- Advertisement -

Ауылдастарын апаттан құтқарған Әлібек

194

- Advertisement -

«Ерлік – білекте емес, жүректе» деген сөзді қазақ халқы текке айтпаса керек. Жайшылықта батыр десе көз алдымызға төртбақ денелі, шарболаттай ширыққан, екі иығына екі кісі мінетіндей алыптар елестеп кететіні бар. Ал шын мәнінде олай емес екен.Ауылдастарын апаттан құтқарған Әлібек

Апат айтып келмейді. Таяуда табиғат тосын мінез танытып, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Әбжапар ауылы қалың судың астында қалған еді. Орта бойлы, ширақ қимылды, жүзінен мейірім ұшқындап тұратын Әлібек Антаев бұл күні ауыл азаматтарының қамқоршысы атанып, ерлік жасаймын деп еш ойламаған. Ақпан айының 27-жұлдызында алапат су ауылды шайды. Мектеп күзетшісі Әлібек қызмет бабында жүрген. Кенет қара судың астында қалған «Ауди-100» автокөлігін көзі шалды.
Әлібек көлік ішіндегі адамдардың жанталасын көре сала, лай араласқан қара судың ағысына қарсы жүзе жөнелді. Машина есігін әрі тартты, бері тартты. Құрғыр есік ашылмайды. Сол сәтте ол жанкештілік танытып, жалаң қолмен терезені тоқпақтай жөнелді. Шытынаған әйнек лезде шашылып, саңылау пайда болды. Сол терезеден үш бірдей ауыл тұрғынын тысқа шығарып алып, алғысқа кенелді.
«Жиналып келген судың қарқыны қатты болатын. Тау суы да араласқан болу керек. Мен – мектепте күзетшімін. Автокөлікті бір шетке қарай ағызып кеткенін көзім шалды. Машина батып барады. Ойлануға мұрша жоқ. Бірден құтқарып алудың амалдарын қарастырдым. Көлікке қарай жүзе жөнелдім. Автокөліктің есіктері ашылмайды. Әуелде екі адамды көрдім, артында тағы бір кісі бар екен. Олар есікті ашуға талпынды. Қатты ағыс ыңғай бермеді. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп іске кірістім. Аяғыммен тептім, қолыммен ұрдым. Әйтеуір ыңғайын тауып, терезені сындырдым. Осылайша үш кісіні сыртқа шығардым. Екі ер кісі, бір әйел екен. Үшеуі де ауылымыздың тұрғындары. Бұл әрекетімді ерлікке теңей алмаймын. Кез келген адам, әсіресе ер азамат мұндай жағдайда бейжай қарап қалмауы керек. Сондықтан азаматтық парызымды атқардым. Өзіңіз ойлаңыз, әйнектері буланған, саусақтардың ізі аңғарылатын, адамның тек сұлбасы көрінетін автокөлік ішінен «Құтқар!» деген дауыс естіліп жатса, кім үнсіз тұрады? Шүкір, медицина саласының қызметкерлері де жедел келіп, көмектерін көрсетті. Қолымда жарақат жоқ болып шықты. Ең бастысы ауыл азаматтары қиын жағдайға душар болған сәтте титтей де болса көмегімді тигізгеніме бек қуаныштымын», – дейді Әлібек.
Иә, Әлібек өзі айтқандай азаматтық парызын орындады. Айткүл Жолдасбаева, Мият Ізбасов, Қуантай Бөлеков сынды ауыл тұрғындарын апатты жағдайдан құтқарып, алғыс арқалады. Бізді қуантқаны – оның жанашырлығы. Қазіргідей мейірімге зәру қоғамда жүрегінде жылуы бар, жаны жақсылық жасауға ынтық жандар көп болса ғой, шіркін! Әлібектің бұл ерлігі көпке үлгі болса керек.

Табиғат Абаилдаев

Т. Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support