- Advertisement -

Аңшылық алқаптар бекітіліп берілді

378

- Advertisement -

Біздің мекемеміз жануарлар дүниесiн қорғауға және өсiмiн молайтуға мемлекеттік бақылау жүргізеді. Сондай-ақ жануарлар дүниесіне мемлекеттік санақ, кадастр және мониторинг жүргізілумен шұғылданады.
Жалпы аумағы 14430,0 мың гектарды құрайтын облысымызда 11 миллион гектардан астам аңшылық алқабы бар. Қазіргі таңда шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген, аң-құстарына сипаттама жасалынған, санаты мен шекарасы анықталған 48 аңшылық алқаптың аумағы 2,3 миллион гектарды құрайды. «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес шаруашылық жұмысын жүргізу үшін аталған аңшылық алқаптарды 30 шағын және орта кәсіпкерге (табиғат пайдаланушыларға) санатына байланысты 10 жылдан 49 жылға дейінгі ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. Мұндағы аң-құстардың 17 түрін аулауға рұқсат етілген. Оның ішінде тұяқты жануарлардың үш түрі (сібір тау ешкісі, елік және қабан), ал терісі бағалы аңдардың алты түрі (түлкі, қарсақ, борсық, қоян, суыр, ондатр) және қанатты құстардың сегіз түрі (қырғауыл, шіл, кекілік, қаз, үйрек, қасқалдақ, кептер және бөдене) бар.
2017 жылы бекітіліп берілген аңшылық алқаптардағы жабайы жануарларға жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша және 2016 жылғы санақпен салыстырғанда тұяқты жануарлардың саны – 1072, терісі бағалы аңдар – 2453, қаз, үйрек және қасқалдақ – 7697, қырғауыл, шіл, кептер, кекілік және бөдене 3894 басқа көбейген. Аң-құстардың көбеюінің себебі қадағалау ауқымының ұлғаюымен де байланысты. Мысалы, былтыр 34-ақ аңшылық алқап болса, биыл олардың арнайы бекітіліп берілгендерінің саны 48-ге дейін өсіп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығымен бекітілген «Аң аулау ережесінде» аң аулауды өткізудің нақты мерзімдері көрсетілген. Қазіргі таңда 2018 жылға облыс аумағындағы резервтік алқаптан 65 мың гектарға 3-4 аңшылық алқаптың учаскелерін анықтау үшін шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру бойынша ғылыми жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген биоресурстарды, атап айтқанда өсімдіктер мен жануарларды, қорғау үшін өңірімізде жеті ерекше қорғалатын табиғи аймақтар құрылған. Олардың ішінде облыс аумағында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы мен мемлекеттік қорық аймағының Жусандала бөлігі және «Андасай», «Берікқара шатқалы», «Қарақоңыз шатқалы», «Үмбет», «Меркі» секілді 5 мемлекеттік табиғи қаумалы да бар. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың жалпы көлемі шамамен 3,0 миллион гектарды құрайды. Инспекцияның ұсынысы бойынша жергілікті маңызы бар «Меркі» табиғи қаумалы өткен жылы ғана құрылды. Қазіргі уақытта «Жуалы-Қарашат» табиғи қаумалының құжаты дайындалуда. Ол Жуалы мен Талас аудандары аумағында орналасатын болады. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда құлан, арқар, дуадақ, безгелдек, бурыл аюы, ілбіс, сілеусін және тағы басқа – барлығы 17 аң мен құс түрі мекендейді. Инспекцияның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларға жүргізген есебі бойынша, 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы олардың саны 1110-ға көбейген. Берікқаралық терек, қызғалдақтың бірнеше түрі, сиверс алма ағашы және шамамен 30 түрлі басқа да өсімдіктер өседі. Бұл өсімдіктер де «Қызыл кітапқа» енгізілген және мемлекеттің қорғауында.
Өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 15 маусымда бірқатар өзгерістермен, толықтырулармен толықтырылғаны белгілі. Ал аңшылық шаруашылығының басты түрі – жабайы аң-құсты өсіруді дамыту, аңшылық шаруашылығын жүргізуді жандандыру үшін жағдай жасау мақсатында «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына жеке меншіктегі жануарларды қолдан өсірумен маманданатын «фермерлік аңшылық шаруашылығы» ұғымы енгізілді. Аңшылық мақсатта мұндай шаруашылықтар үшін оларға аналық басты қалыптастыру және кәсіпкерлік қызмет мақсатында оны әрі қарай өрбітіп-өсіру үшін жануарларды табиғаттан алу құқығын беру рәсімдері жеңілдетіледі және фермерлік аңшылық шаруашылықтарында еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарларды пайдалануды олардың иеленушілері айқындайтын болды. Аталған заңда осы бағыттағы жұмыстарды қолдау мақсатында аңшылық шаруашылықтары үшін, олардың өсірген жануарларды пайдалану тәртібі мен мерзімін өздері анықтау құқығын беру де қамтылған.
Нұрғали НИЯЗҚҰЛОВ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support