- Advertisement -

Жерді игеруге жауапкершілік қажет

143

- Advertisement -

IMG_8500Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті ХVІІІ сессиясында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы талқыланып, бірнеше өзекті мәселелер қаралды. Сессияға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.

Жиын марапаттаудан басталып, Қазақстанның Тәуелсіздігінің 26 жылдығына және 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай бірқатар депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерге «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаты тапсырылды. Аталған үкіметтік емес ұйымның облыстық филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруды мақсат тұтқан «Жаңарудың» жұмысына белсенді қатысқан жоғары азаматтық ұстанымдағы Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Бақтияр Алдашов, Арман Еділбаев, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековті марапаттады.
Депутат Махамбет Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен сессияда күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылғы облыстық бюджет кірістері 208,3 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның 22 миллиард теңгесі немесе 12,2 пайызы өзіндік кірістерге тиесілі. Өзіндік кірістердің құрылымында салықтық түсімдер – 20 миллиард теңге, салықтық емес түсімдер – 1,4 миллиард теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 500 миллион теңгені құрайды. Ал облыстық бюджет шығындарының жалпы көлемі 206,7 миллиард теңге екен.
Депутаттар 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын бірауыздан бекітті. Бір айта кететіні, жобада әлеуметтік саланың әлеуетін арттыра түсетін жоспарлар қарастырылған. Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Масат Беріктің айтуынша, 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасында 2018 жылы салынатын білім нысандарына – республикалық бюджеттен 2,5 миллиард, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге, Тараз қаласында бой көтеретін 200 орындық облыстық онкологиялық диспансер құрылысына республикалық бюджеттен – 250 миллион теңге, бір дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік және 6 медициналық пункт құрылысына жергілікті бюджеттен 655,5 миллион теңге бөлу көзделуде. Сондай-ақ, 6 спорт нысанының құрылысын аяқтауға 1,2 миллиард, Талас, Сарысу аудандарының бірнеше ауылдарын газдандыруға 2 миллиард (оның 344,6 миллионы облыстық бюджеттен) теңге бөлінбек.
Сессияда қаралған мәселелердің бірі – жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерді тұрғындардың қажетіне қарай жоспарлау ісі. Осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев баяндама жасады.
Дерекке сүйенсек, облыстың жер көлемі 14 миллион 426 мың гектарды құрайды. Оның 72 пайызы – тауарлы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлер. Ал тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу мақсатында айналымға түскен жерлердің аумағы 6 миллион 119 мың гектар екен.
Статистика органдарының мәліметіне көз жүгіртсек, өңірде мал саны 1991 жылғы деңгейге жуықтаған. Ал төрт түлікті көбейте түсу үшін жайылымдарды пайдалануды ретке келтіру керек. Себебі, жайлымдарды пайдаланудың қалыптасқан маусымдық жүйесінің бұзылуы және алыс мал жайылымдарының қолданыстан шығып қалуы – ауыл іргесіндегі жайылымдардың тозуына әкеліп соғуда. Осы қалыптасқан жағдайды реттеу үшін елімізде «Жайылымдар туралы» Заң қабылданғаны да белгілі. Сондықтан, аудандық өкілетті және атқарушы органдар бірлесіп, әрбір ауылдық округтер бойынша геоботаникалық зерттеу нәтижелері негізінде схемалар мен жайылымдарды пайдалану жөніндегі шешім қабылдауы тиіс.
Жиында облыстық мәслихаттың депутаттары Бақтияр Алдашов пен Бақтыбай Саудабаев жер қойнауын тиімді пайдалану жөнінде ой-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза жерлерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді қажетіне қарай жоспарлау бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндады.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелердің бәрі қаралып, шешімдер қабылданды.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support