- Advertisement -

Адами капитал – өркендеу кепілі

208

- Advertisement -

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделу мен жетістікке жету жолдарын айқындап берді. Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек болып саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес. Сондықтан елімізге дамудың жаңа сапасы қажет екенін атап көрсетті.

Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізу үшін жаңа технологияларды қолға алу, ресурстық әлеуетті дамыту, агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистика, құрылыс пен коммуналдық секторларды дамыту, қаржы секторы мен адами капиталды жаңғырту міндеттерін шешуге жұмылуымыз қажет.
Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, халықты әлеуметтік қорғау үдерістерінің жалғасатыны да салиқалы саясат пен ұтымды бағдарламалардың нәтижесі екені анық. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты беру міндетін орындау мақсатында 2017 жылдан басталған «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту арқылы сұранысы жоғары, аса қажет мамандарды оқытып, қайта даярлау ісіне ерекше басымдық берілетін болса, ел экономикасының дамуына оң ықпалын тигізеді. Осы орайда алдымен елімізде тапшы мамандықтар бойынша мамандарды даярлауда жергілікті билік кәсіпорындар және кәсіпкерлермен бірлескен іс-қимыл жасауы – кезек күттірмейтін мәселе.
Адами капитал сапасының басты көрсеткіші ұстаз бен болашақ ұрпақтың білім деңгейінен айқын аңғарылады. «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деген Елбасының сөзі қойнауы құт-берекеге толы ауылдың тыныс-тіршілігіне, ондағы мектептердің жаңа келбетіне, жалпы алғанда, ұрпақтың лайықты әрі сапалы білім алуына зор мүмкіндік бергені анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады», – деп атап көрсетті. Бұдан біз алдымызда ауыл мектептерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұрғанын аңғара аламыз.
Мемлекеттің қуаттылығы халықтың білім деңгейі мен денсаулық жағдайына байланысты өлшенеді. Ғалымды да, инженерді де, дәрігерді де алғашқы кезеңде білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Адами капиталдың сапасын арттырудың негізгі бастауы да білім беру ісінің негізінде жатқанына салмақты түрде назар аударуымыз керек. Бұл сапа көрсеткішінің артуы тікелей ұстаздар қызметімен байланысты екенін аңғартады. Жолдауда ұстаз мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Қоғам алдындағы мұғалім мәртебесі мен олардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты қазіргі деңгейден де жақсара түсетін болса, адам капиталының сапасы да жоғары нәтижелерден көрінеді. Осы орайда қоғамымызда ұстаздарға артылатын жүк те, сенім де салмақты. Ұстаз мәртебесінің жоғары болуы – білім сапасын арттырудың бірден-бір кепілі. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Бұл дегеніміз ел мерейінің биіктеуіне, болашақ ұрпақтың саналы тәрбие алуына, өрендердің ел патриоты болуына тікелей оң ықпалын тигізеді. Елдің түрлі саласын жоғары деңгейге көтеру үшін кез келген адам өзінің жұмыс орнында, отбасында оған атсалысуы керек.

Жанар ОРЫНБАЕВА,
Жамбыл политехникалық жоғары
колледжінің директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support