- Advertisement -

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

118

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова ашып-жүргізген жиында Тараз қаласындағы бірқатар білім нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын зерделеген тексерудің нәтижесі қаралды. Қорытынды мәліметті комиссия мүшесі Нұрлан Еркебаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Тараздағы №38 орта мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары кезінде бірқатар кемшілікке жол берілген. Алайда, кем-кетікті түзеу үшін берілген қосымша мерзімде бәрі түзетілген көрінеді. Бұл жөнінде Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева түсінік беріп, айтылған ескертпелердің бәрі түзелгенін жеткізді. Қазір аталған білім ошағында сабақ кесте бойынша өтіп жатыр екен.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Бақыт Төлемісова партияның Шу аудандық филиалы қоғамдық қабылдау өткізу мәселесіне баса назар аудармай отырғанын айтып, сынады. Мысалы, ауданда тұрғындардан 263 өтініш түссе, ол 30 пайызға ғана орындалған. Электронды жүйемен жұмыс жүргізу жағы да ақсап тұр. Аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары жылына 4 рет қоғамдық қабылдау өткізу қажет болса, олар бұл талапты орындамаған. Кейбір депутаттар өздеріне осындай міндет жүктелгенін мүлдем естен шығарған. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Әліпбаев орын алған кемшіліктерді толық мойындап, алдағы уақытта олқылықтарды түзеуге уәде берді.
Партиялық бақылау комиссиясы қаралған мәселелер бойынша бірқатар шешімдер қабылдады. Жиынды Дария Қожамжарова қорытындылап, әр тұрғынның өтініші маңызды екенін, барлық талаптарға жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support