- Advertisement -

«Рухымды көтерген асқақ әнім, Астана десе, әркез шаттанамын»

142

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет айтыстың бастау алғанына үш айға жуық уақыт болды. Бүгін екінші жұптың сөз сайысы қорытындыланады. Сарысулық Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Алмасбекқызы оқырман жүрегінен орын тапты деген үміттеміз. Газетіміздің 3 сәуір күнгі санында Алик соңғы рет кезек алып, өз ойын қорытындыласа, енді Райханның жыры түйінделіп отыр. Алдағы сандардың бірінде кезек соңғы, яғни үшінші жұпқа тиеді. Жанарынан жалын атқан жас перілер Нұрлыбек Құрманов пен Қанат Мырзахан әдемі айтыс жасап, көпшілік көңілінен шығады деген сенім басым. Ендеше, ақындарымызға сәттілік серік болсын!

Райхан АЛМАСБЕКҚЫЗЫ

(Алик Бекмұсаевқа жауап)

Өлеңін жалғап әрмен жақсы ағаның,
Жырымның толтырайын тостағанын.
Жиырма жылдан аса уақыт өтіп кетті,
Айтыс мені, мен айтысты тастағанмын.
Облыстық газет жазба айтысына,
Шақырған соң шегінуге батпағанмын.
Білемін жетілдіріп білігіңді,
Өзіңді бүркіттейін баптағаның.
Ол кезде сары ауыз жас баламын,
Айтысып Ақанайдай ағамызбен,
Жеңіліп, жерге қарап, мат болғанмын.
Кез болып Аликтейін шәкіртімен,
Тайы басты енді кеп ат табанын.
Бетпе-бет келмеген соң батылдаумын,
Дей алмаймын Аликтен жасқанамын.
Сұмдықсың, сұлусың деп мақтамағын,
Менің кім екенім Хаққа мәлім.
Жұмыр басты пендемін мен де өзіңдей,
Әр ісімді Алла деп бастағанмын,
«Жыланды үш кессең де кесірткелік
әлі бар» деген сөзден аспағанмын.
Кек сақтайтын ойым жоқ, дегенменен,
Жаман ойға сондықтан бастамадым.
Дұрыс болмас әдептен аттағаным,
Алла өзі абыройлы етсін деймін,
Кім біледі бақ шабарын, бап шабарын?!
Аллаға шүкір деймін осы айтысқа,
Тойында «бас қостырған» Астанамның.

Рухымды көтерген асқақ әнім,
Астана десе, әркез шаттанамын.
«Мәскеу – менің жүрегім» деген елді,
Беу, Астанам, арман боп баққа орадың.
Әлемді мойындатқан ЮНЕСКО-да,
Мерейі үстем болды бас қаламның.
Татулықтың тұрғызып тас қамалын,
Қуаныштан, уа, халқым, жасқа малын.
Ақмоланы қазақи Астана еткен,
Абыройы тасысын патша ағамның,
Ал, ағасы, көргенше сен де аман бол,
Имани боп игі ісің, басты амалың.
Талас болып тасысаң, Есілде ағып,
Тұрақты тұрғыны бол бас қаланың.
Әніңді айтып, айтысып, елге еркелеп,
Бұйырсыншы өзіңе ақша, малың.
Тұлпардың шын шабысы өзіне аян,
Қыз-қырқыннан жеңіліп, ақсамағын.

Ойымды деймін, аға, құп аласың,
Жырымның ұсынған соң сыбағасын.
Қыз деген тілекші ғой қашаннан-ақ,
Елдігім – ертеңіме, мұраға сын.
Байрағы Алашымның құламасын,
Табалап дұшпаны кеп сынамасын.
Қазақтың шаңырағынан шаттық кетпей,
Ұлылық уығына ұяласын,
Өрт шалмасын ұйыған ұя басын!
Мезгілсіз келген кесір-кесапаттан,
Ана мен балаларың жыламасын.
Байланып босағадан бақ кетпесін,
Еркіндік, Тәуелсіздік шақ кетпесін!
Көлденең келген кердең көк аттылар,
Киесін керегеңнің ап кетпесін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support