- Advertisement -

Өнерін ұлықтаған ел өркен жаяды

142

- Advertisement -

Биылғы жыл қазақ даласы үшін төрткүл дүние жұртын асқақ қала Астанада тоқайластырған жыл болды. Қазақ өнері қашанда биікте. Қасиетті домбыраны күмбірлеткен Құрманғазы, Диналар, қобызды сарнатқан Қорқыт, Ықылас бабалар, дара даусымен Париждің төрінде ән салған Әміре, жыр алыбы Жамбыл, дәстүрлі әннің атасы Кенендер қазақ өнерінің ұлы көшін қалыптастырды.
Иә, күні кешегі Астанада өткен үлкен шара ұлтымыздың өнерін тағы бір жаңғыртқаны даусыз. Биыл өшкенімізді жандырып, тәуелсіздігіміздің арқасында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астана қаласында өткізуге мүмкіндік алдық. Айтулы шара әлемге мемлекетіміздің рухани-мәдени байлығын, жастарымыздың жасампаздығын айғақтағаны сөзсіз. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу Астанамыздың да, тұтас республикамыздың да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына қосымша ынталандырушы күш болғаны рас.
Мемлекеттің дамуы, жас ұрпақтың өзгелерден оза шабуы үшін, экономикалық өрлеумен қоса дәстүріміз бен түпкі тарихи тамырымызды ұлықтауымыз қажет. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деуі тегін емес.
Осыған орай облысымыздың Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен мәдениет күндері қазақтың дәстүрін ұлықтады, бабалар үнін тірілтті, жырларын жарқылдатты, ұлттық өнерімізді Елорда төрінде жаңғыртты. Астана қаласындағы облыс күндері Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи шаһардан бастау алған «Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты этномәдени керуеннің ұлы көшімен басталды. 1300 шақырым жер жол жүріп, жолай бірнеше аудан мен қалаға тоқтап, қазақы ғұрыпқа сай думандатқан керуен бас қалаға үлкен жөн-жоралғымен келіп жетті. Керуеннің «Хан шатырының» алдына тоқтауы мерекенің басталуы еді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов бастаған арнайы делегация және зиялы қауым өкілдері мемлекет тарихының алтын парағында жазылар сәтті бірге тамашалады.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты барлық мекемелер, аудандардың өнер ұжымдары, жамбылдық жастар белсене атсалысқан бескүндікте қазақ ұлтының салт-дәстүрі дәріптеліп, тарлан тарихы қала қонақтары мен туристерге таныстырылды. «Ғашықтар саябағында» облыстық тарихи-өлкетану музейінің жауһар жәдігерлері, өзге де тартуы ел назарына ұсынылды. Облыстық филармонияның өнерпаздары «Әулиеатадан ән шашу!» атты ауқымды концертін қойды.
Облыстық қазақ драма театры «Жастар» театрында жазушы-драматург А.Бекбосынның «Домалақ ене», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», облыстық орыс драма театры М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Г.Фигейредоның «Дон Жуан» қойылымдарын сахналады.
«Қазанат» атшабарындағы этноауылдағы қолөнер шеберлерінің көрмесіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы атбасын бұрып, облысымыздың қолөнер шеберлерінің жұмыстарына жоғары баға берді. Облыстың ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткізген Астанадағы мәдениет күндері, ұлттық болмысымызды насихаттаумен, ұлы дала жырын жырлаумен, төл тарихымызды жаңғыртумен есте қалды. Бұл ұлттық кодымызды сақтауымыз, ұлттық санамызды жаңғыртуымыз! Осылайша, тағы бір айтулы оқиға тарих беттеріне хатталды.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өткендей халқымыздың рухани мәдениетіне, тарихына, ұлттық санасының жоғарылауына, тарихи ескерткіштерімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға, біртұтас ұлт болып қалыптасуға аға буын өкілдері әрдайым жауапты.

Дүйсенәлі Бықыбаев,
облыс әкімдігі мәдениет,
архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support