- Advertisement -

Әуені бөлек «Ән-ғұмыр»

155

- Advertisement -

Бабаларымыздың өнердегі өрелі көші ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, үзілмей сақталып келеді. Уақыт өткен сайын тыңдарман өзгеріп, талғам артуда десек, ән әлеміндегі қазақи, қоңыр болмысты заманға сай құбылтып, құлпыртып сақтап қалу – бүгінгі саналы буынға аманат, парыз. Жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет пен Тұрсынхан Жаманбаевтың «Ән-ғұмыр» атты жаңа кітабын оқып, жоғарыдағы сөзімізді іштей қуаттай түскендей күй кештік. Аталмыш кітап сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың өнер мен өмір жолына арналған.
Қасиетті Жамбыл топырағы – талай батырларды, ақындарды, мемлекет қайраткерлерін дүниеге әкелген киелі мекен. Сондай таланттардың бірі көптеген сазды шығармалардың авторы, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаевтың да есімін өнерсүйер қауым жақсы біледі. Композитордың қиялынан туып, елімізге кең таралып, көптеген ғашықтардың гимніне айналып кеткен, Кәріпжан Нүсіповтің сөзіне жазылған, талантты әнші Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Біз екеуміз» әнінің өзі неге тұрады!
Дүйсенәлі Бықыбаевтың өнер әлемі мен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген табандылығын көрсететін дүниелерге толы кітапта қос автор тәуелсіздік жылдарындағы өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуы, қиын-қыстау кезеңдердегі жанкештілікпен атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Шынында, мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты таразының басындай тең алып ұстау – екінің бірінің қолынан келмейді. Ал кітап кейіпкері – домбыраның қос ішегіндей, бір-бірімен қабыспайтын екі арнаны бір жүректе тоғыстыра алған абзал жан. Мәдениет саласында басшылықта жүріп көптеген «бұлақтың көзін ашып», ауыл-аймақта көрінбей тасада жүрген таланттарға жол сілтеп, шәкірттер тәрбиеледі. Қазақ өнерінің майталман корифейлерінен бата алып, алғысына бөленді. Әдеби-көркем тілде жазылған эсселер мен сыр-сұхбаттарға толы «Ән-ғұмыр» кітабын оқыған оқырман осының бәріне еріксіз көз жеткізе түседі. Кітапта композитордың әндері де ноталарымен бірге бір бөлімге топтастырылған.

Гүлнұр Ембердиева,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support