- Advertisement -

Әлеуметті алаңдатқан сан сауал

184

- Advertisement -

жауабы нақты, шешімі де табылады

DSC_1976 IMG_1958 IMG_5231 b0536806-6700-4f4f-a974-8db01ba34766

Жыл айрығында аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев «Jambyl» телеарнасында өткен «Әкім сағатында» өңірдегі ілкімді істерді тілге тиек етіп, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстардың жоспарларымен бөліскен болатын. Көрерменмен кері байланыс орнаған тікелей эфирде облыс әкімі әулиеаталықтарды толғандырған сауалдарға да кеңінен жауап берген еді. Дегенмен, 1 сағаттан асқан сұхбат барысында 10 ауданнан және Тараз қаласының тұрғындарынан келіп түскен толассыз сұрақтарды толық қамтуға уақыт жетпеген еді. Сондықтан, көрермен көтерген мәселелер арнайы Call-орталықта жинақталып, оған берілер жауап жергілікті баспасөз арқылы жарияланып отыр.

Жанұзақ Нəметқұлов, зейнеткер:
– Құрметті Кəрім Нəсбекұлы, қазіргі уақытта мемлекеттің қолдауымен су мәселесі шешілуде, жылдам интернет қосылуда. Біз Тараз қаласының «Бурыл» алқабында (Пушкин көшесінің аяғы) тұрамыз. Бүгінгі күнге дейін су және телефон жүргізуге қатысты мəселелер шешімін таппай отыр. «Қазақтелеком» желіні жүргізуге қажетті бағандарды өздеріңіз сатып алсаңыздар ғана жүргіземіз деп отыр. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыруды сұраймыз.

Жауап:
– Сәлеметсіз бе, Жанұзақ Нәметқұлов!
2018 жылы «Бурыл А, Б, В» алқабының сервистік су құбыры желілерінің құрылысын салу нысанына 334,6 миллион теңге бөлінді (оның ішінде: республикалық бюджет есебінен – 301 миллион 155 мың теңге, ал облыстық бюджет есебінен 33 миллион 461 мың теңге). Конкурстық құжаттар облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылды.
Сметалық құжат бойынша А.С.Пушкин көшесінің соңынан сервистік су құбыры өтетін болады.
Сонымен қатар, аталған алқапты сумен қамтамасыз ету үшін сметалық құны 194,2 миллион теңгені құрайтын «Бурыл А, Б, В» алқабында су құбыры жүйелерін ұлғайту құрылысы» нысанын жүргізу қажет. Қаржыландыру бойынша бюджеттік өтінім жоғары тұрған бюджетке ұсынылғанымен, бүгінгі таңда қолдау таппай отыр. Аталған мәселе назарға алынған.
Ал телефон байланысы бойынша «Бурыл» алқабы А.С. Пушкин көшесінің соңына сымсыз телефон байланысын және интернет (LTE 4G) желісін орнату «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекциясының Жамбыл ЖЖТТ-ға өтініш беру арқылы іске асырылады.

Рустам Құдайбергенов, Тараз қаласының тұрғыны:
– Мен Тараз қаласының І.Есенберлин көшесінің тұрғынымын (бұрынғы Фрунзе көшесі), бұл аумақты шаһардың орталығы деуге де болады. Бірақ, көшеде асфальт жол да, жарық та жоқ. Мектептен кеш қайтатын балалар үшін қиын, балшыққа аяғы тайып, құлап жатады. Осыған бір шара қолданылар ма екен?

Жауап:
– 2018 жылы Тараз қаласындағы І.Есенберлин көшесін асфальттау және жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасау жоспарлануда.

Сұрақ:

– «Шөлдала» елді мекеніне газ қашан тартылып бітеді? Сол «Шөлдала» елді мекенінің көшелерінде жарық жоқ. Онда тұратын адамдардың барлығы қарапайым халық. Түнде қатынау үшін бір вагон темір жолмен қатынас ұйымдастырса болмай ма? Өзіңіз айтқан 2025 жыл деген тым ұзақ, одан ертерек болса…
Жауап:
– 2017 жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы республикалық бюджет есебінен 646,1 миллион теңгеге «Шөлдала» тұрғын алқабына газ құбырын келтіру құрылысын салу» нысаны бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Алқаптағы жеке тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдарды, яғни газ, электр желілерін жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжат дайындауға қажетті қаражат көлемін анықтау үшін көшелердің сызбалары, топотүсірілім және үйлердің нақты саны туралы мәліметтер жинақталуы қажет. Қажетті мәліметтер жинақталған соң, жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаржы бөлу туралы бюджеттік өтінім жасалатын болады.

Мақсат Бимұрзаев:
– Сәлеметсіз бе, Тараз қаласының шағын аудандарының мүшкіл жағдайы туралы қала әкімінен жауап алсаңыз екен.
Жауап:
– Тараз қаласында 13 шағын аудан бар, оның екеуі жаңа. Қала әкімінің басшылығымен қоғамдық жұмысшылар және жекеменшік пәтерлер кооперативі арқылы көктем-күз айларында 2 айлық абаттандыру-тазалық жұмыстары жүргізіледі. Көп пәтерлі тұрғын үйлердің ауласында тұрғындардың өздері де сенбіліктер ұйымдастырып, тазалыққа атсалысуда. Шағын және орта бизнес өкілдері өз кәсіпкерлік нысандары орналасқан аумақты қоқыстан тазартып, ағаштың түптерін ақтап, жаңа көшеттер отырғызуда. 2018 жылы «Қауіпсіз аула» бағдарламасы шеңберінде 50 көп пәтерлі тұрғын үйдің ауласын жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Дегенмен, бірқатар көп пәтерлі тұрғын үйлер кооперативке кірмеген, кондоминиумға қосылуға заңды құжаты жоқ. Өкініштісі, сондай үйлердің аумағы қараусыз қалып, ауласында қатты тұрмыстық қалдықтар үйіліп, шығарылмай қалған. Соған қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің қадағалауымен «Жасыл Ел – Тараз» ЖШС қараусыз аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізуде және әкімдіктің тұрғын үй шаруашылығына жауапты бөлімнің мамандары тұрғындар арасында кооперативке бірігудің тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әкежан Саматов:
– «Арай» иінінде мектеп жоқ, жол жоқ. Қоғамдық көліктер мөлтек аудандарға қатынамайды. Осы мәселе қашан шешімін табады? Рахмет!
Жауап:
– Бекітілген аумақ бойынша «Арай» иіні «Мыңбұлақ», «Алатау» мөлтек аудандарында орналасқан №47 және №48 орта мектептерге, «Көктем» иіні №49 мектеп-гимназияға қарасты. Аталған білім мекемелерінде «Арай, «Көктем» алқаптарынан барлығы 472 оқушы қоғамдық көліктермен қатынап оқиды.
«Арай» және «Көктем» алқаптарында тұратын оқушылар үшін «Арай» алқабынан мектеп салуға қажетті жер телімін қарастыру туралы ата-аналар тарапынан ұсыныстар берілген. Бірақ алқапта мектеп ғимаратын салуға қажетті жер телімі болмағандықтан, аталған мәселе шешімін тапқан жоқ.
Осыған байланысты, жоғары орындарға берілген ұсыныстардың нәтижесінде «Арай» алқабына жақын орналасқан «Бәйтерек» мөлтек ауданынан салынатын мектеп құрылысының жобалық сыйымдылығы арттырылып, қазіргі уақытта 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектеп құрылысы 2018 жылдың 4-тоқсанында аяқталады.
Жаңадан салынып жатқан мектепке қатынайтын жолдардың барлығы қарастырылған. Мектеп ғимаратының құрылысы аяқталғаннан кейін «Арай» алқабының оқушыларын жақын орналасқан «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы мектепке орналастыруға толық мүмкіндік бар.
«Тараз қаласы, «Арай» алқабында қиыршық тасжолы құрылысы» нысаны бойынша мердігер «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС-мен 227,1 миллион теңгеге келісімшарт жасалды (2017 жылға 90,8 миллион теңге, 2018 жылға 136,3 миллион теңге қарастырылған). Мердігер тарапынан 2017 жылға жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы толық аяқталады.
«Арай» тұрғын алқабына Айша бибі көшесі арқылы тұрақты қалалық №23 автобус бағыты 10 кестемен (жүру аралықтары – 12-15 минут) және Домалақ ана көшесіне дейін тұрақты қалалық №1 автобус бағыты 14 кестемен (жүру аралықтары – 12-13 минут) үздіксіз қатынауда.
Сондай-ақ, «Көктем», «Арай» тұрғын алқаптарына Әбішев көшесі арқылы тұрақты қалалық №19 автобус бағыты 11 кестемен (жүру аралықтары – 12-15 минут) қатынайды. Аталған автобус бағыттарының қозғалыстары мөлтек аудандарды қамтиды.
Қазіргі таңда «Арай» тұрғын алқабында жол жағдайының нашар болу себебінен қоғамдық көлікті тұрғын алқаптың ішімен жүргізу мүмкін емес.

Ардақ (@ardon240489):
– Қазпоселокке қашан асфальт салады екен, мектеп, балабақша керек.
Жауап:
– Тараз қаласындағы Қазпоселок тұрғын аумағында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан 2019 жылға «Тараз қаласының газ тарату жүйелерін модернизациялау» инвестициялық жобасы аясында жерүсті газ жүйелерін жерасты полиэтилен құбырларына ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Осы себепті аталған аумақтың көлік жүретін жолдарын асфальттау жоғарыда айтылған жұмыстар аяқталғаннан кейін қолға алынады. 2018 жылы осы жолдарды асфальттау жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттары дайындалатын болады.

Instagram

@onlinetaraz:
– Құрметті Кəрім Нәсбекұлы! Тараз қаласындағы базарларды модернизациялау жұмыстары неге жүрмейді? Мөлтек аудандардағы жабайы базар тыйылар емес, қала тарылып жатыр. Көшелерде екі қабатты мейрамханалар мен базарлар көбейіп кетті, осы мәселелерді сəулет басқармасы неге қолға алмайды? Қала емес, ауылға айналып жатқандай.
Жауап:
– Қазіргі таңда Тараз қаласының аумағында 18 сауда базары жұмыс істейді. Оның ішінде «Атакент-Тараз», «Орталық базар», «Қайқармет», «Бек» базарлары талаптарға сай орналасқан. Ал «Жібек жолы», «Нұралы», «Ысты», «Дәулет» және автотауарлар базарлары жаңғыртуды талап етеді.
2017 жылы «Арзан», «Мыңбұлақ» сауда орталықтарында жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, 2018 жылы «Салтанат» базары жаңғыртудан өтеді деп күтілуде.
Қала аумағында заңсыз, белгіленбеген жерлерде сауда орындарының алдын алу және ретке келтіру мақсатында қалалық жұмысшы тобы жұмыс істейді.
2017 жылы қалалық жұмысшы тобы қала аумағында белгіленбеген жерлердегі сауда орындарына мониторинг жүргізіп, заңсыз орналасқан 10 сауда орнын анықтады. Қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 заңсыз сауда ошағы жойылды:
— Қазыбек би көшесі («Орталық гастроном» алды);
— Әйтеке би көшесі («Дәмдес» дүкенінің аумағы);
— Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысы;
— Байзақ батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылысы.
Сонымен қатар, Рысбек батыр, Т.Рысқұлов және С.Сейфуллин көшелеріндегі, «Сейфуллин» және «Лермонтов» аялдамаларының маңындағы сауда орындары ретке келтірілді.
2017 жылы Тараз қаласының Бас жоспарын жүзеге асыру бойынша қала құрылысы жобаларын дайындауға облыстық бюджеттен 311,4 миллион теңге бөлініп, мердігер «Табыс Жоба» ЖШС-мен Төле би, Абай, Жамбыл даңғылдарының, Комратов, Ы.Сүлейменов, А.С.Пушкин көшелерінің, қаланың орталық аумағының және Талас өзені бойының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары толық әзірленді.
Тараз қаласының орталық көшелерінің сәулеттік келбетінің негізгі тұжырымдамалары осы жобаларға енгізілген. Қала орталығындағы негізгі көшелер бойындағы нысандардың келбеті осы жоспарлау жобасында көрсетілген сәулеттік шешімдер негізінде реттелетін болады.
Бүгінгі таңда бекітілген қала құрылысы жобаларының негізінде қала құрылысы регламентін дайындап, бекіту көзделген. Бұл жұмыстар 2018 жылы іске асырылады. Осы құжаттар бойынша қала аумағындағы ретсіз салынып жатқан құрылыстарға, соның ішінде мейрамханалар мен базарларға заң жүзінде шектеулер қойылатын болады.

Сұрақ:
– «Қарасай» алқабына асфальт қашан салады екен, мектеп және балабақша керек.
Жауап:
– «Қарасай» алқабы Тараз қаласының солтүстік-шығысында орналасқан. Аумағы – 2100 гектар, ұзындығы – 2,2 шақырым, ені – 0,8-0,9 шақырым. Алқапты 5000-нан астам тұрғын мекен етеді. Алқап жеке меншік шағын үйлерден тұрады, тұрғындарының көпшілік бөлігін қазақ, түрік, орыс ұлттары құрайды.
Жалпы «Қарасай» алқабында мектепке дейінгі білім мекемелері мен жалпы орта білім беретін мектептер жоқ. Мектеп жасындағы балалар Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылына және Тараз қаласындағы №6, 14, 23 және басқа да мектептерге қатынап оқиды.
Аталған алқапта 5000-нан астам тұрғын тұратынын және оқушылардың Қызыл жұлдыз, басқа да қала мектептеріне қатынап оқуындағы қиындықты ескере келіп, 1000 орындық мектеп соғу қажеттілігі бар (10000 тұрғыны бар Тараз қаласындағы әрбір мөлтек ауданында 1176 орындық 2 мектептен орналасқан).
Бүгінгі күні «Қарасай» алқабының орталық аумағында мектеп салатын орын жоқ. Әрбір жекеменшік үйдің жер телімі 15-20 жүздікті құрайды. Аталған мектеп құрылысын салу үшін инженерлік инфрақұрылымды тарту қажет, яғни орталықтандырылған жылу, су, кәріз, электр жүйелерін жүргізу керек.
Жер телімі мен мектеп, балабақша құрылысын салу мүмкіншілігін анықтау үшін комиссия құрып, шешім қабылдануы тиіс.
2018 жылы «Қарасай» алқабының жолдарын жөндеу (асфальттау) жұмыстарына жобалық-сметалық құжаты әзірленетін болады.

Instagram

Айжан Әуелбекова, «Знамя труда» облыстық газетінің ақпарат бөлімінің редакторы:
– Сəлеметсіз бе, Кəрім Нәсбекұлы! Жақында жерлесіміз Сұлужан Əбенова «Мен қазақпын» мегажобасында көрермен көзайымы атанып, барлығымызды қуантқан еді. Алайда маған берген сұхбатында өңірімізге дəстүрлі өнер мектебі керек екенін тілге тиек еткен болатын. Мысалы, көршілес жатқан Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының əр ауданында бірнеше дəстүрлі əн мектептері бар. Жыршы-композитор Кенен Əзірбаев пен дəулескер күйші Əбдімомын Желдібаевтай тұлғаларды елге сыйлаған өлкеде таланттар аз емес.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, ұлттық өнерімізді сақтап қана қоймай, оны дамытуға үлес қосатын дəстүрлі өнер мектебін ашуға ықпал етсеңіз, нұр үстіне нұр болар еді.
Жауап:
– Сәлеметсіз бе, Айжан Әуелбекова!
Облысымызда жұмыс істейтін 60 мемлекеттік мектептен тыс мекемелерінің 14-і балалар өнер мектебі (Байзақ – 1, Жуалы – 4, Қордай – 1, Мойынқұм – 1, Т.Рысқұлов – 1, Сарысу – 3, Талас – 2, Шу – 1), онда 5377 бала түрлі бағыттағы үйірмелерде қосымша білім алады. Аталған өнер мектептерінде балалар «Дәстүрлі ән», «Шешендік сөздер», «Ши өнері», «Тоқыма тоқу», «Домбыра», «Қобыз», «Халықтық ұлттық аспаптар» т.с.с. бағыттарда білім алуда.
Өнер мектептерінің тәрбиеленушілері республикалық, халықаралық байқауларда жоғары марапаттарға ие болуда. Оның ішінде халықтың ұлттық аспаптар оркестрі, домбырашылар мен қобызшылар ансамбльдері де бар.
Сонымен қатар, осы өнер мектептерінде алған білімдерін жалғастыруға ниет білдірген түлектер Тараз қаласында орналасқан Абай атындағы гуманитарлық колледжінің «музыкалық білім беру» бөлімінде кәсіби білім алуға мүмкіндіктері бар.

Instagram

Әмре Елдос (@amreeldos):
– Тараз қаласындағы базарларда сауда жасайтын Қырғыз елінің азаматтары неге салық төлемейтіні баршаға аян. Салық инспекциясының қызметкерлері келгенде қырғыздар заттарын жинап, кетіп қалады. «Бек», «Ауыл – Береке» базарларының қожайындары басқа мемлекеттің азаматтарының бұл ісін жасырып-жауып отыр. Неліктен қадағалау жұмыстары жүргізілмейді?
Жауап:
– Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Қырғыз Республикасы ЕЭО-ға мүше болғалы бері көрші елдің азаматтарына уақытша тіркелу тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылы сондай 10 семинар-кеңес өткізілді. Тараз қаласындағы базарлардың иелеріне салық жүйесіндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіріліп, арнайы буклеттер мен кітапшалар таратылды. Осы мәселеге қатысты баспасөз беттерінде («Знамя труда», «Магнолия», «Новый регион», «Салық тәртібі», «Ақ жол») 6 мақала жарияланып, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулер өткізілді. Ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы, көлік бақылау инспекциясы бірлесіп, арнайы рұқсат құжатынсыз Жамбыл өңірінде сауда жасайтын Қырғыз елінің азаматтарының мәселесін талқылап, тиісті жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Қордай» шекара бекеттерінде мемлекеттік шекарада талон беру тәртібі талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, арнайы шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде қосымша 155 салық төлеуші бары анықталды. Оның 63-і – заңды тұлғалар, 93-і – жеке кәсіпкерлер.

ВКонтакте

Шынар Нұраханова, Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны, көп балалы ана:
– Əкім мырза, менің алты балам бар. Соңғысы – үшем. Үйіміз жоқ, пəтер жалдап тұрамыз.Тұрған үйіміздің иесі: «Пәтерді босат, сатамын!» – деп мазалап отыр. Қатты қиналып отырмын. Көмектесуіңізді өтінемін. Көмір жоқ, үй суық, балалар жиі ауырады. Аудан əкіміне түрлі сылтаумен кіргізбеді. «Нұр Отан» уəде берді, нәтиже жоқ. Бір ай бұрын райсобес бастығы 3 мүшек көмір, 2 келі гречка, 2 келі қант әкелді де, сонымен жоқ болды. Ол кісілерге бара алмаймын, үш баладан шыға алмаймын. Өтінемін көмектесіңізші.
Жауап:
– Тұрғын үй бойынша: Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңының 74-бабына сәйкес тұрғын үй кезек арқылы беріледі. Ауданның жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж адамдар есебінің дара (бөлек) тізімдерін жүргізеді. Олар:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
1-1) жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) осы Заңның 68-бабының 1-1)–5), 7)–11) тармақшаларында аталған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;
3) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.
Жоғарыда көрсетілген заңның 68-бабының 1-1) тармағында әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға көп балалы отбасылар да кіреді. Сондықтан, Сіз тиісті құжаттарды ұсына отырып, тұрғын үй кезегіне тұру қызметін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне аласыз.
Әлеуметтік көмек бойынша: Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысын (отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесін) есептеу арқылы жүзеге асырылады. Аталған әлеуметтік көмекті алу үшін Жұмыспен қамту орталығына жүгіне аласыз. Сізге осыған дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының тарапынан берілген көмек, демеушілерді тарту арқылы жасалған көмек болатын.

Instagram

Гүлназ Сералиева:
– Сәлеметсіздер ме, мен Меркі ауданы, Жамбыл ауылдық округі, Сара Рахманқұлова көшесі, №30 үйдің тұрғынымын. Мен тұрып жатқан жерде бос жатқан, қоқыс төгілген жер телімі бар еді, сол жерді өзіндік қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін өзіме алғым келеді, бірақ әкімдікке барсам, ол бос емес деп қайтарады. «Енді кімнің жері екенін анықтап білейін, рұқсат етіңіздер!» – десем: «Егесі бар», – дейді. Осы мәселені толық шешіп берулеріңізді өтінемін. «Әкім сағатына» хабарлассам, телефон желісі бос болмады, өтінемін осыны нақты анықтап, жауабын берсеңіздер.
Жауап:
– Сіздің сұрауыңыз бойынша бос жатқан жер телімін анықтау үшін ауылдық округ әкімі өз құзыреті шегінде аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жер телімінің алдын ала таңдау актісін жасатуға ұсынады. Алдын ала жер таңдау актісі бойынша аудандық жер комиссиясында қаралып, комиссия қорытындысы негізінде жерге орналастыру жобасы әзірленеді. Жерге орналастыру жобасына сәйкес кадастрлық автоматтандырылған мемлекеттік ақпараттық жүйеде жер телімінің бос немесе бос емес екендігі анықталады. Жоғарыда аталғандардың негізінде жер телімін заңдастыру үшін ауылдық округ әкіміне жазбаша қайырылсаңыз, өтінішіңіз заңға сәйкес қарастырылатын болады.

Гүлназ Сералиева:
– Рахмет, сіздерге! Және тағы бір мәселе: жаңа салынған көше болған соң, жолымыз нашар, соған асфальт салуға көмек берсеңіздер, көше тұрғындары қарапайым отбасылар.
Жауап:
– О.Үмбетов көшесі бойынан 2004 жылы 6 (алты) жер телімі беріліп, жаңа С.Рахманқұлова көшесі түскен. Қазіргі таңда 4 үйдің құрылысы аяқталған. Аталған үйлерге баратын жол 100 метр шамасын құрайтыны анықталды. Бұл көшеге жергілікті қауымдастық жиынында қаражат қарастырылса, бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті қаражат бөлінген жағдайда, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Гүлназ Сералиева:
– Өзім жұмыссызбын, бала күтіміндемін, күйеуім – жалдамалы жұмысшы, жер телімін алып, қосалқы шаруашылықпен айналысқым келеді.
Жауап:
– Бүгінгі күнге бірінші кезекте Меркі ауданы бойынша Қ. Сарымолдаев, Сұрат, Ақтоған ауылдық округтерінде жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сараптамалық қорытындысы дайындалуда. Осыған байланысты аталған округтерге қайырылып, жер телімін алуға кезекке тұруыңызға болады.

Instagram

@aladdyn4:
– Биыл пәтер беріле ме? «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бойынша осы жаңа жылға дейін беріледі деп еді…
Жауап:
– Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл филиалы арқылы пәтер алудың тәртібі:
1. Тұрғын үй заемы.
Тұрғын үй заемы – бірнеше жыл бойы соманың бөлігін жинай отырып, әрі қарай кредит алуды таңдайтын тұтынушыларға арналған банктің негізгі өнімі. Тұрғын үй заемы бойынша өзінің жинақтары және төмен сыйақы мөлшерлемелері есебінен кәдімгі ипотекалық кредитті өтеуге қарағанда, заемшыға түсетін күш бірнеше есеге аз болады.
2. Аралық тұрғын үй заемы.
Аралық тұрғын үй заемы – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің қосымша өнімі, онымен жинақтауға уақыты жеткіліксіз, бірақ, тұрғын үй құнының 50 пайызы бар тұтынушылар қолдана алады.
Аралық тұрғын үй заемын алу үшін клиентке ТҚЖ салымын ашуы және пәтер құнының 50 пайызын салу қажет, бұл ақшаны банк аралық заемды қамтамасыз етуге бағыттайды.
Сонымен қатар ол сомаға мемлекеттің жыл сайынғы сыйлықақысы және банктің сыйақысы есептеледі. Банк оның орнына салымшыға тұрғын үй құнынан 100 пайыз мөлшерде жылдық 5 пайыздан бастап 8,5 пайызға дейін (ЖТСМ 5,3 пайыздан бастап) заем береді.
Жинақ мерзімінің соңына қарай аралық заем клиенттің жинақтарымен және тұрғын үй заемдарымен өтеледі және сол себептен де өнімаралық заем деп аталады.
Сондай-ақ күткісі және жинағысы келмегендер өзінің тұрғын үй жағдайын қазір-ақ жақсарта алады және кейін тұрғын үй заемына өте алады.
3. «Нұрлы жер» (кредиттік тұрғын үй)
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша үй алу үшін пәтердің жалпы бағасының кемінде 30 пайызын (Алдын ала тұрғын үй заемы 5 пайыз (ЖТСМ 5,2 пайыздан бастап) ТҚЖ шартына жинақтау қажет және байқауға қатысу үшін соңғы 5 жылда сізде және сіздің жақын туыстарыңызда (жұбайыңызда және кәмелетке толмаған балаларыңызға) ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару немесе тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлату фактілерінің болмауы.
Сонымен қатар, қосымша байқауға соңғы 5 жылда сізде және сіздің жақын туыстарыңызда (жұбайыңызда және кәмелетке толмаған балаларыңызға) ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару немесе тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлату фактілерінің болмауы шектеуі алынатынын хабарлаймыз және ҚТҚЖБ-ның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен төлем қабілетін растау қажет.
2017 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Тараз қаласы, «Арай-2» мөлтек ауданында 6 тұрғын үй, жалпы 480 пәтер пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл филиалы арқылы 150 адам пәтерге ие болды. Сонымен қатар, қазіргі таңда пәтер алуға қосымша өтініштер қабылдануда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы барлық тұрғын үй нысандары туралы деректер, өтініш беру, басқа да көптеген қызмет түрлерін baspana.kz сайтында көре аласыз.

facebook

Қымбат Әбдрахманова:
– Сәлеметсіздер ме, бізге сіздердің көмектеріңіз қажет. Менің қайын інім эхинококкоз деген жаман аурумен ауырғанына 12 жыл болды. 5 рет операция жасаттық көмектеспеді. Одан ары асқынып, үлкейіп жатыр. Үмітімізді үзген едік. Бірақ интернеттен Юджин клиникасын көріп қалдық, олар емделуіне 100 пайыз кепілдік береміз деді. Үміт қайта оянған сияқты болған еді, бірақ еміне 5 миллион теңге сұрап отыр. Әрине, ондай ақша бізде жоқ, таба алмаймыз да. Несие алсақ та, жетпейді, зейнеткерге аз ақша шығады ғой. Енді бар үміт сіздерде. Өтінеміз, кім қаншалықты көмектессе де, ризамыз. Өтірік айтады деп сенбейтін шығарсыздар. Елді алдаудан аулақпыз. Ол әлі жас жігіт. Оның отбасылы, балалы болғанын көргіміз келеді. Көмектескен адамдарға Алла жар болсын! 87024999976 АЯН ХАЛЫҚ БАНК 4402 5735 6165 0732 AYAN ALTYNBEKOV
Жауап:
Сәлеметсіз бе, Қымбат Әбдрахманова!
– Қазақстан Республикасының қолданыстағы бюджет қорынан қайрымдылық шаралары үшін қаражат бөлу мәселесі қарастырылмаған.
Алайда, Сіздің қайын ініңіз, эхинококкоз диагнозымен диспансерлік есепте тұрса, «Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс мамандары туралы» 2017 жылы 24 ақпанындағы №175-ө бұйрығымен бекітілген, штаттан тыс хирург маманынан кеңес ала алады. Науқасты қарап, ауру тарихымен танысып, нәтижесінде қандай ем, ота қажеттігіне кеңес нәтижесінде қорытынды жасалады. Науқастың қолында амбулаторлы картасы, іш қуысының УДЗ-і, биохимиялық анализдері болуы қажет. Кеңес нәтижесінде сырқатына байланысты «А.Н Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-на портал арқылы кеңес алуға немесе ем алуға жіберуге болады.

facebook

Мәкен Уақтегі:
– Кәрім Нәсбекұлы, Шу ауданы Төле би ауылы тұрғындарын газдандыру жұмыстарына Қазақстанда жоқ, қымбат бағаны ұсынып отырған «Париев» ЖШС-на тоқтау салар күн болар ма екен?
Жауап:
– Сәлеметсіз бе, Мәкен Уақтегі!
Шу ауданы Төле би ауылының тұрғындарының өтініштеріне сәйкес тиісті құзырлы мемлекеттік органдардың және Жамбыл Өндірістік Филиалы «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы өкілдерінен құралған арнайы топ, Төле би ауылына газ кіргізу бағасын анықтау мақсатында жергілікті жерге шығып, тұрғындармен бірлесіп зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу барысында ауылдық округ әкімінің тарапынан Төле би ауылын газдандыру бойынша тұрғындармен өткізген жиналыста «Сетевые Технологии Ломар» ЖШС және «Париев» ЖШС компаниялары ұсынылып, жиналыстың қорытындысы бойынша тұрғындар «Париев» ЖШС-на таңдау жасап, газ жүргізу жұмыстарын атқаруға келісімін берген.
Төле би ауылдық округі әкімінің өтініші бойынша Жамбыл Өндірістік Филиалы «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы 2015 жылдың 5 мамырында №1492 «Ішкі кварталдық газ желілерді жобалауға және орта қысымды газ құбырына қосуға техникалық жағдайлар» «Париев» ЖШС-на берілген.
2015-2016 жылдары Төле би ауылында 4165 үйдің 105 үйіне газ тартылып, жеке есептегіш құрылғылар орнатылып, 285 үй иелерімен келісімшарт жасалған. 2016 жылы ауылдың тұрғындарына газ кіргізу бағасының құны 570,0 мың теңге болып «Париев» ЖШС-мен және тұрғындар арасында келісімшарт бойынша бекітілген (оның ішінде: магистральдық газ құбыры – 60,0 мың теңге; үйге кіргізу – 120,0 мың теңге; ішкі кварталдық жүйесі – 390,0 мың теңге).
Тұрғындардың газ кіргізу бағасын арзандату туралы өтініштеріне сәйкес 2017 жылы Төле би ауылына «Париев» ЖШС салынған ұзындығы 8,7 шақырым газ келтіретін құбырды мемлекеттік теңгеріміне сатып алуға облыс бюджетінен 251,0 миллион теңге бөлініп, Шу ауданы әкімдігінің теңгеріміне берілді. Бүгінгі таңда әр үйге газ кіргізу бағасы 475,0 мың теңгені құрайды (оның ішінде: үйге кіргізу – 120,0 мың теңге, ішкі кварталдық жүйесі – 355,0 мың теңге).
Қазіргі таңда баға бойынша Төле би аудандық сотында іс қаралуда және Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті 2017 жылдың 11 тамызынан бастап іс жүргізуде.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы №132 конституциялық Заңының 1-бабына сәйкес, сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды делінген. Сондықтан, сот органдары арызды қарап, шешім шығарылған ретте осы мәселе құзырлы органдармен қаралатындығын хабарлаймыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support