- Advertisement -

Сүйінші! Өмірге үшем келді!

210

- Advertisement -

биылғы жылдың 9 айында 4910 әйел босанып, оның
109-ы егіз тапты. Екі ана үшем туды. айдана – үшінші үшемнің анасы

Өмірге үшем келді! Қандай қуанышты хабар еді. Жағымды жаңалықты ести сала облыстық перинаталдық орталығына құстай ұшқанбыз. Елбасы қамқорлығымен салынған аумағы өте үлкен ғимаратты шыр көбелек айналып жүрміз. Бір кезде қызыл-жасыл шарға оранған екі жеңіл автокөлікті көзіміз шалды. Айналасы адамға толы. Жақындағанда байқадық, көліктердің терезесіне «Қош келдіңдер, ханымдар!» деген үлкен жазу жазылған екен. «Ханымдар осы жерде ме?» деп жатырмыз. «Иә, дәл келдіңіздер!» деп көңілдері қуанышқа толы азаматтар жарыса жауап берді.
Сәбилердің атасы да, әжесі де осында. Алдымен әулеттің басшысы Жылқыбай Қырбасовты құттықтадық.
«Өте қуаныштымын. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тұрамыз. Құдайдың бергені ғой, бес ұл-қызым бар. Биылғы жылдың қаңтар айында отау құрған кенже баламның шаңырағында үшем өмірге келіп отыр. Осы кезге дейін де бұйырған немерем бар еді, Аллаға шүкір енді 25 немерелі болдық. Апасының сұрап білуінше сәбилердің денсаулығы жақсы. Бұдан асқан қуаныш болмайтын шығар. Мемлекеті­міздің мүмкін­дігімен салынған осынау ірі орталықтың қызметіне ризамын», – деді ол.
Үшемнің әжесі Кенжекүл Қырбасова да қуанып, құстай ұшып жүр. Жастау кезінде бұл кісі де өмірге егіз перзент әкелген екен. Сондықтан келінінің жанын түсінетіні байқалып тұр. Ал үшемнің әкесі Дулат Қырбасовтың қуаныштан есі шығып кетіпті. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып тұр.
«Біз ұзақ жылдан бері бал арасын өсірумен шұғылданып келеміз. Әкем де осы салада, жеке кәсіпкер. Жыл басында шаңырақ көтергенмін. Міне, Алла бұйыртып бірден үш қызға әке болдым. Шаттықтан, бақыттан басым айналып тұр. Маған, әулетімізге қуаныш сыйлаған жарым Айданаға өте ризамын. Осы орталықта Айданаға барлық жағдайын жасап, қараған бас дәрігер Айгүл Айтбаеваға, қатардағы дәрігер Эльмира Мұстафаеваға алғысым шексіз. Нәрестелердің денсаулығы қазір қалыпты. Сәбилерімнің есімдерін үлкендермен кеңесіп, Саяна, Раяна, Даяна деп қойып отырмыз. Егіздер біздің әулетімізде де болған. Келіншегім жақта да бар екен. Айдананың нағашы апасы төртемнен (4 баланы бірден) екі рет босанып, 8 баланы өмірге әкелгенінен хабардармыз. Бұл жағдайды Байзақ аудандық әкімдігі де естіп жатыр. Құттықтап, қолдау танытады деген үміттемін. Осында келіп қуанышымызды бөліскен барлық кісілерге, БАҚ өкілдеріне алғысымды білдіремін», – деді жас әке.
Үшемнің анасы Айдана Қабылбекқызының жүзінен шексіз бақыт көрдік. Сәбилердің жағдайына байланысты ол БАҚ өкілдерімен сұхбаттаса алмады. Алайда, еліміздің демографиясын дамытып, үш сәби сыйлап отыр емес пе? Оған бақытты батыр анасың деп риза болдық. Айдана – Жуалы ауданы, Қарасаз ауылының қызы екен.
Орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева да бізбенен ой бөлісті.
«Өмірге үшем келіп жатқанына біз де өте қуаныштымыз. Бірінші босануы болғандықтан жас ананы қолдан босандырдық. Қазіргі таңда Айдана Төлетаеваның денсаулығы жақсы, сәбилердің де денсаулығы қалыпты. Орталықта биылғы жылдың 9 айында 4910 әйел босанды. Соның ішінде 109-ы егіз баланы өмірге әкелді. Екі әйел үшем туды. Айдана – үшінші үшемнің анасы. Аналарымыз бен сәбилеріміз ауырмасын, аман болсын, – деді бас дәрігер.
…Үшемнің қуанышын бөліскен жұрт Сарыкемерді бетке алды. Сарыкемерде сәбилер қуанышы! Омарташылар отбасында той! Араның балын жинаған әулет баланың бәрін аяқтандырып, балдан тәтті немеренің қызығына кенелуде.
Қуаныш ұзағынан болғай!

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support