- Advertisement -

Ұстаздар ұстаханасы

129

- Advertisement -

жарты ғасырлық тарихында білім ордасынан
37 мыңнан аса түлек түлеп ұшты

Ұрпақ тәрбиесінің ғылыми қайнары болып табылатын, бетке ұстар, талай даналар мен дараларды білім нәрімен сусындатқан қара шаңырақ – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына жарты ғасыр толып отыр.
1460025123_1ХХІ ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан заңғар заман. Әлемде бүгінде төрт мыңнан астам мамандық бар деп есептеледі. Бірақ, қандай қоғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын, білім саласында мұғалім – шешуші тұлға болып қала беретіні даусыз.
Олай болса, осы мұғалімдер дайындайтын тағылымы терең білім ордасы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тарихы іргетасы қаланған 1967 жылдан басталады. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің №34 Қаулысы шығады. Қаулы негізінде ҚазССР Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігінің №401 бұйрығымен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты ашылады.
Алғаш ашылғанда 500-дей ғана студент білім алған, екі ғана – филология және физика-математика факультеті болған білім ордасында бүгінде профессор-оқытушы құрамы 400 адамды құрайды, оның ішінде 170 қызметкердің ғылыми дәрежесі мен атағы бар. Институтта 15 ғылым докторы және 6 жас PhD доктор қызмет атқарады. Ғылыми дәреже елу пайызды құрайды. Студенттер контингенті – 5920, білім беру қызметі бакалавриаттың 27 мамандығы бойынша жүзеге асырылады.
Бұл оқу орны ел алдындағы негізгі міндетін абыроймен атқарып, мемлекетке қажетті білікті кадр-ұстаздарды тәрбиелеуді басты миссиясы етіп, өзінің 50 жылдық тарихында осы бағыт-бағдарынан ешқашан айныған емес. Жылдар өткен сайын институттың оқытушылар құрамы ғылыми атақтары бар ұлағатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкіндіктері арта түсуде. Осылайша, білім ордасының бұғанасы бекіп, ауқымы кеңейді. Бүгінгі бірегей институтты дамыту әрі кемелдендіру жолында М.Әбжанов, Қ.Тұрдалин, Ғ.Сәйденов, М.Өтелбаев, Б.Дамитов, А.Шұқанов, У.Бишімбаев, Ә.Бектұрғанов, М.Сарыбеков, А.Абдуалы сынды білікті басшылардың үлесі зор екеніне барша куә. Бұл оқу орнын басқарған әрбір ректор озық оқу орындарының қатарына қосу үшін, студенттердің сапалы білім алып, жайлы жатақханада орналасуы үшін маңдай терін төгіп, адал еңбек атқарды. Сондай тұлғалардың арқасында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты бүгінгі деңгейге жетіп отыр.
Педагогикалық кадрларды даярлау бойынша Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жетекші институт болып табылатын Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 50 жылдық тарихында 37 мыңнан аса түлекке сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, ұлт зиялыларының қатарында ұлағатты ұстаздардың көбеюіне үлкен үлес қосты. Солардың ішінде бүгінде облысымыздағы 450 мектептің 200-ге жуығының директорлары осы институттың түлектері.
Мыңдаған шәкіртті тәрбиелеген, бүгінде киелі қара шаңыраққа айналған білім ордасынан тәлім алып, еліміздің түкпір-түкпіріне қанат қаққан әрбір жас маман бар жиған білімдерін жас ұрпаққа, өз халқының игілігіне арнағаны ақиқат. Олардың арасында есімдері көпшілікке белгілі, жұртшылық құрметіне бөленген Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ҚР Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, психология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Оспан Сангилбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, ТарМПИ «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова, «Қазақпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Галина Скрипник, «Казахстанская правда» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі Михаил Те және тағы да басқа белгілі тұлғалар бар. Білім және ғылым экс вице-министрі, кезінде осы институтты басқарған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков те осы оқу орнында білім алды. Өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Дана Маханбаева, Саят Медеуов, Тахмина Әшімбекова, Құрмаш Махан, Бейбіт Сейдуалиева мен кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова сынды түлектер осы институттың мақтанышы ретінде елге танымал.
Ел аузындағы кеше мен бүгінгі айтулы ғалымдарымыз өздерінің ұлттық тарих, педагогика мен жаратылыстану ғылымдарына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы институт қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды.
Біздің ұжым тарихи сабақтастығы мен дәстүрі қалыптасқан білім ордасы. Профессор-оқытушы құрамы тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызын адал орындап, шәкірттерге өз дәрістерін беріп келеді. Қазіргі таңда сапалы да саналы заманауи бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда институт ұжымының өлшеусіз еңбектері жоғары бағаға лайық!
Олардың ішінде Қазақстандық 50 үздік ғалымдардың қатарына енген Мұсахан Мұратбеков, «ҚР Жоғары оқу орындарының Үздік оқытушысы» атанған Клара Бұзаубақова, Темірхан Бижігітов, Махаббат Оспанбаева, Гүлвира Жылқыбекова, институт ардагерлері Сабит Тамаев, Туран Бегалиев, Билібай Муслимов, Пернайым Сағынбекова, Галина Мерщиева, Галина Бедусенко, Кульжамила Жолдасованың есімдері атап өтуге тұрарлық.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп ерекше атап өтті.
Біз білім-ғылым-инновациялар үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз. Біздің ғасыр – инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін кезең.
2010 жылы 17 қыркүйекте институт қазақстандық 30 жоғары оқу орнының қатарында Болоньяда университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Осы арқылы институт өзінің Болон үдерісінің негізгі ұстанымдары: академиялық ұтқырлықты, ЖОО дербестігін, академиялық еркіндікті, білім мен ғылым интеграциясын қолдайтындығын танытты.
Бүгінде Ұлттық рейтингте Қазақстанның үш үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының қатарына еніп отыр.
Педагогикалық білім беруді жаңғырту жүйелі түрде жаңа педагогикалық, әдістемелік, кадрлық, басқарушылық тәжірибесі мен еңбек нарығының заманауи талаптарына негізделуі тиіс. Осы бағытта институтта ауқымды жұмыстар атқарылуда:
– Қос дипломды білім беру бағдарламаларының саны ұлғайды: мәселен, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие», «Математика», «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламалары бойынша Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, жаратылыстану ғылымдары бағытында Шэньси педагогикалық университетімен, тілдер бойынша Чанцзы университетімен келісімшарттар жасалды;
– Бүгінгі күні 12 ғылыми бағыттағы заманауи зертхана, робототехника және кибернетика зертханалары жұмыс істейді;
– 2015 жылы қабылданған үш тілде білім беруді дамытудың Жол картасы аясында үштілді білім беру саясаты жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ТарМПИ 8 мамандық бойынша үш тілді маман дайындауда. Биыл 2-ші жыл 40 үш тілді маман шығарылды;
Соңғы үш жылда институттың 345 ПОҚ алыс және жақын шет елдерде ғылыми тағылымдамадан өтіп, педагогикалық шеберлік Орталығында, «Өрлеу» және тілдік курстарда біліктілігін жоғарлатты;
– 2016 жылдан облыстың мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен педагогтарына арналған Біліктілікті жетілдіру орталығы (ЦПК) өз жұмысын бастады.
Үштілділік саясаты аясында институттың әлеуетті талапкерлері үшін дайындық бөлімі Foundation жұмыс істейді, бүгінде онда 40 тыңдаушы мемлекеттік грант негізінде оқуда;
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 24 студент Еуропалық жоғары оқу орындарында және ұлттық ұтқырлық бағдарламасы аясында ТарМПИ-дың 66 студенті қазақстандық университтерде және ТарМПИ-да 52 студент білім алуда.
– Инновациялық-электронды контентті, онлайн оқыту платформасын қолдану аясы кеңейеді, қазірдің өзінде 65 онлайн оқыту курсы ұсынылып отыр;
– CLIL (Content Language Integrated Learning) технологиясы бойынша оқытылатын пәндердің үлесі артты;
ТарМПИ инновация және ғылыми жобаларын ендіру орталығы болғандықтан өткен оқу жылынан бастап «Балалар университетін» (KIDS UNIVERSITY) ашты.
Институтымыз ғылыми-педагогикалық зерттеу саласы бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр: халықаралық виртуалды G-Global коммуникативтік алаңында институттың ПОҚ 400-ден астам мақаласы жарияланып, G-Global рейтингінде ТарМПИ алғашқы ондықтың қатарына енді; ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру аясында жалпы сомасы 24 миллион теңгені құрайтын 3 бағытта ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, ұлттық ғылымымызды бүкіл әлемге паш ету үшін біздің ЖОО жалпы 49 алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатты. Атап айтқанда, Польшадағы Варшава университетіндегі этнология және мәдени антропология институтымен, Чехияның Томаш Бата атындағы Злин университеті, Түркияның Кастомону мен Карабюк университеттері, Германиядағы Берлиннің тәуелсіз университетінің Түркология институтымен, ҚХР-дағы Солтүстік Батыс ұлттар университетімен және басқа да алыс шетелдердегі 24, сондай-ақ ТМД аумағындағы 19 жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылды. Әсіресе, Қытайдағы оқу орындарымен Ұлы Жібек жолына байланысты бірлескен ғылыми жобалар жасалып жатса, ал Чехияның Злин университетімен «The Eurasian Journal of English Studies (EJES)», Карабюк университетімен «Түрік әлемі» деп аталатын ортақ ғылыми журнал шығаруды жоспарлаудамыз.
Институтта екі үлкен ғылыми орталық жұмыс істейді. Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы негізінен Түркістан өлкесінің тарихына қатысты жеті стратегиялық зерттеу бағытында жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда зерттеу орталығы ұлт-азаттық қозғалыстар, жеке тұлғалар, ортағасырлық мемлекеттер, өлке тарихы сияқты бағыттар бойынша монографиялар шығаруда. Әр шыққан монография менің жеке редакциялығыммен және институттың қаржыландыруы есебінен жарық көруде. Сондай-ақ, осы орталықтан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіне дейін жарық көріп, кейін Кеңес заманында тыйым салынған «Түркістан жинағы» атты журнал қайта жаңғыртылды.
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы. Бұл орталықтың мақсаты – жауынгер жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының академиялық 100 томдық шығармалар жинағын даярлап, әдеби мұрасын келешек ұрпақ қолына рухани ұлттық мұра ретінде ұсыну.
Осыған орай «Бауыржантану» орталығы ф. ғ. д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы жетекшілігімен Б.Момышұлының әдеби мұрасын толық жинастырып, басылымға қайта даярлау және өмірі мен әдеби мұрасы туралы қазақша және бүкіл әлем тілдерінде жазылған деректерді жинастыру міндеттерін орындап, батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 томдық шығармалар жинағын дайындап, баспадан шығарды.
Қазіргі уақытта тың деректер мен архив материалдарын әкеліп жұмысын жалғастыруда.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық мерейтойына орай «Заманауи білім беру тенденциялары: болашаққа көзқарас» атты Бірінші Халықаралық конгресс ұйымдастырылғалы отыр. Осы іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Г.Исимбаева, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ҚР Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері А.Миразова, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, облыс әкімі К.Көкірекбаев,ҚР Ұлттық Академиясының президенті М.Жұрынов, сондай-ақ, ел қалаулылары мен ұлт зиялылары, еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары, осы институтты басқарған ректорлар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген танымал түлектер және Болгария, Чехия, Германия, Түркия, Қырғыз Республикасы сынды шет елдік жоғарғы оқу орындарының профессорлары қатысады деп күтілуде.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 50 жылдан бері еліміздің әр аймағынан жастарға әр саланың қыр-сырын оқытып, білікті маман дайындап қана қоймай, өн бойларына біліктілікпен қатар, ибалылық, инабаттылықты, жігерлікті сіңіріп, дәстүрден таймай, әр студенттің сегіз қырлы бір сырлы болуы үшін ерен еңбек етіп, мойындарына ұрпақ тәрбиелеу деген зор сенімді тапсырып келе жатқан киелі орда.
50 жылдық белесті бағындырып отырған институт ұжымы осы ауқымды бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруда білім, ғылым жəне тәрбие саласында қарқынды жұмыс істеуді одан әрі жалғастыруды алға қойып отыр.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support