- Advertisement -

Менің Марал ағам

214

- Advertisement -

Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы

Марал ағаммен дәл қай жылы, қандай жағдайда танысқаным анық есімде жоқ. Жазғандарын оқып жүретін едім. Қордайдың Сұлутөрінен екенін білетінмін.

Алматыңызды да кештеу көріп, әдебиетіңізге де кештеу келдік. Жастар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем шығармаларға арналған жабық әдеби бәйгелерде жүлдегер атанып, Жазушылар одағын жағалап жүрген кезіміздің бірінде болар, ағамен танысып-біліскеніміз. Бірақ бірден қол алысып, қолтықтасып кеткеніміз жоқ. 1983 жылы «Жалын» баспасынан «Алма ағашының бұтағы» деген алақандай кітабым жарық көрді. Жабық бәйгеде жүлде алған повестер жинағым. Соған көп ұзамай Марал ағамның жағымды рецензиясы жарық көрмесін бе, «Қазақ әдебиеті» газетінде. О кезде бұл әдеби газетте тұңғыш кітапқа мақтап жазылған мақала басыла қоймайтын. Газеттің бас редакторы Оралхан Бөкеев соны айтқанда, Марал ағам: «Маған сен, бұл жігіт, сөз жоқ, қазақтың жазушысы болады», – деп табандап тұрып алыпты. Мен мұны кейін естідім.
Қай кезде де өзі барда өзгенің де болғанын қалай бермейтін пендешілік талайды иектегені белгілі. Ішіне шынашақ айналмайтын қу қызғаныш. Ал Марал ағамның ішінде шынашақты айтасыз атты кісі айналып тұратынын анық байқап, тап басып, таныған ек. Осындай болып тумаған адамнан шын мәнінде қалай жақсы, тегеурінді жазушы шығады?! Абзалы, алдымен азаматтығымен асып туғаны керегі, мына жарық дүниеге. Ағамнан осы кісілікті көремін. Қордайдың ұшар биігі Сұлутөрдің көк тіреген ерекше еңсесі келеді көз алдыма. Көп гүлдерімен көз жауын алған көкорай шалғыны, салған жерден сарайыңды ашатын таза, жұмсақ, жеңіл лебі, жота-жотасында жусап жататын күншуақ, момақан бұлақтардың көзінен мөлт-мөлт етіп көрінетін мөлдірлік… Осының барлығы Марал ағамның болмысынан менмұндалап тұратынына таңғалдым. Адам туған топырағына тартып туадыңыз – атадан қалған байлам. Өзегінде иман мен ізгілік өріліп, өмір-айлап өбектеп отыратын шығармалар осындай жазушыдан келер, дүниеге. Әдебиетіңіз Марал ағам сияқты әрнеге әсемпаздығы жоқ, жосылған жосықты ойлармен, көсілген көркем тілмен, тереңдігімен тепсініп тегеурін танытатын талғампаз таланттардың әлемі-ау деп те ойланамын.
Менің пайымдауымдағы ағамыздың бір қыры осы. Жан дүниесіне ары қарай енсек, кімді де күн көбірек түсетін жерге қарай икемдеп отыратын пейілі бөлек екеніне көзіміз жете түседі.
Біздің Қордай өңірінде біраз ақын, жазушылар туған ғой. Солардың ішінде жампозы Марал Ысқақбаев екенінде еш күмән жоқ. Ол талаптанған бауырларының қай-қайсысын да жетелеп, жебеп жүруге тырысты. Қабілеттері кедір-бұдыр болғандарын да қаперінен шығармайды. Әлі күнге дейін өлі-тірісін түгендеп, есімдерін құрметпен атап отырады. Осылардың біразының жазуының олпы-солпылығын айта қалсаң ұнатпайды. Айтатыны: «Жақыныңды жамандыққа қима!». Өткендегі болғандарына, бүгінгі барларына шүкір етіп жүретін қаламгерлер аз ба, көп пе, білмеймін. Аз деңіз, көп деңіз, солардың бірі Марал ағам екендігі сөзсіз. Барға қуанды бұл кісі. Өмірден озып кеткен бұрынғы жеңгеміздің кезінде жазғандарым жарыққа шыққан сайын, «Әй, Несіпбек, – деп телефон шалатын. – Жеңгең екеуміз ана дүниеңді оқыдық. Осындай он әңгіме жазсаң…». Даусында солай ете алсаң шіркін, дейтін үміт, тілек, сенім өбектейтін-ді. Өзімсінгені, әрине. Содан не шықты, оңқай асықтай он шығарма жаза алдым ба, жоқ па?.. Әй, қайдам-ау.
Ағамыз «Жазушылар» баспасының директоры болып тұрғанда, әлгі менің алақандай «Алма ағашының бұтағы» кітабымды орыс тіліне маған айтпай-ақ аудартқаны бар. Амал не, аударма көңілге қонбады. Басылуына келісім бермедім. Соны айтқанымда көзіне мөлтілдеп жас келген аудармашы қызға ағам: «Қалай болғанда да еңбек еттің. Ақыңды жемеймін, бір ретін келтіремін, қарағым», деп жұбатып жіберген. Өзге біреу, соның ішінде өзіміз болсақ: «Аудара алмапсың, өкпелеме, өкпелесең өзің біл», деп қолды сілтей салуымыз әбден мүмкін. Ал ағамның маған қарап, жайлап айтқаны: «Әйел затының көз жасынан қорқу керек…». Жастау кезінде жазған «Ғашық боп көрмеген келіншек» кітабының жалпы идеясы түптеп келгенде әйел затының обал-сауабы жайлы ойдан оянған шығар. Біраз өмір көрдік. Жазушы ағайындардың жан дүниесіндегі құбылыстар бір-бірімен үйлесе бермейтініне куәгерміз. Әрқайсысының алпыс екі тамырындағы дүмпулер әрқилы. Пайым, байламдары сан алуан. Жүрегінде жанартаулары атқылап жататындары бар, жарық сәулелері алабөтендері бір бөлек, жылы ағыстары жылжып отыратындары өз алдына, тепсініп кететіндері де жетерлік жұрт бұл. Солардың арасынан Марал ағам өзгемізде кездесе қоймайтын ізеті, иба-инабаты, мәдениетімен ерекше есте қалады.
Өмірімде Марал ағам жайлы тырнақтың сынығындай да әбес сөз естіген емеспін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Аңырақай шайқасына» ескерткіш орнату бойынша республикалық комиссия құрамына мен де енген едім. Комиссия төрағасы – Әбіш Кекілбаев ағамыз. Мемлекеттік хатшы болатын. Мойынқұм, Шу, Қордай тау-жоталарын араладық. Дастарханның ағыл-тегіл кезі. Отырыс көп. Тасөткелдің фазендасына келгенде комиссия мүшелері мейілінше еркінсіп, «Ереуіл атқа ер салмай» естеріне түсті ме, «еңку-еңку жер шалып» қоя берді дейтіндей әңгіме. Біреулер балық аулап, біреулері қырғауыл атқалы құрақ бойлап… Ал Әбіш аға екеуміз жасанды көлдің жағасын жағалап, ұзақ-ұзақ жүріп алдық. Әдебиет, оның тағдыры жайлы көсем ойлы, шешен тілді Әбекең көсіле сөйледі. Бір кезде білегімнен ұстай алып: «Осы Марал сенің ағаң емес пе?» деді. «Солай» дедім. «Жақын араласасыңдар ма?» «Бір-бірімізге сырттай тілеулеспіз». «Ол – бақ пен сордың арасындағы тағдырдың тамырын тарқатып бере алатын үлкен жазушы, үлкен жүректі адам. Өте жақсы көремін, өзін. Ағаңа жақындай жүргенің дұрыс».
Шыны керек қой, о кісі Алматыда, мен әуелі Қордай, одан Таразда жүргендіктен тонның ішкі бауындай болып жүре алмадық, Шерағаңмен сияқты. Мені қайдам, Марал ағам мейлі, әлгіндей болғанмен, мені қаперінен шығармай, көңіл қырын салып жүргенін білемін. Алпысқа келгенімде «Егемен Қазақстан» газетіне «Шынарға айналған шыбық» деп жүрекжарды мақала да жазды. Сонда оның Оралханмен болған әңгімесі есіме түсіп, кәдімгідей риза болып қалғанмын.
Ағамның бауырмалдығы, әсіресе ел-жұрт дегенде елжіреп тұрады. Қордайда өткен тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды түгендеп, шежіресін шегендеп кітап та жазды. Ұрпаққа аманат дүние. Жазушы нені жазса да әлгі ниет. Не білгені, не ойлағаны, нені арман­дағаны бәрі-бәрі адамдарға қалуы тиіс деп ойлайды Марал ағам.
Жазушы ағайындардың бір бөлегі жас кезінде Алматы кеткеннен ауылдан қара үзіп, кейін мерейтойларында «Атыңнан айналайын туған жерім-айлап» келіп жатады. Әрине бірдеңе дәметіп. Елден ешқашан тамырын үзбегендердің бірі – Марал ағам. Жақсысында да, жаманында да қалмай қатысып, ағайын-туғанның қасында жүреді. Болып жатқан шаруаға бас-көз болады. Ынтымақ, бірлікке шақырады. Тегі бірдің тебінгісі де бір, дегенді естеріне салады. Сондықтан да ол Қордайға құрметті. Қордайдың адал сүт емген перзенті. Әйгілі Ноғайбай, Кебекбай шешендердің, Өтеген батыр, ұлы композитор Кенен мен Байсерке күйшінің рухын көтеріп, туған жұртына ұлан-ғайыр ұлағатты ұран қылып жүрген қайраткер, бірегей ұлы.
Марал ағам сексен жасына осылай келді. Ғұмыры осылай жалғаса бергей! Ағам жайлы айтар алты ауыз сөзімнің жеткен жері осы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support