- Advertisement -

Міндеттерді жүзеге асырудың мүмкіндігі мол

153

- Advertisement -

Әлемдегі қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік жобаларды ұсынып, жүзеге асыру тәуекеліне дамыған мемлекеттердің өзі бара қоюы екіталай. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеу жолдап, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттырып, жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Бұл бастаманы қолдап, қуаттаған қазақстандықтардың үлкен қуанышының себебі де осы. Көптеген елдер мемлекеттік қаржыны әлеуметтік шығындарды азайту арқылы үнемдеп отырған шақта Мемлекет басшысы, керісінше, баспаналы болудың тиімді тетіктерін қарастырып, жұртқа жәрдем ретінде жеңілдетілген несие ұсынып, білім беру гранттарын көбейтіп, газдандыру мәселесін де жандандыруға пәрмен берді.

Әлеуметтік бес бастаманы жүзеге асыруда әр өңірге зор сенім артылары анық. Сондықтан облысымызда осы бағытта атқарылар жұмыстар жоспарланып, тиісті шаралар дереу қолға алынуда. Бұл туралы облыс активінің алдында өңір басшысы Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Облыстық қазақ драма театрында өткен алқалы жиында Асқар Исабекұлы алдымен бастаманың мән-маңызына тоқталды.
– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап халықтың әл-ауқатын көтеруді алға шығарды. Соның нәтижесінде Елбасының бастамасымен қабылданған реформалар бүгінде өз жемісін беруде. Елімізде, алдыңғы саяси шешімдерді айтпағанда, «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Ал 5 наурыз күні Парламентте өткен қос палата мен Үкіметтің бірлескен отырысында Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялады. Мұндағы әр бастама – халық үшін берекенің бастауы. Негізгі мақсат Қазақстан халқының тұрмысын жақсарту, – деген облыс әкімі әр бастама бойынша өңірдегі атқарылар шаралардың жоспары дайындалатынын айтып өтті.
Президент бірінші бастамасында әрбір отбасына баспана алудың тың мүмкіндіктерін қарастырып, қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Яғни ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7, бастапқы жарна 20 пайызға дейін төмендетіліп, мерзімі 25 жылға дейін ұзартылмақ. Бұл қазіргі таңда облыс орталығы мен аудандарда пәтер кезегінде тұрған барлығы 21,0 мыңнан аса азаматқа зор мүмкіндік береді. Өйткені аталған бағыт бойынша өңірімізде пайдалануға беруге жоспарланған тұрғын үйлерге қосымша құрылыс басқармасы 20 үйдің құрылысын бастауға бюджетке ұсыным дайындамақ. Бұл жобалар қаржыландырылған жағдайда, 2018-2019 жылдары жалпы 2700 пәтерде қоныс тойы тойланбақ.

Бұдан басқа, ипотекалық несиенің 7 пайыздан аспай 25 жылға берілуі өңірдегі жеке құрылыс компаниялардың екінші деңгейдегі банктерден несие алу арқылы коммерциялық көп қабатты тұрғын үйлерді салуына жол ашады. Осыны кеңірек түсіндірген Асқар Исабекұлы Елбасы бағдарламасын іске асыру үшін аудан әкімдеріне Үкімет тарапынан қабылданатын жоспарлар аясында өңірдегі жұмыстарды жүйелеп, банктер мен салымшылар арасындағы өзара іс-қимылды тездетіп үйлестіруді тапсырды.
Мемлекет басшысының екінші ұсынған бастамасы салықтық жүктемені азайту екені мәлім. Бұл бағытта да өңірде бірқатар нақты шаралар қолға алынбақ. Президент келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 айлық орта көрсеткіштен немесе орта есеппен 60 мың теңгеден төмен жалақы алатын адамдар үшін салықты 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салуды міндеттеді. Бұл – қарапайым жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қосымша қолдау, ал 34 мыңнан аса жамбылдық үшін үлкен жеңілдік. Азаматтардың тізімі қосымша нақтыланады. Сондықтан барлық категориядағы жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарының заңдастырылғаны назарға алынбақ. Азаматтардың еңбегіне төленетін ақыны қайта қарау мәселесінде ешкім де сырт қалмайды. Бұл іске қосымша қоғамдық бақылау жүргізіледі. Оған «Нұр Отан» партиясының филиалы бақылау жасайды. Сондай-ақ Елбасының басқа да бастамаларын іске асыруда облысымызда көптеген шаруалар атқарылады.
– Үндеудегі үшінші бастаманың мақсаты – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға негізделіп отыр. «2018-2019 жылдары қосымша 20 мың грант бөлінуі керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады», – деп айқын көрсетілген Үндеуде. Бүгінде облыстағы жоғары оқу орындарында 2618 студент мемлекеттік грантпен, 293 білімгер әріптестік грантпен, 2638 жас 30-дан 100 пайызға дейінгі жеңілдікпен оқуда. Жаңа міндет гранттарды бөлу, қажетті техникалық мамандықтарға талдамалық жұмыс жасау қажеттілігін туындататыны белгілі. Оқу орындарына өңірдегі еңбек нарығының нақты сұранысы бойынша мамандарды дайындау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант мөлшерін 4000-ға, жеңілдіктермен оқитындар санын 3000-ға жеткізуді қарастыруымыз керек. Мемлекеттік тапсырыс аясында оқытылған мамандардың жұмысқа орналасуы осы жұмыстың түпкілікті нәтижесі болады, – деді Асқар Мырзахметов. Сондай-ақ облыс басшысы өз баяндамасында төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту мен бесінші – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру шаралары бойынша өңірімізде атқарылып жатқан өркенді істерді мысал етіп, нақты жоспарларға тоқталды.
Актив жиынында жарыссөзге шыққандар Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің өзектілігін, тарихи мүмкіндіктерін атап өтіп, оны елді әлеуметтік жаңғырту жолындағы батыл тарихи қадам деп бағалады. Облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Мейрамбек Төлепберген Үндеудегі бес бастаманың Елбасының көреген, дана саясатының, болашаққа нық бастай білетін ерен ерлігінің жемісі екенін айрықша атап өтіп, оны тиімді жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
– Елбасымыз айтқандай, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыздың әлі де асар асу-асқарлары алда деп ойлаймын. Татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелген елімізге расында да Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін берік ауызбіршілік керек. Президенттің «Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік» деген сөзі көпшілікке үлкен ой салса керек-ті. Бұл – біздің рухымызды асқақтатып, зор сенім, үлкен міндет жүктейді, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Жиында ТарМПУ-дың ректоры Дария Қожамжарова мен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков Үндеудегі үшінші бастамаға қатысты өздері басқарып отырған оқу орындарындағы жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Аталмыш білім беру ордаларының жетістіктері мен алдағы жоспарын тілге тиек еткен олар жаңа құжатқа жастарға қамқорлық жасаудың жаңа қадамы деп баға беріп, ондағы тиісті міндеттерді атқаруға атсалысатындықтарын жеткізді.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support