- Advertisement -

Бір сәби – бір ағаш

173

- Advertisement -

IMG_6661 IMG_6581Халқымыз өмірге келген әрбір шақалақты шаттыққа, құт-берекеге теңеген. Ықылым заманнан бері балаға, жас ұрпаққа ерекше ықыласпен қарап, «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейтін де осы қазақ.
Бабадан келе жатқан игі дәстүр Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында облысымызда әдемі бір жалғасын тапты. Өткен демалыс күндері облыстың барлық перзентханалары ауласында «Бір сәби – бір ағаш» акциясы ұйымдастырылды. Онда сол күні өмірге келген әрбір баланың атынан перзентхана ауласына арнайы ағаш отырғызылып, табиғатқа, анаға құрмет көрсетілді. Іс-шараға, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, қалалық, аудандық әкімдік мүшелері, ардагерлер кеңестерінің ақсақалдары да қатысты. Аулаға ағаштар отырғызылған соң сол ағаштардың паспорты жас аналарға арнайы тапсырылды. Осы күні жалпы саны 615 ағаш отырғызылды.
– Акцияның мақсаты – дүниеге жаңа келген нәрестеге «Ағаш бұтақтарындай жайқалып өсіп-өнсін» деген ізгі ниет білдіру және Мемлекет басшысының «Егер біздің азаматтарымыз өздерінің ауыл маңдарында, өз үйлерінің айналасына, барлық облыстық, қала орталықтарында жыл сайын ағаш отырғызатын болса, біз жасыл ел құрамыз. Мен мұны үлкен іс деп санаймын. Барша қазақстандықтарды жыл сайын ағаш отырғызуға шақырамын» деген тапсырмасын орындау. Акция алдағы уақытта дәстүрлі түрде жүргізіледі деп жоспарлаудамыз. Келесі кезекте балабақшалар мен мектептердегі балаларға арналған ағаштар отырғызу ойымызда бар. Осылайша, жыл өткен сайын бақтың шекарасы кеңейіп, тұрғындардың демалыс орнына айналады деп күтілуде, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.
Айта кетейік, облыс бойынша тек қазан айының өзінде 3000-ға жуық, ал жыл басынан бері 12 000-нан аса нәресте өмір есігін ашқан.

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support