- Advertisement -

Қоғамдық келісімнің ашық алаңы

147

- Advertisement -

Елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығының арқасында өңір экономикасы қарқынды дамып келеді. Бұған сөз жоқ, аймақтық Ассамблея төңірегінде топтасқан этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қосқан үлесі де қомақты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесуде осыны баса айтты.
Аймақтық Ассамблея тарихы облыстағы грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс қауымдастығының құрылуынан бастау алады. Бүгінде өңірде 80-ге жуық этномәдени бірлестіктердің басын біріктірген қоғамдық институт келісім мен татулықтың темірқазығына айналған.
– 2017 жылы қазақстандықтар экономикалық дамудың жаңа моделін құру үшін Үшінші Жаңғыру кезеңін бастады. Астана төрінде әлемді өзіне қаратқан бірнеше ірі халықаралық іс-шаралар өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің озық үлгісін барша әлем мойындады. Елордамыз әлемде бейбітшілік орнату жолындағы келісім алаңы ретінде тағы да танылды.
Биыл Мемлекет басшысының облысымызға сапары барысында 80-нен астам этнос өкілі мекендейтін аймақтағы келісім мен бірлік жарасымы тағы да паш етілді. Біз барлық ұлт өкілдерінің өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы үшін тиісті жағдай жасаймыз, – дей келе Кәрім Нәсбекұлы өңірдегі қоғамдық келісімнің тұрақтылығының арқасында қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті.
Кездесуде ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Ассамблея мүшелері Мейрамбек Төлепберген және «Насими» әзірбайжан мәдени орталығының жетекшісі Гүлханум Мухамеджанова Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен наградталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығының жетекшісі Гульага Джамалов, «Қарашай-балқар «Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық «Архыз» филиалының мүшесі Назби Гочияев, «Днепро» украин мәдени орталығы төрағасының орынбасары Василий Мазур, Ассамблеяның Алғыс хатымен «Қытай мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Воробьева марапатталды. Ал облыс әкімінің гранты 24 этномәдени бірлестіктердің жетекшілеріне тапсырылды.
Иә, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев айтып өткендей, бұл – этномәдени бірлестік өкілдерінің елдегі қоғамдық келісімді нығайтудағы қосқан үлесінің жемісі. Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы бекіткен осындай үлкен марапатқа таяуда меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Минаков та ие болған. «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталған жерлесіміздің жетістігін атап өткен Кәрім Нәсбекұлы өңірдегі қоғамдық келісімді нығайту жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың атқарған жұмыстарына оң баға берді.
Өз кезегінде «Днепро» украин мәдени орталығының жетекшісі Федор Клименко этномәдени бірлестіктерді дамытуға қолдау көрсеткені және аталған орталықтың ІІІ халықаралық фестивальға қатысуына ықпал еткені үшін өңір басшысына алғыс айтып, Парламент Мәжілісінің депутаты, украин мәдени орталығының төрағасы Юрий Тимощенконың жолдаған Алғыс хатын табыстады. «Махмуд Қашқари» атындағы ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Мухаббат Турдыева да облыс әкімі тарапынан өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін сақтауға үлкен қамқорлық жасалып жатқанын айтып, ризашылық білдірді.

Ардақ Үсейінова
Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support