- Advertisement -

Меркіде мүмкіндік мол

161

- Advertisement -

Дегенмен ауыл шаруашылығын әлі де жетілдіру қажет

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандардың жағдайымен танысты.
Өңір басшысы алдымен Жамбыл ауылындағы №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне атбасын бұрып, ондағы ахуалды көрді. Іргетасы 1956 жылы қаланған мектеп ғимараты өткен жылы апатты деп танылып, жұмысы тоқтатылған болатын. 549 оқушының спортпен шұғылдануына жол ашқан мектепке ендігі жерде жаңа ғимарат керек. Сәйкесінше бүгінде жаңа спорт мектебінің құрылысына қажетті жер анықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлініпті.
Сонымен бірге, облыс әкімі Аңдас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығында болып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерімен жүздесті. Кездесуде өңір басшысы шаруаларға малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтып, жаңа технологияның тиімділігін жіліктеп түсіндірді. Тіпті, іргелес жатқан Қытай Халық Республикасында малды қолдан ұрықтандыруға баса назар аударылатынын, мал тұқымын асылдандыру өз кезегінде жыл-он екі ай бойы өнім алуға мүмкіндік беретініне тоқталып, мысал келтірді.
Жалпы, 2016 жылдың наурыз айында құрылған «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамында бүгінде 47 шаруа қожалығы бар. Былтыр шаруашылық құрылымдағы 1097 сауын сиырдан 2950 тонна сүт сауылып, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткеріліпті.
Мұнан соң, аймақ басшысы «Сыпатай батыр» кеден бекетіндегі құрылысы аяқталмаған қызметтік тұрғын үйдің жағдайын көзбен көрді. Кеден қызметінің таратылуына байланысты аяқталмай қалған нысан қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің иелігінде. А.Мырзахметов аудан әкімдігіне бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 20 жас маманға тұрғын үй ретінде беру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Келесі сәтте облыс әкімі «Орталық Азия қант бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі бөлімшесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен кәсіпорынның әлеуетімен танысты. 2003 жылдан бері қант шығарумен айналысатын серіктестікте 593 адам жұмыс жасайды. Ақпан-маусым айларында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорында тек соңғы 7 айдың ішінде жалпы құны 14 миллиард 654 миллион теңге болатын 73,8 мың тонна шекер өндірілген. Биыл қант зауыты 140 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ өңір басшысы Ойтал ауылының жанындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы Меркі өндірістік бөлімшесі меншігіндегі Үлкен Шу каналының батыс тармағына барды. Мұнда 2012-2013 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін Үлкен Шу каналы арқылы 10813 гектар алқапты суландыру үшін берілетін су көлемінің артуы жақын маңдағы Заводская көшесі тұрғындарына жайсыздық туғызып келген.
Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов ет консервісін, ет және шұжық өнімдерін өндіретін «Меркі ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. Кәсіпорын жыл сайын 250 тонна шұжық пен 262 мың дана консерві шығарады. Ал тәулігіне 300 ірі қара және 1300 ұсақ мал сойылады. Былтыр экспорт көлемі 213,1 тоннаны құраған. Оның ішінде 34,5 тонна ет Бахрейн мемлекетіне, 178,6 тонна ет Иранға экспортталған. Сонымен қатар, кәсіпорында құны 100 миллион теңге болатын ет өнімдерін қаптайтын цех іске қосылыпты.
Облыс әкімі Жамбыл ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Көлтоған» су қоймасының да жағдайына баса назар аударды. 2015 жылы нысанға 5,1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда 200 гектар аумақтағы егіс алқабын суландыруға арналған «Көлтоған» су қоймасы қазір істен шыққан. 2016 жылы Меркі өзеніндегі су көлемінің еселеп артуынан бөгетті су шайып кеткен. Бөгетті жөндеу жұмыстары қосымша қаржыландыруды талап етіп отыр.
Аудандағы ахуалмен толық танысып шыққаннан кейін А. Мырзахметов Меркі ауданы активімен қорытынды жиын өткізді.
Бір айта кетерлігі, соңғы кездері аймақ басшысының қатысуымен өткізілетін барлық жиындардың форматы өзгерді. Бұрынғыдай сала құлаш баяндама оқымай, нақты мәселелер мен түйіні тарқамаған түйткілдердің шешілу жолдары айтылуда. Әсіресе салалық басқар-малардың басшылары аудандағы олқылықтарды жасырмай, кеткен кемшіліктерді ортаға салуда. Бүгінгі басқосуда да бірқатар проблемалар күн тәртібіне қойылып, облыс әкімі тарапынан нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық- сметалық құжаттардағы құрылыс құны адам сенгісіз соманы құрайды. Осы мәселе жөнінде А.Мырзахметов тиісті сала мамандарына қаржыны қайта қарап, жүйелеуді шегелеп тапсырды. Сондай-ақ ауданда пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мақсатты пайдалану және оны түгендеу, шаруашылыққа қажетті ағын су мен жайылым жерлерін егістік жер санатына беру жайын қарауды қадап айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support