- Advertisement -

Бекзат өнер ордасының берері көп

215

- Advertisement -

Театр – бекзат болмысты, парасатты өнер иелерінің ордасы. Көз бен көздің, жүрек пен жүректің бетпе-бет тоғысатын, кездесетін, ұғысатын орны. Ол – адамзатқа, оның рухани дүниесіне эстетикалық әсер ететін ғажайып мекен. Мереке қарсаңында 80 жылдан астам тарихы бар облыстық қазақ драма театры жайында толғанғанды жөн көрдік. Бұл театрды қазіргі таңда ҚР мәдениет қайраткері Болат Бекжанов іскерлікпен басқарып отыр.

Аталған мәдениет ошағы бірнеше буын актерлер легін дайындап шыққан. Ілгеріде өнер әлемінің корифейі, Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев еңбек еткен қара шаңырақтың қол жеткізген табысы аз емес. Облыстық қазақ драма театрының актерлік құрамы да көрген-баққаны көп тәжірибелі мамандармен толысқан. Кез келген әлемдік классиканы сахналауға мүмкіндіктері мол. Мәселен, алдыңғы толқын өкілдері – Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Майра Әлімбетова, Асқарбек Сейілхан, Гүлшат Қыпшақова, Әбиірбек Тінәлі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова және мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбековтер – жастарға барлық жағынан үлгі бола алатын майталман мамандар.
Бірнеше халықаралық өнер фестивальдарының лауреаттары Мәлік Ақүрпеков пен Анар Сағымбекова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Кенен Ақүрпеков, Анар Алтыбаева кез келген рөлді жоғары деңгейде сомдайды. Талантты актерлер Мәмбет Қожалиев, Жандар Қырықбаев, Жадыра Құлтаевалар өнер ордасына адал еңбектерін арнап жүр. Сөзімізді нақты айғақтармен әңгімелесек, драма театр актерлері өткен жылдың сәуір айында Қазақстан театрларының республикалық эксперименталдық қойылымдар фестиваліне «Қыз Жібек» саунд драмасымен қатысып, бас жүлдемен оралды. Ал қоюшы режиссер Қуандық Қасымов «Театр өнерінің тарланы» аталымын иеленіп қайтқан еді. Сол 2017 жылдың маусым айында Румыния елінде өткен халықаралық театр фестиваліне тағы «Қыз Жібек» саунд драмасымен қатысып, екі аталым бойынша бас жүлдені олжалап оралғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Иә, «Ең үздік даладағы қойылым» және «Ең үздік театр» аталымдары кез келген ұжымға бұйыра бермес.
– Қазіргідей интернет ілгерілеген кезеңде бұрынғыдай 2 сағат, үзілісімен 3,5 сағат болатын қойылымдарды мазмұн-мағынасын жоғалтпай ықшамдауға тура келеді. Ол әрине, режиссердің талантына, қарым-қабілетіне байланысты. Дәл осы жерде көрермен мен режиссер арасында түсініспеушілік туындап қалуы мүмкін. Өйткені көрермен шығарманы өзі бұрын оқыған, көрген қалпында неге қоймады дейді. Ал режиссер сол қалпында қойсақ, сонша ұзақ уақытқа көріп отыруға көрерменнің мүмкіндігі болмайтынын алға тартады. Әрине, екеуінің де уәжін жоққа шығара алмаймыз. Алайда осы екі ортадан жол табу – біздің міндетіміз.
Енді алдағы жоспарлармен бөлісетін болсам, көрермен үшін комедия да керек. Оны халықтың көңіл-күйіне қарап байқаймыз. Ылғи классикалық дүниелерді қоя беруге болмайды. Сондықтан Қаныбек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын дайындап отырмыз. Сондай-ақ биыл Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толады. Осыған орай күзде Бішкекте Айтматов шығармашалығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді. Осы байқауға біз Шыңғыстың өзі туралы «Сағынғанда бір келерсің» атты шығарманы сахналауға дайындықты бастап кеттік. Осы жылы 8 жаңа қойылым қоюды жоспарлаған едік. Біртіндеп жүзеге асып келеді. Біздің театрдың табысы көпшіліктің олжасы деп есептеймін, – дейді театр директоры Болат Бекжанов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support