- Advertisement -

Қоғамдық санаға сілкініс қажет

109

- Advertisement -

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде еліміз екі жаңғыртуды бастан кешірді. Енді, міне, Үшінші жаңғыруды бастап отыр. Алдымызда қоғамдық сананы оятып, оны түбегейлі жаңғыртатын маңызды міндеттер тұр. Оны Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетіп берді.
Бұл мақала ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтетін құнды құжат іспетті болды және де қоғамда үлкен рухани сілкініс туғызғанын айта кету керек. Себебі, кез келген ұлттың дамуы, оның болашағы сол елдің тарихымен байланысты. Ал келешегімізді өткенімізбен ұштастыра отырып жаңғырту – үлкен прогресс. Асыл мұрасынан айырылған халық әрі қарай дами алмай регреске ұшырайды.
Біз ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлік қағидаларын да ұмытпауымыз қажет. Елбасы өз Жолдауында осы аталған қағидаттарға да кеңінен тоқталады. Ол «Мәңгілік Ел» идеясында да көрініс тапқан. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сол идеямен ұштасып жатыр.
Көп ұлтты еліміз бейбіт тұрақтылықта тату-тәтті өмір сүруде. Ұрпақтарының бақытты болашағы жолында еңбек етуде. Сол үшін өздерінің білім, ғылым, еңбек, өндіріс салаларындағы жетістіктерін Қазақстанның дамуына арнап отыр.
Ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту арқылы жарқын болашаққа сеніммен қадам басамыз. Кешегі ата-бабамыз қалдырып кеткен өсиет сөздерді, салт-дәстүрлерді өскелең ұрпақ ұмытпауы тиіс. Онсыз болашақ ұрпақ құлдырауға ұшырайды.
ХХ ғасыр халқымыз үшін өте ауыр кезең болды. Қазан төңкерісі, қолдан жасалған ашаршылық,1930-1940 жылдардағы қуғын-сүргін… жұртты баудай түсірді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Ахмет, Жүсіпбек, Шәкәрім сияқты ұлт зиялылары «Халық жауы» атанып, атылып кетті. Орыстандыру саясаты жүргізіле бастады. Дегенмен, ата-бабаларымыз ар-намыстан айырылмады. Болашаққа сеніммен қарады. Аштық жылдары да имандылық, ар тазалығын сақтай алды. Ұлы Отан соғысында да халқымыздың батыр ұл-қыздары ерліктің үлгісін көрсетті.
Қазір облысымыздың жоғары және орта білім беретін оқу орындарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мәнін жастарға түсіндіру әрі онда айтылған мәселелерді жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында жүйелі түрде іс-шаралар, «дөңгелек үстелдер», конференциялар өткізіліп жатыр. Жас ұрпақтың ортақ мақсат-мүддеге деген жауапкершілігін арттыруды көздейтін шаралар арқылы білімге деген құлшынысын оятып, оларға рухани тәрбие берсек, патриотизм ұғымын тек қана сөз түрінде емес, іс жүзінде жүзеге асыру қажет екенін ұғындырсақ, әрқайсысының бойындағы иман, құрмет, кішіпейілділік сезімін оятсақ, онда мұратымызға жеткеніміз. Білімді азамат жоғарыда аталған қасиеттерді жоғалтпауы тиіс. Ал білім мен тәрбие бірге жүруі қажет.

Равиль Жұмағалиев,
ТарМПИ-дің аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support