- Advertisement -

Саз әлемінің сардары

187

- Advertisement -

«Қол өнері кілемде, сөз өнері өлеңде» дегенді дана халқымыз текке айтпаса керек. Табиғи талантымен талайлардың жүрек қылын шертіп, саз әлемінің сардары атанып жүрген өнер иелері қай елде де, қай кезде де баршылық. Олар, әлбетте өнер академиясын, не болмаса өнер колледжін бітірген жоқ. Десе де ән мен жырдың ұшқыны өн бойын шарпыған адам қалай ғана өнерден алыс болсын?! Сондай игі жанның бірі – Манарбек Қойшыбаев.

Ол – Сарысу ауданына қарасты Өндіріс ауылының тумасы. Ауыл жұрты тегіс таниды, талантына бас иеді. Бала күнінен-ақ әртүрлі аспаптардың құлағында ойнап, мектеп қабырғасында жүріп-ақ облыстық, республикалық өнер байқауларының жеңімпазы атанған. Аудандық «Сарыарқа» ансамблінде өнер көрсеткен. Мұның өзі жас таланттың келешекте үлкен шығармашылық адамы боларын аңғартса керек. Мақсаты бөлек Мәкеңнің арманы үлкен сахналарға шығып, әуелете ән шырқау болатын. Еліміздегі ең іргелі өнер ордаларына оқуға түсуге ниеттенеді. Бірақ отбасының тілегі, тірегі іспетті жалғыз ұл болғандықтан, ата-анаға қарайласып қара шаңырақта қалып қояды. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы нағашыларының қолына барып, шығармашылыққа түбегейлі бет бұрады. Осылайша Манарбек небәрі жиырмадан енді асқан шағында «Шу өлке» музыкалық ансамблін құрған.
Шын талант тасада қалмайды ғой. Эстраданың маңдайы жарық жұлдызы Сәкен Майғазиевті сол ансамбль қатарына алып, өнер әлемінде қанатын қатайтты. Ал Сәкен тілшілерге берген әрбір сұхбатында Манарбектей ұстазын аузынан тастаған емес. «Ұстаздан шәкірт озады» деген осы болса керек. Манарбек Қойшыбаевтың әні мен сөзіне жазылған Сәкен Майғазиевтің орындауындағы «Аққулардың арманы» әні тыңдарман қауымды баурап алғалы қашан?! Бұл күндері танымал әнші Әйгерім Қалаубаева шырқап жүрген «Телефоным шырылдаса сен деймін» атты туындысы қазақ жастарының сүйікті әніне айналды. Тіпті бір жылдары бұл әнсіз тойдың көркі қызбайтын еді. Сазгер Манарбектің бұдан басқа да «Жол өткен», «Жиен бала», «Шудың бойын мекендеген бір елік», «Аяла», «Қара шаңырақ», «Мәңгі сәби Астана» сынды бірқатар әндері тыңдармандардың жүрегінен жол тапқан.
– Мен атақ-даңққа еш құмартқан адам емеспін. Үлкен сахналарда өнер көрсетпедім екен деп өкінген жайым жоқ. Есесіне көңілден туған әндерімді халық бірге шырқап жүр. Сол үшін де бақыттымын. Өмірлік жарым Майра екеуміздің Алла берген үш ұл, үш қызымыз бар. Олардан көрген немерелерімнің арасында ата жолын қуғысы келетіндері көп. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген. Бұл – өмірден ұққаным, адамның белгілі бір мөлшердегі маңдайға жазған бағы болады екен. Одан асып та, тасып та ешқайда баруымыз мүмкін емес. Сосын, менің жолымды қуған немерелерімнің бары қуантады. Бірі – әнші, бірі – күйші, енді бірі – ақын. Бірақ оларға өнер жолы – ең ауыр жол екенін ылғы айтып отырамын – дейді сарысулық сазгер.
Манарбек жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, жеке шығарма­шылық кешін өткізгісі келетінін жасырып қалмады. Ол туған жерге деген ыстық ықыласын өз әндерімен жеткізуде. Қазіргі әннен әнші көп, сапасынан саны басым қазақ эстрадасына Манарбек Қойшыбайұлындай шын таланттар қажет-ақ…

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support