- Advertisement -

Шөңгер – «Шоң көр» ме, әлде шөгір ме?

611

- Advertisement -

Қазақтың кең даласы мен асқар таулары тұнып тұрған тарих. Әрбір жер-су атауларының өзі өткеннен сыр шертіп тұр. Сондай шежірелі жердің бірі – Шөңгер.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей, «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз». Құланның Шөңгер жазығы орналасқан көз жеткізгісіз таулы аймағы да сондай жер. Қарт Алатауды тел емген қазақ-қырғызды тонның ішкі бауындай байланыстырып жатқан жазық.
Шөңгер жазығы – Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылына қарасты жер. Бұл атауды шөңге сөзімен байланыстыратындар бар. Түбірі шөптің, қурайдың шөгірі деген мағына береді. Таулы алтайлықтар тілінде Чанкыр-Кобы – сай, ауыл аты. Чанкыр-Таш – тау, ауыл аты ретінде айтылып, «ашық көк, көгілдір көкшіл түсті тас» мағынасын білдіреді» деп Шөңгер атауын осы Чанкыр атауының дыбыстық тұрғыдан өзгеріске түскен түрі болуы мүмкін деген болжам да айтылады.
Тарихта біздің заманымыздың 742 жылы түріктердің қолбасшысы Құланда өлтіріліпті деген дерек те бар. Қарамағындағы бүкіл елге исламды мойындатқан Қарахан баба да Құлан шаһарының оңтүстік-батысында орналасқан Шөңгер жазығындағы үңгірді паналапты деседі. Қаһарлы билеушінің ғашығы Айша бибімен сырт көз, суық сөзден сақтанғанда мекен еткен жері екен бұл үңгір. Талай дүбірлі сәттің куәсі болған Құлан даласы ғой бұл.
Топонимикалық анықтамалықта Шөңгер атауын жоғарыдағыдай шөптің, қурайдың атауымен байланыстырса, ауылдағы қарияларымыз оның тарихын басқаша тарқатады. Көнекөздеріміз Шөңгерді қырғыздың «Шоң – көр» деген сөзінен шыққан дейді. Шоң – үлкен деген мағына береді. Ел аузында айтылып жүрген осы нұсқа шындыққа жақындау. Өйткені географиялық аймағына қарасақ, бұл жерді қырғыз-қазақ қатар пайдаланған. Оның үстіне сол маңда «Қырғыз өлген» деген жер бар. Осының өзі тарихи атауға жанасатындай.
«Шоң көр деген Кенесары ханның қырғыздарға қарсы шайқасқан жердің бірі деп ойлаймын. Осы маңда қырғыздың көп қолы шығын болған. Содан Шоңкөр аталып кеткен. Бертін келе дыбыстық өзгеріске ұшырап, Шөңгер деп айтылып келеді», – дейді тарихшы Әлімхан Мақұлбаев.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support