- Advertisement -

Ауылымыз ажарлана түсті

125

- Advertisement -

Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек ауылдарында қазіргі таңда 1658 адам тұрады. Ауылдарымыздың жағдайы жылдан-жылға жақсару үстінде. Оларды әлеуметтік дамыту бойынша атқарылған істер ауқымды. Бұл іске соңғы жылдары үкіметтің ауыл әкімдерінің құзырына мол мүмкіндіктер беруінің де себі тиюде. Біз осы мүмкіндікті мүлт жібермей, нақты істе пайдаланып, тұрғындардың талап-тілектерінің үдесінен шығу үшін аянбай тер төгудеміз. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы мен қатар өндірісі де өркендеуде екендігі әмбеге аян. Кәсіпорындар көбейгелі жергілікті тұрғандардың да жұмыспен қамтылу деңгейі өсті. Округте халықтың еңбек бөлінісіне қарай зейнеткерлер саны 149 адамды құраса, олардың 150-і білім, 62-сі балабақша, 12-сі денсаулық, 12-сі орман шаруашылығы, 9-ы мәдениет, 43-і шаруашылық пен кәсіпкерлік, 27-сі өндіріс салаларында жұмыс істейді.
Тағы бір айта кетерлік жай, бір ғана округіміздің өзінде «Алтын» және «Күміс» алқалардың иегері атанған 58 ана бар. Мықты ұлттың саламатты ұрпақтан өрбитіні белгілі. Сондықтан да ана мен бала мәселесі басты назарда ұсталынуда. Үстіміздегі жылдың 9 айында балалар жәрдемақысы 31 отбасының 163 баласына төленіп берілді. Округ құрамындағы үш елді мекенде үш дәрігерлік тірек пункті және бір жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді. Ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында жүкті әйелдер үнемі бақылауға алынған. Осы аталған 9 айда 28 сәби дүние есігін ашты. Ақ желеңді абзал жандар ана мен бала денсаулығын басты назарда ұстауда. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға округ әкімінің ұсынысымен әлеуметтік жәрдемдер көрсетілуде.
Ауылдың көркі тазалығынан көрінері хақ. Сондықтан округте көктемгі, күзгі көгалдандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтарына байланысты адам өміріне қауіпті 100 түп ағаш кесіліп, 240 түп тал-дарақтың түбі әктелді.
Қысқы жылыту кезеңіне округтегі балабақшалар мен мекемелер сақадай-сай әзір тұр. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов атындағы мектептер мен «Балауса», «Айгөлек» балабақшаларының денінің қысқа қажетті қатты отын қоры қажетті деңгейде жинақталды. «Айгөлек» балабақшасының 900 мың теңгеге асхана мен азық-түлік қоймасының шатыры жаңартылды.
Округ тұрғындарының әл-ауқатының артуы мен тұрмыстық жағдайының жақсаруы ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен тікелей байланысты болып отыр. Мал басының айтарлықтай өсімі бар. Окург бойынша мүйізді ірі қара 5069, қой-ешкі 21 400, жылқы 582 және түйе 30 басқа жетіп отыр. Қыстық малға азықтық жемшөп жеткілікті көлемде дайындалды.
Елбасы өзінің биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін баса айтқаны белгілі. Алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту қажеттігін де ұсынды. Осыған байланысты округ бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде «Сұлу», «Абзал», «Дәулет» ұсақ шаруа қожалықтары кооператив құру жөнінде бір байламға келіп, бүгінде тиісті құжаттарын дайындау үстінде.
Жалпы ауылдықтар есеп беру жиындарында жол мәселесін жиі ауызға алып жатады. Бұл іс біздің де тұрақты назарымызда. Бүгінде Қарабөгет ауылына кіретін ішкі жол жөнделу үстінде. Мойынқұм-Ұланбел тас жолының Сарыөзек ауылынан 22 шақырым жердегі жол және Құмөзек ауылындағы №2 бөлімшеге қатынайтын Сарытөбе көпірі жөнделді. Ал, Сарыөзек ауылынан ескі Байталға қатынайтын жолды су шайып кетуіне байланысты тиісінше қаржы бөлініп, жол биіктеліп қалпына келтірілді.
Шынын айтқанда, бізде ұялы телефон байланысының жағдайы мәз емес. Бұл елдің көптен бергі мұқтажы еді. Қуанышқа орай, Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл мектебі түлектерінің, ауыл мен ауданның бірқатар басшы азаматтарының демеушілігімен жуырда Қылышбай ауылында ұялы телефон мұнарасы тұрғызылды. Енді Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек ауылдарына қажетті аппараттар орнатуға тиісті құжаттар дайындалуда.
Атап өтерлік тағы бір жай, өткен аптада облыс басшысы өңірімізге жұмыс сапары барысында облыс тұрғындарына бір ауылды дамыту, көріктендіру туралы Үндеу жолдағаны жөнінде айтып, «Жыл сайын әр ауданнан бір ауылдан дамытатын болсақ, 10 жылда 100 ауыл, 20 жылда 200 ауыл өсіп, өркендейді. Оны бюджеттің ақшасымен емес, ауылда туып-өскен бақуатты азаматтардың бірігуімен ауылдың ажарын ашу керек» деген ойымен бөліскені белгілі. Аймақ басшысының бұл бастамасын біз де қолдаймыз. Облыста аталған жобаны жүзеге асыру басталып та кетті. Әсіресе, оған біздің ауданымыздан Құмөзек ауылының енуі «құмөзектіктердің» көңіліне айрықша қуаныш сыйлап отыр. Облыс басшысының елге етене жақын әкім ретіндегі осынау үлгілі өнегесі бізді жаңа жетістіктерге жігерлендіруде.

Бағдат САТЫБАЛДИЕВ,
Қарабөгет ауылдық
округінің әкімі.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support