- Advertisement -

Сізді қандай мәселе алаңдатады?

200

- Advertisement -

«Халық сөзі» айдарының кезекті жарияланымында облысымыздың бірнеше ауданын қамтығанды жөн көрдік. Тұрғындар тілегі жергілікті басшылықтың назарына ілінер деген ниетпен «Сізді қандай мәселе алаңдатады?» деген сауалды таңдағанбыз. Тілшілерімізге кездескен тұрғындар көптің көкейіндегі проблемаларды қозғапты…

Жөндеу жұмыстары
жүйелі жүргізілсе

Ғани ӘЛІМҚҰЛОВ,
Тараз қаласының тұрғыны:

Кейінгі жылдары Тараз қаласының әр аумағында жер астындағы жылыту, су, кәріз құбырларын қазып, жөндеу жұмыстары жиі жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл, әрине жақсы ғой. Десе де сол жөндеу жұмыстарының жүйелі түрде орындалғаны жөн емес пе? Неге десеңіз, әсіресе жаз айларында бір мезетте бірнеше аумақтың қазылып, қопарылғаны тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудыруда. Құрылыс кезінде арнайы жолақтар жасалып, жөндеу жұмыстарын рет-ретімен өткізуді ешкім қаперге алмайды. Қазылған аумақтағы тірліктің тезірек аяқталып, қазындының орны қайта жабылуы – мұң. Қайта жабылу жұмыстарының сапасы да сын көтермейді. Соның кесірінен ол орындар жазда шаң, топырақ, ал қыста лай, батпақ болып иленіп, көше көркін бұзуда. Ойдым-ойдым автожолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың тоз-тозы шыққаны да соның салдары. Осыны тиісті орындар назарға алып, жөндеу жұмыстарының жүйелі әрі қалпына келтіру шаралары сапалы орындалса деген тілегіміз бар. Шырайлы шаһарымыздың ажарына нұқсан келтірмеу, тиісінше оны көркейтуге үлес қосу – бәріміздің міндетіміз.

Әкімдер уәде берумен келеді

Гүлфайруз ТӨЛЕТАЕВА,
Жамбыл ауданы,
Шайдана ауылының тұрғыны:

Бүгінде ауылдар заман талабына сай дамып, гүлдену үстінде. Бір кездері біздер үшін орындалмас армандай болып көрінген игіліктер күнделікті қолданысқа енгізілгелі қашан?! Əлбетте, мұның барлығы Қазақстанның өңірлік даму бағдарламаларының жемісі деп білеміз.
Дейтұрғанмен, əрбір ауылдың өзіндік проблемасы, шешімін күткен мəселесі де жоқ емес. Халық биліктегілерге үмітпен қарап, бір жақсылықтан хабардар ететіндей елеңдеп отырған ондай мəселе біздің ауылда да бар. Бірінші кезекте ауыл халқы шағын болса да ауылдық амбулаторияны қажетсінеді. Күні бүгінге дейін ауылымызда медициналық пункт халыққа қызмет етіп келді. Бірақ оңтайландыру мақсатында болса керек, көршілес Пионер ауылында жаңа медициналық амбулатория ашылып, біздің ауылдың адамдары да сонда сабылуға мəжбүр. Екі ауылдың арасы 3 шақырымнан асады. Бұл жағдай қарт кісілер мен жаңа туылған балаларға күнделікті ине салдыру кездерінде, күннің қақаған суығы мен аптап ыстығында қиындық туғызуда. Сондай-ақ табан асты көмек керек бола қалған жағдайда да шайданалықтар шабылып, ақ тер көк тер болып жүргені… Бұл мəселені ауыл азаматтары бірнеше мəрте көтеріп, аудан атқамінерлерін хабардар еткен. Бірақ халық күткендей мардымды жауап болмай отырған сыңайлы.
Сонымен қатар облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан бола тұра, ауылдардың көбіне газ желісі тартылмаған. Ауыл, аудан әкімдерінің жыл сайынғы есептерінде, өзге де кездесулер барысында бұл мəселе ауыл азаматтары тарапынан үнемі айтылады. Жиындарда əне-міне деген уəдеге қарық болып қалатынымыз тағы бар. Естуімізше, ауылға газ тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып қойылса керек. Осы іс оң шешімін тапса деген тілегімізді жеткізгім келеді.

Шуда мәдениет ошағынан
тойхана көп

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Шу ауданының тұрғыны:

Шу ауданында кәсіпкерлік саласының жақсы дамығандығына дау жоқ. Соның ішінде, әсіресе жаңа нысандардың бой көтеруі көп кездеседі. Бір өкініштісі, жеке кәсіпкерлердің мейрамханалар, сауда үйлері мен техникалық жөндеу орталықтарын ашудан басқаны ойға алмайтындығы. Аудан ішіне кіргеннен, жол бойында қаптаған мейрамханалардан көз сүрінеді. Аптаның жеті күнінде де той жасаудан жалықпайтын қазақтар тойханаларға қыруар табыс түсіріп жатқаны да рас. Десе де пайда табудың өзге де жолдары жетіп артылады. Мәселен, ауданда ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрлар жоқтың қасы. Неше жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан бір ғана «Синема» кинотеатры бар болса, оның өзі әбден тозығы жеткен. Сырт жақтан қонақ келе қалса, қайда апарып қыдыртатынымызды білмей дал боламыз. Ең құрығанда балаларға арналған ойын алаңдары мен орталықтар ашылып, оның іші түрлі қызыққа толы болса, баласын жетектеген ата-ананың қарасы үзілмейтін еді. Сондықтан жергілікті жеке кәсіпкерлер осы жөнінде ойланса екен.
Мені толғандыратын тағы бір мәселе – аудандағы орталық базардың жай-күйі. Базар ішіндегі жолдардың шұрық тесігі мен томпиған тастары бірнеше сағаттап аралайтын тұтынушылар үшін жүруге ыңғайсыздық тудырады. Ал жауын жауа қалса, жамау көрмеген тесіктер арыққа айналады. Базар ішіндегі тазалық та ақсап тұр. Сондықтан жабайы базарымызды ретке келтіргеніміз жөн сыңайлы.

Жолдың жайы жанға батады

Меңдияр МӘМБЕТОВ,
Сарысу ауданының тұрғыны:

– Саудакент ауылында тұрамын. Өрт сөндіру саласында қызмет істедім. Ауданның тыныс-тіршілігімен жақсы таныспын.
Рас, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларды дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда ілкімді істер атқарылды. Оны тұрғындардың әл-ауқатының артып, тұрмысы түзелгенінен көруге болады. Тізіп айтатын тындырымды тірлік көп. Алайда әлі күнге түйіні тарқамаған түйткілді мәселелер де жоқ емес.
«Жолдың жайын жүрген білер» деген. Қай жерден өрт шықса, жедел сол жақты бетке алатын бізге жолдың жайы жақсы таныс. Мәселен, Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл сынды шалғайдағы ауылдарға қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейді. Кеңестік кезеңде қолданысқа берілген күре жол күні бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ой-шұңқырларды жамау – жол жөндеушілердің мерзімді жұмысына айналған. Бірақ жамап-жасқады деген «ырым-ишаралары» бір жауын-шашынға шыдас бермейді екен. Осылайша небәрі 80 шақырым жолдың «жыры» әлі күнге таусылар емес.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support