- Advertisement -

Он бір айдың қорытындысы қаралды

95

- Advertisement -

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында бірқатар өзекті мәселе қаралды. Оның алғашқысы – «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мәселелері» туралы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Зәуірбеков пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдин хабарламалар жасады. Ал облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков облыс бюджетінің, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова 2017 жылғы 11 айдағы өңір экономикасы өсуінің нысаналы индикаторларының орындалу барысына егжей-тегжейлі тоқталды.

Орманды қорғау ойдағыдай емес

Облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатқан өңіріміздегі орман қорының жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде орманды жер – 2,2 миллион гектар. Өкінішке қарай, осыншама қазынамыз қауіп-қатерден қорғалған деп сеніммен айта алмаймыз. Себебі ағымдағы жылдың өрт қаупі бар маусымында орман қоры жерінде 7 бірдей өрт оқиғасы тіркеліп, оның жалпы аумағы 11283,4 гектарды құраған. Бұдан келген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуықтайды. Мамандар отқа оранған аумақтың ауқымды болуы себебін ауа-райының ыстықтығынан, желден, техникалардың жетіспеушілігінен деп түсіндіреді. Алайда ең сорақысы, биылғы жылғы 23 маусымда Мойынқұм мен Шу аудандарының аумағында орын алған өрт оқиғасында негізінен жауапты мекемелердің, қала берді аудан әкімдерінің немқұрайдылығынан өртенген аумақ көлемі еселеп ұлғайған. Себебі екі аудандағы тиісті құзырлы орындар басшылары ол жердің өздеріне тиесілі емес екендігін айтумен уақыт оздырып алған. Нәтижесінде Мойынқұм аудандық әкімдігінің техникаларымен, адам күшімен 23 маусым күні сағат 10.09-да басталған тілсіз жау келесі күнгі түнгі сағат 04.00 кезінде бір-ақ «ауыздықталған». Ал, Шу ауданының әкімдігі тек адам күшін ғана жұмылдырумен шектелген. Осыған байланысты орман шаруашылығы мекемелерінің 4 директоры тәртіптік жазаға тартылып, тікелей жауапты 2 маман қызметтерімен қош айтысқан. 1 директордың орынбасары қызметінен төмендетіліпті. Жалпы, биылғы жылдың 11 айы ішінде табиғат қорғауға байланысты заң талаптарын, орман шаруашылығы заңнамаларын бұзушыларға 3 миллион 336 мың теңге көлемінде айыппұл да салынған.
Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдиннің айтуынша, инспекция тарапынан орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен кәсіпкерлік нысандарына биыл 87 тексеру жүргізіліп, 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Рейдтік тексерулер жүргізу барысында 268 дерек анықталып, тиісті жауапты тұлғаларға 3 миллион 205 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ еліміздің «Қызыл кітабына» енген жануарларды ату бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген. Оның бірін шетел азаматы жасағаны анықталып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген, автокөлігі тәркіленіп, еліне қайтарылған.
Орын алған тағы бір келеңсіз жайт, орман шаруашылығы мекемелері орман қоры жерлерін жайылымдық пен шабындыққа ретсіз бөлуде. Соның салдарынан онда мекендейтін сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан жануарлар басқа өңірлерге ауып кетуі байқалуда. Мәселен, Жамбыл ауданындағы орман қоры аумағында орналасқан «Ботамойнақ» аңшылық шаруашылығы жануарлар өсімін молайту және тыныштық аймағын орнату туралы тиісті органдармен келіскенімен, аумақтағы жерді мал жайылымы үшін берген. Нәтижесінде жабайы жануарлар шағылысуының саны азайып, олар Қырғыз Республикасының аумағына қоныс аудара бастаған. Мұнымен қоса, облыс аумағындағы өзендер мен көлдерде су көбейіп, арнасынан тасыған кезде балықтар сумен бірге ағып кетіп, қырылу қаупі де туындайды. Мұндай деректер Талас, Аса өзендерінің арналарында тіркелген. Бірақ, табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасының аудандық бөлімшелері балықтарды құтқару жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыра алмаған.

Сексеуіл ағашын қорғау жұмыстарында да оң нәтиже бар. Өткен жылы заңсыз кесілген 140 текше метр сексеуіл отыны тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 70 текше метрге азайған. Мұның бір себебін Мақсат Зәуірбеков сексеуіл ағаштарын кесуге, сатуға қатысты заңнама талаптары күшейтіліп, орман шаруашылығы тарапынан қатаң бақылауға алынғандығымен түсіндірді. Алайда, облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселеде қарапайым халықпен де санаспаса болмайтындығын ескертті. Өйткені, Мойынқұм ауданының біраз тұрғыны өзіне осы мәселе бойынша қайырылғанын, жергілікті халыққа көмірді жеткізу қиын әрі қымбат екенін айтты. Сондықтан жоспар жасап, белгілі бір уақыттарда шіріген, көпжылдық сексеуілдерді кесуге тұрғындарға рұқсат берудің жолдарын қарастырған дұрыс деді.

Жалпы, орман қоры жерінде құрамында 404 жасақ бар 51 өрт сөндіретін топ құрылыпты. Орман шаруашылығы мекемелері жанынан орман өрт сөндіру стансасының құрамында 9 адамнан, барлығы 126 жасақ бар. Ауылдық елді мекендерде 2180 адамнан құралған 171 ерікті өрт сөндіруші құрылымдар ұйымдастырылған. Өртке қарсы 57 автомашина, 39 соқалы трактор, 3 тонналық тіркемелі 14 әмбебап цистерна, 97 өрт сөндіргіш пен 580 шартылдақ дайындалған. Орман қорына 38 өрт бақылау мұнарасы мен 16 бекет қойылыпты. Мұнымен қоса, биылдан бастап 1 ұшақ пен 1 тікұшақ облыс орман қорының 3,2 миллион гектарын әуеден күзететін болады.
Хабарламашылар сөзін мұқият тыңдаған Кәрім Көкірекбаев:
– Ашығын айту керек, кейбір аудандағы орман шаруашылығының қорықшылары өздерін сол жердің қожайынындай сезіне бастаған. Қалаған аңын атып алып, жанына жақынына заңсыз сейіл құруға рұқсат беретін болған. Ондай қорықшылардың аты-жөндеріне дейін бізге белгілі. Бірақ, нақты көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң, әзірге шара қолданылмай келеді, – деп мекеме басшыларына жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Игерілмеген
қаржы бар

Осы жылдың 1 желтоқсанына облыс бюджетінің кірістері бойынша жоспарда 218 миллиард 48,8 миллион теңге болса, жоспар 223 миллиард 270,6 миллион теңгеге, яғни 102,4 пайызға қамтамасыз етіліп, 5 миллиард 221,9 миллион теңге бюджетке артығымен түскен.
Дегенмен, меншікті кірістер жоспары Талас ауданы бойынша 26,4 миллион теңгеге кем орындалған. Облыс бойынша жоспардағы 225 миллиард 787,3 миллион теңгенің 4 миллиард 956,7 миллион теңгесі игерілмепті. Облыстық бюджет шығыстары бойынша жоспарда 201 миллиард 531,1 миллион теңге болса, оның 2 миллиард 350,3 миллион теңгесі кәдеге аспаған. Ал еліміздің Ұлттық қоры есебінен бөлінген нысаналы трансферттер бойынша 413,2 миллион теңге игерілмей қалып отыр. Облыс бюджетінің меншікті кірістері де жоспардан 1 миллиард 10,4 миллион теңгеге кем орындалған. Облыс бойынша жоспардағы 250 миллиард 289,6 миллион теңгенің 90,6 пайызы игеріліп, 23 миллиард 458,4 миллион теңгесі игерілмеген.
Облыстық бюджет шығыстары бойынша 11 миллиард 793,7 миллион теңге игерілмеген. ҚР Ұлттық қоры есебінен бөлінген нысаналы трансферттер бойынша жоспар 90,7 пайызға орындалыпты. Мұнда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 627,5 миллион теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2,3 миллион теңге игерусіз қалған.
Әр аудан әкімі мен кейбір мекеме басшыларынан қаржының толық игерілмеуінің себебін сұраған облыс басшысына тиісті лауазым иелері жыл соңына дейін көрсеткішті 100 пайызға жеткізетіндіктерін айтып, сендірді.

Облысқа бөлінген қаржы қомақты

Келер жылғы облыстық бюджет кірістері 208,3 миллиард теңгеге жоспарланған, оның 12,2 пайызы өзіндік кірістерге тиесілі.
Өзіндік кірістердің құрылымында салықтық түсімдер – 20, салықтық емес түсімдер – 1,4 миллиард теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 500 миллион теңге көлемінде жоспарланған.
«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасына сәйкес, алдағы жылы облысымызға республикалық бюджеттен 187 498,6 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер – 8 492,3, нысаналы даму трансферттері – 15 930,6, кредиттер – 3 268,0, дамуға кредиттер – 1 786,5, субвенция 158 021,2 миллион теңге мөлшерінде екендігін айтқан басқарма басшысы Г.Жауынбекова әрі қарай әр аудан мен қалаға, онда бой көтеретін құрылыс нысандарына бөлінетін қаржы көлеміне жеке-жеке тоқталып өтті.
Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі тағы да бірқатар ағымдағы мәселелерді пысықтап, орынбасарлары мен құзырлы орын басшыларына тапсырмалар берді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support