- Advertisement -

Жүрек «көзі» ашылса…

138

- Advertisement -

Адам болмысын кім тереңінен танып-біле алған?! Біреу тұрмақ, кейде өзімізді-өзіміз түсіне алмайтынымыз рас. Бірде біреулерді кінәлап, ренжісем, енді бірде өзім ғана кіжінемін. Кейде өмірдегі бар ауыртпалықты бір өзім арқалап келе жатқандай болып, бәрінен безіп кеткім келетіндей. Кейде кімге, не үшін ренжіп жүргенімді білмеймін. Әйтеуір, көңілім толмайды.

Осылайша көңілім құлазып, жаным жабырқап, өмірдің кейбір өтпелі кезеңдеріне налып, «көңіл-күйі жоқ» табиғатқа терезеден телміре қарап тұрғанымда ол келді. Бірақ бұл жолы жалғыз емес, қасына тағы бір әйел мен ер кісіні ерте келді. Үшеуі ағаш діңін жағалай жайғасты. Әйел арқалаған сөмкесін ашып, оның үстіне газет төседі. Бетіне бір жағы көгеріп, жартыкеш болған мандариннің қабығын аршып қойды. Қатқан нан мен тіске басарлық тағы бірдеңені де ұмытпады. Ең соңында ортайып қалған бір шөлмекті шығарғанда үшеуі бір-біріне қарап жымың-жымың ете қалды. Біреуі алғыс білдіргісі келген болса керек, әйелді белінен түртіп, құшақтамақ болып еді, әлгісі қылымсып, қолымен әрі итеріп, күлімдеп қойды. «Әйел деген атың бар» десе керек, екі еркек алдымен әйелге сөз берді. Ол стақанын көтеріп, қолын сермеп, біраз тілектердің тетігін ағытты да, үшеуі қағып салды. Одан соң келесісіне келді тост кезегі. Түріне қарасам, біраз нәрсенің басын қайырып тұрғандай. Стақандағы тағы да тамшысына дейін қалдырылмай қағылды. Бұл жолы тіленген тілек әйелге қатты ұнап кетсе керек, көгерген мандариннің бір кесегін алып тост сөйлеушінің аузына тосты. Неге екенін, үшіншісіне сөз кезегі тимеді.
Олар әрдеңені сөз етісіп, күліп біраз отырды. Жүздеріне қарап қатқан нан мен көгерген жеміс жеп, жоқшылықтың зардабын тартып жүрген жандар деп айтуға әсте болмайтын секілді. Біршама уақыттан кейін әйел қалған нанды, түбі түгесілмеген бөтелкені әспеттеп дорбасына қайта салып қойды. Сөйтті де үшеуі ары қарай, келесі бір қоқыс жәшігінен тамағына талғажау боларлық бірдеңе іздеп жүріп кетті…
Тағы бір оқиға. Ол бұдан біраз жыл бұрын, студент кезімде болған еді. Күн жексенбі. Қыстың сарышұнақ аязы қысып тұрған. Соған қарамастан, әпкем екеуміз киім-кешек алуға базарға бардық. Қыздың ұсақ-түйегі біткен бе? Ал ақша құрғыр адамға қашан жеткен еді? Содан базардың шарықтап тұрған бағасына, өзіме керек заттарды толық сатып ала алмағаныма бұртиып, шығып келе жатқанбыз. Кенет… Шамамен 8-9 жастағы (денесі суыққа қалып, үсігеннен қарайып кеткен секілді), бір қолы иығынан кесілген, мұңды даусымен қайыр сұраған жасөспірім қоларбада отырды дәл алдымда. Жан дүнием дір ете қалды. Бүкіл болмысым, сана-сезімім селт еткендей болды. Аяқтан да, қолдан да айырылған, өмірдің ызғары жанына әбден батқан кішкентай ғана тіршілік иесінің жүрегін жарып шығып жатқан сөздерін елеусіз тыңдап тұру тірі жан үшін тіпті мүмкін емес еді.
Өн бойым ащы өксікке толды. Осындай халде болса да бір Алладан үмітін үзбей өмір сүруде кейбір жандар. Әрбір арайлап атқан таңды амандықпен қарсы алудың өзі олар үшін зор бақыт, үлкен үміт. Ал мен… Мен… Манағы бір әрекетіме налып, өзімнен-өзім сол жолы…
Қоғамда сенде бардың біріне ие бола алмай жүрген жандар қаншама екенін тағы бір рет есімізге түсірсек екен деймін. Оларды көргенде аяушылық қана білдіріп, тиын-тебен тастап қана қоймай, көкірегімізге сәуле құйыла түссе… Жан-жағымызға бастағы бақырайған екі көзбен емес, жүрек көзімен зерделей қарап жүрсек… Мүмкін Жаратушының өзі мүгедек жандарды адамдардың дандайсып кетпеуі үшін, соларға қарап тәубесіне келуі, шүкіршілікпен ғұмыр кешуі үшін жаратқан шығар…

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support