- Advertisement -

Жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн

134

- Advertisement -

Шәбден
Омарәлиев,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрынғы Жолдауында да, биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.
Әлбетте, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін, бұл – дұрыс қадам әрі еліміз үшін ілгерілеушіліктің негізі. Қалай десек те, белгілі бір өтпелі кезең қажет болатынын, тиісті қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Стратегиялық басым мақсаттар тұрғысынан алғанда, біздің латын әліпбиіне көшуіміз орынды шешім. Себебі, ол біздің мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келеді.
Бастама көтерілді, шешім қабылданды. Енді ұсыныстар мен пікірлер айтылуы шарт. Көп болып атсалысып, әрбіріміз тарихи оқиғадан тысқары қалмағанымыз абзал. Осы ретте мен де өзімнің бірқатар ұсынысымды білдірсем деймін.
Біздің жаңа әліпбиімізді енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – бүкіл әлемдегі зор маңызға ие ағылшын тілін қиындықсыз оқуға жағдай жасау екені сөзсіз. Сол үшін әрбір ағылшын тілі маманы бұл мемлекеттік іске ыждаhаттылықпен қатысуы керек. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан іс. Өркениетті елдің қатарына біз өзіміздің осы жаңа әліпбиімізбен енеміз. Біздің жазған ғылыми еңбектеріміз еш қиындықсыз оқылатын болады. Меніңше 1938 жылы шыққан кітаптардағы латынша әріптерді қолданысқа алғанымыз абзал. Әрине, бәрін емес. Оның бірқатарын жаңа технологияларға қарай үйлестіруіміз де керек. Ол үшін ағылшын тіліне терең бойлап, содан керектісін қолданысқа жаратсақ құба-құп болар еді.
Менің ойымша, қазіргі әліпбиіміздегі өзіміздің қазақи «ә», «ө» әріптерімізді сол күйінде қалдыра берсек деймін. Себебі, ағылшын тілінде итті -a dog дейді. Оқылғанда транскрипция бойынша ә` dog болып оқылады. (ә-нің жоғары жағына ноқат қойылады). Енді «У» әрпінің орнына «W» әрпін алған дұрыс, себебі ағылшын тіліндегі бір саны one болып жазылып, wan-уан болып оқылады. Сол сияқты, мына «J» таңбасын – «Ж» деп оқытқанымыз жөн.(jam-тосап-варенье). Себебі, ағылшын тілінде де «Ж» болып оқытылады. Ал «ю» – әрпін жазуда «wо» таңбасын қолданған жөн болатындай. (two-екі деген сан ағылшынша тю болып оқылады).
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» – деген болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар жоқ емес. Десек те, алаңдауға еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл Елбасының баянды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалып жатқан ғылыми маңызды шара. Елбасы өзі айтқандай мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп түсінбеуіміз керек, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп ұғынғанымыз ләзім. Латын әліпбиіне көшу – сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсінген жөн.
«Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы» – деп Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Мен тіл жанашыры ретінде ұсыныс-пікірлерім осындай. Тиісті мамандар менің ойымды ескеріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support