- Advertisement -

Әскеріміз айбынды, әлеуетіміз жоғары

124

- Advertisement -

Облысымыздағы әскери техникалардың әлеуеті жоғары. Қолданыстағы қару-жарақ құрылғылары заманауи қондырғылармен жаңғыртылған. Елбасы Жолдауынан туындаған 10 міндетті түсіндіру мақсатында өңірімізге арнайы келген – Парламент Мәжілісінің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері, республикалық ақпараттық топ жұмыссапарында бірқатар әскери бөлімшелерді аралап, осылай деп баға берді.

Топ құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Ирина Аронова, Құдайберген Ержан, Бақытжан Ертаев, Владислав Косарев, Абай Тасболатов, Михаил Чирков, Юрий Тимощенко бар.
Халық қалаулылары алдымен Тараз қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшы-лыққа қарасты 85395 әскери бөлімінде болып, ондағы жауынгерлік даярлық пен әскери техниканың жай-күйімен танысты.
– Комитет мүшелерінің іссапардағы басты мақсаты – мұндағы әскери қызметкерлердің тіршілігімен, техникалық дайындықтарын және әлеуметтік жағдайларын барлау. Қазір жаңа заңдар қабылданып, өзгерістер орын алуда. Солардың қалай жүзеге асып жатқанына мән берудеміз. Әскердегі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың елге алаңсыз қызмет етуі үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу – басты парызымыз деп есептеймін.
Бүгінде мемлекет тарапынан бұл салаға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылуда. Жуырда қабылданған жаңа заң бойынша әскерилерге пәтер беру мәселесін жолға қойып отырмыз. Қазір бұл бағытта арнайы комиссия жұмыс жасауда. Жаңа құжатта әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүддесі әлеуметтік жағынан айтарлықтай қорғалған деп толық айтуға болады, – деген Абай Тасболатов аталмыш әскери бөлімнің техникалық базасына көңілі толатынын жеткізді.
Генерал-лейтенант Абай Бөлекбайұлының айтуынша, соғыс құралдарының көбісі кеңестік кезден келе жатқан құрылғылар болғанымен, барлығы заманауи қондырғылар арқылы қайта жаңғыртылған. Ату және көру қашықтықтарының күшейтілгені – соның айғағы.
Бұдан соң қонақтар Ұлттық ұланның 55 13 әскери бөліміне барды. Мұнда сарбаздардың ерлігі мен ептілігін көрсететін арнайы көріністер қойылды. Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев еліміздің әскери әлеуетінің жақсарғанына назар аударды.
– Әр ер жігіт Отан алдында Ант қабылдауы керек. Ал Отан қорғаушыларға қойылатын талап өте жоғары. Олар күн сайын дайындық-жаттығулардан өтіп, сапта тұруы керек. Шүкір, қазір елімізде бейбітшілік орнап тұр. Әйтсе де бір сәтке де дайындықты босаңсытуға болмайды. Қару-жарақтарымыз бен әскери техникаларымыз жаңарып, күшейтіліп жатыр. Бірақ бұрынғыларын «Мынау ескі» деп лақтыра салуға болмайды. Мысалы, «Калашников» автоматының шықаннына қанша жыл болса да, біз оны керексіз қылмай, дүрбі қойып, модернизациялап жатырмыз. Әрине, біздің қару-жарақ ешкімнен кем болмауы керек. Бас қолбасшымыз қойған бірінші мақсат сол. Қазір НАТО-ның өзі бірлескен оқу-жаттығуларда біздің сарбаздардың шеберлігін көріп, риза болуда, — деді Бақытжан Ертайұлы.
Қозғалған мәселелер облыс әкімінің бірініші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов және бірқатар әскери қызметкерлер қатысқан жиында кеңінен талқыланды. Басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлерді Мәжіліс депутаттары Парламентте көтеретіндерін жеткізді.
Қос күндік іссапар барысында халық қалаулылары Жуалы ауданына барып, Бауыржан Момышұлы ескерткішіне тағзым етіп, генералдар алеясымен танысты. 91678 әскери бөліміне бас сұққан мәжілісмендер жауынгерлердің дайындықтарын бақылап қана қоймай, олардың отбасындағы әлеуметтік жағдайларға да көңіл бөлді. Сондай-ақ облыс орталығындағы бірқатар тарихи орындар мен мәдени нысандарды аралады.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support