- Advertisement -

Өркендеудің жаңа экономикалық мүмкіндігі

102

- Advertisement -

Мемлекет басшысының Жолдауында сандық технологияларды дамыту негізінде 10 міндетті жүзеге асыру арқылы 4. 0 жаңа технологиялық қалыптағы экономикаға міндетті түрде көшуге кірісу ұсынылып отыр.
Бірінші міндетте алдымызға «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу» міндеті қойылды. Әлбетте, өндірістік үдерістерді цифрландыру мен қазіргі заманғы бизнес модельдерді меңгеру еңбек өнімділігі мен жалпы өндірістің тиімділігін арттыруға да септеспек. Жаңа индустрияландыру сұранысын қанағаттандыру үшін соған сәйкес заңнамалар, білім беру, коммуникация және стандарттау жүйелерін бейімдеу талап етілетіні белгілі.

Ал екінші міндетте табиғи қорларымыздың айрықша елеулі маңызы мен оларға деген қажеттіліктің сақталып отырғандығын, «шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтаудың» қажеттігін, оны кешенді ақпараттық технологиялық платформалар, энерготиімділікті, энергия үнемдеуді, өндіріс экологиясын біртіндеп баламалы «таза» энергиялық дамытуға көшіруді енгізу жолымен жүзеге асыруға болатыны атап көрсетілген.
Үшінші міндет 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыру мәселесін қамтиды. Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жаңа технологияларды пайдалану, саланы ғылыммен ұштастыра жүргізуді арттыру бағытын ұстануға тиіс.
Аграрлық ғылымды дамытуға қолдау көрсетілмей, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керектігін, «олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандар дайындауға тиістігін» әділетті тұрғыда атап көрсетті. Жолдауда егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдауды, «ақылды суаруды», жүргізушісі жоқ техника, жаңа технологиялар мен бизнес модельдерді енгізуді, минералдық тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелерін қолдану арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін әлемдік тәжірибе мысалдары да келтірілген. Ендігі жерде «Қазақстанда жасалған» табиғи брендіне ие өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығы ең басты сипатқа айналуы тиіс.
Экономиканы цифрлық модельге көшіруді интеллектуалды көлік жүйесін құрмай табысты жүзеге асыру қиын. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдардың тиімділігін арттыру жөнінде бұған дейін де айтылудай айтылып келді, аталған бағытта қазірдің өзінде қыруар жұмыстар жүзеге асырылып та үлгерді. Дей тұрғанмен, жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялар кең ауқымды түрде енгізіле қойған жоқ. Бұл – таяу уақыттың үлесіндегі міндет. Мемлекетіміз логистиканы интеллектуалдандыруды қаржыландыру көлемін 150 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға да әзір. Бұл іс өз кезегінде ішкі өңірлік қатынастарды жақсартуға да мүмкіндік бермек. Төртінші міндет осы тұрғыдағы мәселелерді жан-жақты қарастыруымен де құнды.
Бесінші міндетте құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологиялар енгізу де жоғары сұранысқа ие екендігі ұғынықты тілмен жеткізілген. Елімізде бір тұрғынға шаққанда баспанамен қамту соңғы 10 жыл ішінде 30 пайызға өсіп, 21,6 шаршы метрді құрап отырғанына қарамастан, бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Мұндай жетістікке жету жаңа құрылыс әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолданудың арқасында мүмкін болмақ. Құрылыс саласының міндеті – табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандыру үшін тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтыну шығындарын мейлінше қысқарту болып табылады.
Президент осы орайда ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталып, «Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажеттігін» де атап көрсетті. Бұл да биылғы Жолдаудың негізінен ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталып отырғанының жарқын мысалындай.
Қаржы секторын қарапайым тұрғындардың мүдделерін бақылау мен есепке алуды күшейту, банк иелері мен басқарушыларының жауапкершіліктерін арттыру арқылы «қайта жаңғыртудың» мезгілі пісіп-жетілген секілді. Алға қойылып отырған алтыншы міндетті жүзеге асыруда Ұлт Көшбасшысы «акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиістігін» айтып, осы мәселеге Ұлттық банк тарапынан бақылау жауапкершілігі болуы тиістігін нақтылап та берді. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға шығару жолымен қор нарығының дамуы мен инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға байланысты тапсырмалар жүктелді.
Ал жетінші міндетте атап көрсетілгендей, адами қапитал экономиканы жаңғыртудың негізі болды, болып қала да береді. Бұл жерде де ең маңыздысы мектепке дейінгі, жалпы және жоғары білім берудің жаңа стандарттарға кешенді көшірілуін қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық білім беру жүйесін жаңарту болып отыр. Осыған байланысты Президент «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиістігін» атап көрсетті. Шынында да педагогтерді оқыту мен олардың біліктілігін жоғарылату сапасына, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттыруға және жекеменшік капиталды тартуға айрықша назар аударылуы керек-ақ.
Сегізінші бағыт бойынша тиімді мемлекеттік басқару тетіктерін енгізу жайы тәптіштелсе, тоғызыншы міндетте жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі мемлекет пен қоғамды жаңғыртудың маңызды шарты болып қала беретіні айтылған.
Ендігі жерде өңірлік саясатты жүзеге асыру тәсілі шығындарды өңірдің жеке табыстарына теңестіруге көшірілмек. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарынан түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджетке беру жоспарлануда. Аудандық маңыздағы қалалар, ауылдар мен ауылдық округтер ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап дербес бюджетке және коммуналдық меншікке ие болғаны белгілі, бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде шын мәнінде де серпіліс туындатып отыр.
Ал Жолдау жүктеген оныншы қорытынды міндет «ақылды ұлт» үшін «ақылды қалалар» керектігін атап көрсеткен. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, жаңашылдық пен жасампаздықтың және ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың озық үлгілерін кеңінен таратудың қозғаушы күшіне айналуға тиіс.
Жолдау өзінің осындай құнды идеяларымен көңілімізге жарқын әсер сыйлап, ал алға қойылған міндеттер айрықша ауқымдылығымен таңғалдырып отыр. Бір анық жай, технологиялық серпінге ие аталған жоспарлар мен міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін алдағы уақытта мемлекет пен қоғамның, бизнес құрылымдары бірлесе орасан зор тірліктер атқаруға тиіс.
XXI ғасырдағы әлемдік өркениет сандық технологиялық дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Енді таяу жылдардан соң сандық үлгі мен үрдістерге негізделген экономикалық құрылымда түбегейлі өзгерістер орын алатын болады. Озық үлгідегі сандық технологиялардың экономиканың, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың барлық саласына белсенді түрде тереңдеп енгізілетіні анық. Біз күні кеше ғана сандық қоғамды болашақ дамуымыздың моделі түрінде айтып келген болсақ, ендігі жерде нақты іске көшудің уақыты келіп жетті. Бір сөзбен айтқанда, Жолдау еліміздің технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамуының жаңа кезеңіне тың серпін беруімен де айрықша құнды құжат деп санаймыз.

Бақтияр АЛДАШОВ,
«Talas Investment Company» ЖШС-ның басқарушы директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support