- Advertisement -

Талай отбасына бақыт сыйлаған

110

- Advertisement -

Дәрігер-ғалым ретінде оның репродуктология саласында қол жеткізген ең үлкен жетістігі – бүгінге дейін қаншама отбасына бақыт сыйлап, көптеген жандардың үзілген үмітін жалғағаны еді. Сондықтан шығар, Тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын қалыптастыруға өзіндік үлесін қосқан «100 жаңа есімді» жариялағанда, көпшілік бұл тізімде Қазақстандағы бірінші денеден тыс ұрықтандыру лабораториясы – «Экомед» емханасының жетекшісі, репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың есімі енгізілгеніне шын қуанған болатын.

Біліктілігінің арқасында талай марапатқа ие болған Салтанат Берденқызын Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» атауы да бекер емес. Ол «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрмет белгісінің, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық cақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің және «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстандағы алғашқы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) лабораториясы – «Экомед» емханасын ашқан 22 жылдан бері осы саланың ісін ілгері басқызу үшін талмай еңбек етіп келеді.
Бұл туралы Салтанат Берденқызының өзі былай дейді: «1995 жылы «Экомед» емханасын ашуға бастамашы болып, қолдау көрсеткен жолдасым Батыр. Ал емханамыздың жоғары жетістікке жетуіне көмегі тигендердің бірі – Мәскеудегі «ЭКО» орталығының директоры, профессор В.М.Здановскийдің және Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медицина орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Құралбаев еді. Жұмысты жүйелі жүргізгеніміздің нәтижесі ғой, клиника ашылғаннан кейін, 9 айдан соң, 1996 жылдың шілде айында, денеден тыс ұрықтандыру әдісінің көмегімен орталығымызда алғашқы бала дүниеге келді. Қазір оның жасы 21-де. Шетелде оқып жатыр. Одан бері 15 мыңға жуық бала өмір есігін ашты».
Орталықтың Астана қаласында 5 жыл бұрын «Экомед Плюс» деп аталатын филиалы ашылған болатын. Тараз қаласындағы емдеу мекемесінің де жұмысы нәтижелі. Жалпы, «Экомед» орталығында жас мамандар даярлау және жаңа технологияларды енгізуге баса көңіл бөлінеді. Соның арқасында қазақстандық дәрігерлердің көмегіне жүгінетін шетелдік азаматтардың қатары артқан. Америка, Англия, Ресей, Германия, Түркия сынды елдерден келіп ем қабылдаған науқастардың дені сауығып, бала сүйіп жатқандар да бар.
Салтанат Байқошқарова денеден тыс ұрықтандыру әдісіне мемлекет тарапынан соңғы жылдары жақсы көңіл бөлініп жатқанын айтады. Үш жылдан бері өздігінен бала көтеру қабілеті жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота берілуі – соның дәлелі. Алғашқы жылдары республика бойынша 100 квота бөлінетін. Қазіргі таңда оның саны 600-ге жетіпті.
Ол өзінің «100 жаңа есім» қатарынан көрінгенін – еңбегінің бағалағаны деп біледі. «100 жаңа есім қатарына кіру мен үшін үлкен қуаныш. Бұл маған артылған зор сенім деп есептеймін. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдаймын, Мемлекет басшысының әр бастамасына үлкен үмітпен қарайтын адамдардың қатарынанмын», – дейді дәрігер-ғалым.
Орталық мамандары өздеріне қайырылған науқастарға ем жүргізіп қана қоймайды, ем алушыларға қолдан келгенше қолдау көрсетеді. Осы саланы дамыта түсу үшін шетелдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл бағытта түрлі ғылыми іс-шаралар ұйымдастырып, өткізеді. Салтанат Берденқызы алдағы уақытта Астанадан қазіргі заман талабына сай «Экомед» адам ұрпағын өрбіту және эмбриология институтын ашуды да жоспарлап отыр екен.
Есімі елге белгілі үздік жүз есімнің қатарына енген Салтанат Байқошқарова – халықаралық деңгейде танылған майталман медицина маманы. Оның Еуропалық адам ұрпағын өрбіту және эмбриология ассоциациясы мен ресейлік ассоциациясының мүшесі атанғаны да кездейсоқтық емес. Медицина ғылымында елуден астам зерттеу еңбек жазып, Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру тақырыбында алғаш кандидаттық, сосын докторлық диссертация қорғаған ғалым.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support