- Advertisement -

«Ұлдарым ұлықтаса ұлылығын, Қыздарым қылығынан арылмасын»

228

- Advertisement -

(Алик Бекмұсаевқа жауап)

Облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған, Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Арқа төсіндегі» арман қала атты газет айтыс жалғасын табуда. Екінші жұп сарысулық Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Алмасбекқызы арасындағы сөз сайысы қыза түсті. Бүгін Райхан қарсыласының қазақы қалжыңы мен қағытпа ойларына үн қатады. Осылайша ақындар екінші айналымды қорытындылап, үшінші кезең, яғни ақтық мәреге жол тартады. Ендеше Алла ақындарымыздың аузына өрнекті ой, салмақты сөз салсын дегіміз келеді.

Не нәрсе бұл қазақтан тоналмады?!
Ортайып қалған да жоқ одан бағы.
Белгісі елдігім мен ерлігімнің,
Отыз жыл бопты Наурыз оралғалы.
Наурызда науат жырдан шашу шашып,
Мерекең жалғассыншы амалдағы
Қазаны ырыс-құттың қайнап дәйім,
Қазақтай аман болсын қара орманым.
Елбасының ел үшін жасағаны,
Оң болсын 5 бағытты қадамдары.
Рухани жаңғырып ой, санам бәрі,
Бақытты ел болайық ғаламдағы.

Ал енді ақындарың арындасын,
Жүйрік тіл жүрісінен жаңылмасын.
Батасы пайызбенен өлшенетін,
Армысың, Аликтейін арымасым.
Сіз жаққа ұшырайын қалықтатып,
Жырымның қылыш қанат қарлығашын.
Ақынсың ел мақтаған, қыз жақтаған,
Ақындықтан, мен білсем, әнің басым.
Өлеңіңнің буыны бекімепті,
Шалыс басқан ұйқасың – абызға сын.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»,
Бабалар ұрпағына шағынбасын.

Пейілін ағалардың сағынасың,
Ойлайтын аға жоқ-ау қарындасын.
Есігіңнің ашылмай «домофоны»,
Кіре алмай қалам ғой деп торығасың,
Есігіне еш құлып салмаса да,
Бабалардың уайымы – аз, бағы – басым.
Бұл күнде құрсауланып отырамыз,
Танымастан көршісін, ауылдасын.
Сұрай-сұрай Меккеге де барған қазақ,
Бұл уәжіңді жұрт қалай қабылдасын?!
Ұшақта да, пойызда да темір есік,
Қалай ғана сол жерден табыласың?!
Атырау, Ақтау жақта той боп жатса,
Таразда Алик қалай дамылдасын?!

«Қалаулымды» қозғапсың деген ең деп:
– Қодарлар кеп, қарындас тарынбасын.
Қозы мен Төлегендер арман боп тұр,
Махаббат заңы өзгеріп жазылғасын.
«Қалаулымнан» жар іздеп майдаланған,
Көтеріп мен қайтейін бар күнәсін.
Сүйгені үшін аптапта құдық қазған,
Кім білген бір Қодардың табылмасын.
Жігіттер елпеңдесе эфирді алып,
Күйеу іздеп барғаны – аруға сын,
Алладан бұйрық келмей болмас деймін,
Дегеніне тағдырдың бағынасың.
Бұрынғы бабалардың салып кеткен,
Үрдісінен жастарым жаңылмасын.
Ұлдарым ұлықтаса ұлылығын,
Қыздарым қылығынан арылмасын.

Астанам – арман қала, бағың басым,
Бар биік бізге қалай бағынбасын?
Сұлулықтың символы болып тұрған,
Астанам – көз қуаныш қауымға шын.
Күретамыр сияқты жалғап тұрған,
Еркелеп ерке Есілің арындасын.
Түзеліп тұрмысы да қарашаның,
Құрылысқа Астанаға сабылмасын…

Бұл күнде бәйге атындай бабындасың,
Орнықты болсын, аға, тағың асыл.
Керегеңді кеңейтсін немерелер,
Шаңырағыңның толтырып қазынасын.
Төбедегі төртеуің түгел болсын,
Ал қалғанын ағасы, нағыласың.
Тәубе етпес дейсің, сірә, барына кім?
Ізгілік ізеттіммен із қалдырып,
Әдеппен шықсам деймін тауыма шын.
Жібектен жыр, маржан сөз тағынғасын,
Мұңым – моншақ, тізілген, жаным – жасын.
Әзілін наздана айтқан Райханның,
Ағасы зілсіз ғана қабылдасын.
…Түзеткендер бар ма екен бұл ғаламда?
Жаратқан Адам ата қабырғасын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support