- Advertisement -

Ұлттық валюта ұлықталды

216

- Advertisement -

IMG_1638-15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілген күні. Осы күн елімізде қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтіледі. Қаржыгерлердің осынау кәсіби мерекесі күні ҚР Ұлттық банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин бірқатар қаржы саласының ардагерлерін марапаттады.
– Кешегі КСРО-ға мүше елдер ішінде Қазақстан ең соңғы болып рубльдік аймақтан шығарылды. Қазақстан алдында ол кезде жаңа валютаға өтудің екі жолы тұрды. Бірі – басқа да одақтас елдердің тәжірибесіндегідей, екі кезеңді қамтитын реформа еді. Ол бойынша алдымен уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшу керек болды. Қазақстан бұл жолдан бірден бас тартты. Сөйтіп, 1992 жылы жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды.
Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Осы сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болғанын айта кету керек. Бүгінде қазақстандық банкноталар 15 деңгейлі қорғаныс қабатына ие, қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады, – деп атап өтті ол.
– 1992 жылы тамыздың 27-сі Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы соққан. Теңге Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкнот фабрикасында басылды. Ал, алғашқы металл монеталар Германияда әзірленді. 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы шықты. Онда «Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-ден бастап Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы-теңге айналымға енгізілсін; 1993жылғы 18 қарашада сағат 8.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасындағы қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады» – деп көрсетілген, – деді Ұлттық банк жүйесінде 40 жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шыққан Айдайбек Халимбетов.
Қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен – зейнеткер Тамара Антипова және облыс әкімінің Алғыс хатымен зейнеткер Пернекүл Қырықбаева марапатталды. Мекеменің табысты жұмыс істеуіне сіңірген еңбегі және қосқан үлесі, ҰБ жүйесінде істеген ұзақ және мінсіз жұмысы үшін Перт Пономарев «ҚР ҰБ еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, еңбектегі жоғары жетістіктері, кәсіби шеберлігі, қызметтік міндеттерін тиімді орындағаны және көпжылдық адал жұмысы үшін ҰБ төрағасының Алғыс хаттарымен Айгүл Байғұлова мен Қуаныш Оразғалиев, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 3 шілдедегі Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен «KaspiBank» АҚ Тараз қаласындағы филиалының директоры Гүлсара Көлбаева марапатталды. Ішкі істер департаментінің арнайы мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері Жұмағали Күрішбеков пен Виктор Түлеуғалиев Ұлттық банк Жамбыл филиалы директорының Алғыс хатымен марапатталды.
Осы күні ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл филиалы ашық есік күнін өткізді.

Қанат тілепберген,
«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support