- Advertisement -

«Жан-Нұр» жанға нұр сыйлайды

131

- Advertisement -

Қазір жастар медицина мамандарының кеңесіне зәру. Дәрігерге жағдайын ашық айтуға қымсынатындар көп. Осыдан кейін тап келген қиындықтарымен күресе алмай, салы суға кетіп, келеңсіз жайттарға душар болып жататындар да жоқ емес. Осыны ескерген облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2014 жылы «Амбулаториялық емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметі туралы ережені бекіту туралы» №7 бұйрығын жүзеге асыру және жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту мақсатында Тараз қалалық №2 емхананың жанынан «Жан-Нұр» жастар медициналық орталығын ашқан едік. Содан бері әлеуметтік жағдайы төмен жастарды қоғамдық ортаға бейімдеу міндеті жүктелген орталық жеткіншектерге медициналық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуде. Бұл жерде оларға акушер-гинеколог, дерматовенеролог, педагог-психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер, уролог мамандар кеңес береді.
Орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасы, ЖИТС орталығы, білім басқармасы, жоғары, орта және жалпы білім беру мекемелерімен бірлесе қызмет атқарады. Бүгінге дейін бізге 3000-нан астам жас келіп, қажетті медициналық көмек алды. Оның ішінде 10-17 және 18-24 жас аралығындағы мақсатты топ көбірек қамтылғанын айта кету керек.
Негізінен, бұл – 10-24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтауға бағытталған тиімді және жайлы әлеуметтік сервис жасау үшін таптырмас маңызды әрі қажетті орта. Орталыққа келушілер қажеттілігіне қарай репродуктивті денсаулық, жанұяны жоспарлау, зорлық мәселелері, жыныс жолымен жұғатын жұқпалар, ЖИТС мәселелері және әлеуметтік-психологиялық сұрақтарға жауап таба алады. Сондай-ақ жыл сайын тренингтер, дөңгелек үстелдер, сұрақ-жауап кештері, әңгімелесу, акциялар, байқаулар, әлеуметтік сауалнамалар сияқты алдын алу қызметтері де қосымша көрсетіледі. Соның нәтижесі болар, қазіргі уақытта жасөспірімдер мен жастар арасында ешқандай келеңсіз жағдайлар тіркелген емес. Болашақта да жайсыз жайттар орын алмауы үшін бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек.

Жеңіс ТОЙШЫБЕКОВА,
№2 қалалық емхананың бас дәрігері

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support