- Advertisement -

Үш футболшы екі голдан соқты

79

- Advertisement -

«Қайрат» «Атлантасты» 6:0 есебімен ұтты

Қазақстандық жанкүйерлер сарыла, сағына күткен еуродода маусымы басталып та кетті. Еуропа лигасының 1 кезеңінде топқа түскен қазақстандық клубтардың екеуі жеңіске жетіп, біреуі жеңілістің ащы дәмін татып үлгерді.
Еурокубоктық жорықты алматылық «Қайрат» өте сәтті бастады. Алматыдағы орталық стадионда Литваның «Атлантас» командасын қабылдаған қазақстандық команда қарсыласын 6:0 есебімен күйрете жеңіп, өздерінің шын мықты екендіктерін әйгіледі. «Қайрат» футболшылары бірінші кезеңнің өзінде литвалықтардың қақпасына жауапсыз 4 гол тоғытты. Ойынның 21-минутында Жерар Гоу үш қорғаншыны қапы қалдырып, керемет гол соқса, арада 5 минут өткен соң Андрей Аршавин 11 метрлік айып добынан есепті еселеді. Жарақатына байланысты алаңнан кеткен Георгий Жуковтың орнына алаңға Иво Иличевич шықты. Жасыл алаңға желпініп жеткен Иличевич 30-минутта мергендігімен көзге түсті. Ал ойынның 42-минутында Андрей Аршавин екінші мәрте мергендігімен көзге түсті. Есеп 4:0-ге жеткен соң литвалықтар «шашылып» қалды.
Үзілістен соң «Қайрат» қайтадан қарқынын үдетті. Ойынның елуінші минутында Жерар Гоу да дубль авторы атанды. Ол да 11 метрлік айып добын орындауда мүлт кеткен жоқ. Қос-қос голмен қанжығасын майлаған Гоу мен Аршавиннен Иличевич те қалыс қалған жоқ. Иличевич ойынның 73-минутында өзінің екінші голын соғып, есепті 6:0-ге жеткізді. Осылайша, Алматының «Қайраты» еурододалардағы ең ірі есебін тіркеді. Бұған дейін «Қайрат» Албанияның «Теута» командасын 5:0 есебімен жеңген болатын.
Алматылық «Қайраттың» жеңісті жорығын Павлодардың «Ертіс» командасы жалғады. Болгарияның «Дунав» футбол клубын қабылдаған «Ертіс» ойыншылары қарсыластарынан 1:0 есебімен басым түсті. Гол авторы – Игорь Бугаев (5-минутта). «Қайрат» бір аяғымен екінші кезеңде тұрса, «Ертістің» еурододадағы жорығы Болгариядағы қарымта ойында шешіледі. Жанкүйерлердің өкінішіне қарай Шымкенттің «Ордабасы» командасы алғашқы кездесуді түзде өткізіп, Босния және Герцеговина елінің «Широки Бриег» командасына 2:0 есебімен ұтылып қалды. Енді «Ордабасыны» 6 шілдеде өтетін қарымта ойында тек ірі жеңіс қана келесі кезеңге алып шығады. Еуродода бәсекелері әзірге қазақ жанкүйерлері үшін салыстырмалы түрде айтсақ, жаман басталмаған сыңайлы. Енді қарымта ойындарда қазақстандық клубтар шеберліктерін әйгілейді деген сенімдеміз.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support