақ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support